Ажал мерзімі мен орнын біле аламыз ба?

Ажал мерзімі мен орнын біле аламыз ба?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла тағала: «Ешкім ертең не істейтінін білмейді және ешкім қай жерде өлерін де білмейді»1, – деген. Яғни, адам баласынан ажал мерзімі мен орны жасырылған. Аятта айтылғандай, ол қашан, қай жерде жан тәсілім ететінін білмейді. Өлім мерзімін құпия ұстауда Алланың өз даналығы бар. Сондықтан адамдар әрдайым өлімге дайын жүруі қажет. Өзінің қашан өлетінін білмейтін адам ылғи да оған әзірленіп, оның қамын жасаумен болуы керек.

Ал егер адам ажал мерзімінен хабардар болса, ол өмір бойы арқасын кеңге салып жүріп, өлім сәтіне таяған кезде ғана жанталасуы мүмкін. Сол үшін де ажал мерзімі адам баласынан құпия ұсталған, оның өлімге әрдайым дайын болуы қажет, ол өзіне белгіленген ажал мерзімі бар екенін және ол келген жағдайда бір сәтке де кешеуілдетілмейтінін түсінуі керек. Алла тағала: «Әр халықтың белгілі бір мерзімі бар. Олар сол мерзімі келгенде бір сәт кешіктірілмейді де ілгерілемейді»2;

«Ей, мүміндер! Сендерді малдарың мен балаларың Алланы еске алудан тоспасын. Кімде-кім мұны істесе, міне, солар зиян шегушілер. Сендерден біреулеріңе өлім келіп: «Раббым! Мені жақын бір мерзімге дейін кешіктірсең, ал мен садақа беріп, ізгілерден болсам», – деуден бұрын өздеріңе берген несібемізден (тиісті орынға) жұмсаңдар. Қашан біреудің ажалы келсе, Алла, оны әсте кешіктірмейді және Алла істегендеріңді толық біледі»3;
«Ақыры олардың біріне өлім келген сәтте: «Раббым! Мені (дүниеге) қайтар! Мүмкін мен қалдырғанымда (дүниеде) жақсы амал істермін», – дейді. Әсте олай емес. Бұл оның айтқан бір бос сөзі. Олардың артында қайта тірілетін күнге дейін барзах бар»1, – деген.

Алла тағала әрбір пенденің өлімі үшін ешкім өзгерте алмайтын уақыт пен мекен дайындайды. Алла тағала: «Әрбір жан (иесі) Алланың рұқсатымен ғана белгіленген жазмыш (ажал) жеткенде өледі»2, – деген.

Адам баласына, ол қай жерде болмасын, өлімнің келуі хақ. Алла тағала: «Қайда болсаңдар да, тіпті биік қорғандарда (яғни, жұлдыздарда) болсаңдар да сендерге өлім жетеді»3, – деген.

Адам баласы қанша сақтансын бәрібір оған белгіленген жерде Алланың өлімі жетеді. Алла тағала ескерте: «(Мұхаммед! Оларға): «Расында, сендер қашқан өлім сөзсіз, сендерге жолығушы», – деп айт»4; «Біз араларыңда өлімді белгіледік. Сондықтан ешкім де Бізден оза алмайды»5, – деген.

Қорыта келгенде, өлімнен ешкім құтыла алмайды және ажал мерзімі Аллаға ғана аян ғайыптың ісі.
Алла елшісі (с.а.с.): «Егер Алла бір жерде пенденің жанын алуды қаласа, оған ол жерде бір қажеттілік жасайды», – деген6. Яғни, оны бір себептермен сол жерге алып барады. 


 

1 «Луқман» сүресі, 34-аят.

2 «Ағраф» сүресі, 34-аят.

3 «Мунафиқун» сүресі, 9-11 аяттар.

5 «Уақиға» сүресі, 60-аят.

6 Ахмад, әт-Тирмизи.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: