Тозақта лайықты жаза алған соң, жаннатқа ауыстырылады деген рас па?

Тозақта лайықты жаза алған соң, жаннатқа ауыстырылады деген рас па?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла елшісі (с.а.с.) таухидте болса да, күнәларға бой ұрып, тәубе қылмай өлгендер жайлы әңгімелеген. Олардың барар жері – тозақ. Бірақ олар тозақта мәңгілік емес, біраз уақытқа қалып, сосын жаннатқа ауысады. Олар – күнәкар мұсылмандар.

Пайғамбар (с.а.с.): «Тозаққа лайықты болған тозақтықтар болса, онда өлмейді де, тірінің де күйін кешпейді. Бірақ күнәларының (немесе қателіктерінің) себебінен тозаққа душар болған адамдарды тозақ олар көмірге айналғанға дейін өлтіреді. (Сосын) шапағат етуге рұқсат етіледі де, олар топ-топ болып әкелінеді. Сөйтіп, олар жаннаттың өзендеріне тасталады. Содан кейін жаннаттықтарға: «Уа, жаннаттықтар, оларға су құйыңдар!» – деп айтылады. (Жаннаттықтар су құйған соң), олар сел әкеп тастаған дән сияқты өніп шығады», – деп айтқан3.

Немесе мына төмендегі хадиске назар аударайық: «Бір адамдар тозақтан Мұхаммедтің шапағатымен шығып, жаннатқа кіреді. Олар «жаһаннамдықтар» деп аталады». Осылайша, «Алланы бір» деп таныған әрбір адам шапағатқа қол жеткізіп, тозақтан құтылады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жүрекке үміт шоғын салатын мына бір хадисіне құлақ салсақ, онда: «Кім: «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтып, жүрегінде арпа дәнінің салмағындай жақсылық болса, тозақтан шығады. Кім: «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтып, жүрегінде бидай дәнінің салмағындай жақсылық болса, тозақтан шығады. Сондай-ақ кім: «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтып, жүрегінде тозаңның салмағындай жақсылық болса, тозақтан шығады», – деп айтылған1.

Алла елшісі (с.а.с.) тозақтан ең соңғы болып шығып, жаннатқа кіретін адамды да сипаттап берген. Ол кісі (с.а.с.): «Жаннатқа ең соңғы кіретін ер адам. Ол бірде жүрсе, бірде (жер бауырлап) еңбектейді. (Шыға берген кезінде) оны бір рет от шалып қалады. Ол шыққан кезінде (тозаққа) бұрылып қарап: «Мені сенен құтқарған аса Ұлы Алла маған әуелгілер мен соңғылардың ішінде ешкімге бермеген нәрсені берді!» – дейді. Сонда оған (алыстан) бір ағаш көрінеді. Ол: «Уа, Раббым! Мені осы ағашқа жақындатшы, саясына көлеңкелеп, суынан ішейін», – дейді. Алла тағала: «Ей, Адам баласы! Оны саған берсем, одан басқасын сұрайтын шығарсың?» – дейді. Ол: «Жоқ, уа, Раббым!» – деп (Аллаға) одан басқа (ешнәрсе) сұрамауға серт береді. (Сөйтіп,) Ұлы Раббысы оның тағатсызданып тұрғанын көріп, кешіріммен қарап, оны ол (ағашқа) жақындатады. Ол ағаш саясында көлеңкелеп, суынан ішеді. Сосын әуелгі (ағаштан) да әдемі бір ағаш көзіне түседі. Ол: «Уа, Раббым! Мені осы (ағашқа) жақындатшы, суынан ішіп, саясына көлеңкелейін. Одан басқаны сұрамаймын», – дейді. (Алла тағала): «Ей, Адам баласы! Маған одан басқаны сұрамауға серт берген жоқ па едің? Сені ол (ағашқа) жақындатсам, одан басқаны сұрайтын шығарсың», – дейді. (Пенде тағы да) одан басқаны сұрамауға серт береді. Ұлы Раббысы оның тағатсызданып тұрғанын көріп, кешіріммен қарап, оны ол (ағашқа) жақындатады. Ол ағаш саясында көлеңкелеп, суынан ішеді. Сосын оған жаннат қақпасының алдындағы бір дарақ көрінеді. Ол алғашқы екеуінен де әдемі еді. Ол (тағы да): «Уа, Раббым! Мені осы (ағашқа) жақындатшы, саясына көлеңкелеп, суынан ішейін. Одан басқаны сұрамаймын», – дейді. (Алла тағала): «Ей, Адам баласы! Маған одан басқаны сұрамауға серт берген жоқ па едің?» – дейді. Ол: «Иә, уа, Раббым! (Енді) одан басқаны сұрамаймын», – дейді. Ұлы Раббысы оның тағатсызданып тұрғанын көріп, кешіріммен қарап, оны ол (ағашқа) жақындатады. (Аллаһ тағала) оны (сол ағашқа) жақындатқан кезде, ол жаннаттықтардың дауыстарын естіп: «Уа, Раббым, мені оған кіргізші!» – деп (жалбарынады. Алла тағала): «Ей, Адам баласы! Сені не разы қылады? Саған дүниені және онымен бірге тағы сол сияқтыны (қосып) берсем, сені разы қылады ма?» – дейді. (Пенде): «Уа, Раббым! Өзің әлемдердің Раббысы бола тұра, мені әжуалап тұрсың ба?» – дейді...».

(Осы жерде хадисті әңгімелеп отырған) Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) күлген және (жанындағыларға): «Менің неге күлгенімді сұрамайсыңдар ма?» – деген. (Адамдар): «Неге күлдің?» – деп (сұрайды). Ол: «(Осы хадисті айтқанда), Алла елшісі (с.а.с.) осылай күлген еді. (Сахабалар): «Неге күлдің, уа, Алланың елшісі?» – деп (сұрағанда), ол (с.а.с.): «(Пенде): «Өзің әлемдердің Раббысы бола тұра, мені әжуалап тұрсың ба?» – деген уақыттағы әлемдердің Раббысының күлгеніне», – деп (жауап берді)», – депті. «...(Сонда Алла тағала әлгіге): «Мен сені әжуалап тұрған жоқпын. Керісінше, Мен қалағаныма құдіреттімін!» – дейді».

Осы хадистің Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятында: «(Сосын) Алла тағала оған: «Мынаны-мынаны сұра», – деп есіне сала отырып, (оның қалаған нәрселерін береді. Пенденің) арман-тілектері таусылған кезде Алла: «Саған осы және дәл осындай он есе (артығымен)!» – дейді. Сосын (пенде жаннаттағы) үйіне кіреді. Сонда оған хор қыздарынан болған екі әйелі кіріп: «Сені бізге тірілтіп берген және бізді саған тірілтіп берген Аллаға мақтау болсын!» – дейді. (Сол кезде пенде): «Маған берілгендей (нәрсе) ешкімге берілмеді!» – деп айтады», – деген.

«Ақырет өткелдері» кітабынан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: