Есептен кейін адамдарға дүниеде жасаған амалдары жазылған дәптерлері таратылады. Әрбір адам баласының көзі тірісінде иықтарында екі періште отырып, оның бар ғұмырында үлкенді-кішілі, жақсылы-жаманды қандай амалдар жасағанын, не істегенін толығымен жазып отырады. Алла тағала осы амал дәптерлері ашылар күнді: «Дәптерлер ашылған сәтте», – деп сипаттаған.
Амал дәптері яки кітабы мүміндердің оң қолына беріледі.
Алла тағала: «Ал енді кімнің дәптері оңынан берілсе, сонда ол дереу жеңіл есеппен есептеледі. Ол отбасына қуанып қайтады», – деген.
Кітабындағы жақсылықтарды көргеннен кейінгі пенденің қуанышы жайлы Алла тағала: «Сонда кімнің кітабы оңынан берілсе, «Алыңдар, кітабымды оқыңдар!» – дейді. Расында, мен осы есепке кездесетінімді ойлап едім. Сонда ол қуанышты тіршілікте, көтеріңкі жаннатта болады, жемістері салбырап тұрады. (Оларға): «Өткен күнде істеген амалдарыңның арқасында ішіңдер, жеңдер, сіңімді болсын», – (делінеді)», – деген.
Ал кәпір немесе екіжүздінің амал дәптері сол қолына немесе арт жағынан беріледі.
Алла тағала ол жөнінде: «Ал кімнің дәптері арт жақтан берілсе, сонда ол дереу өлім шақырады. Қайнаған тозаққа түседі», – деген.
Амал дәптері сол қолына берілгеннің қатты уайымға түсетіні жайлы Алла тағала: «Ал енді кімнің кітабы сол жағынан берілсе: «Әттеген-ай! Кітабым берілмесе еді! Есебімнің не екенін білмесем екен! Әттең! Іс бітіп кеткен болса еді. Малым маған еш пайда бермеді. Күш-қуатым жойылып кетті», – дейді. «Оны ұстаңдар да байлаңдар. Сосын оны тозаққа салыңдар. Одан кейін оны жетпіс құлаш шынжырмен матаңдар», – (делінеді)», – деген.
Пенделерге кітаптары берілген кезде: «Бұл кітабымыз сендерге шындықты сөйлейді. Өйткені сендердің істегендеріңді жаздырушы едік», – деп айтылады.
Ол кітап туралы Алла тағала: «Үлкен-кіші әр нәрсе жазулы»; «Жер жүзі Раббының нұрымен жарық болады. Кітап (амал дәптері ортаға) қойылады. Пайғамбарлар, куәлар әкелінеді. Олардың араларына ақиқат бойынша үкім етіледі. Олар әділетсіздікке ұшырамайды. Әркімге істегені толық төленеді. Алла олардың не істегендерін жақсы біледі»;
«Амал дәптері алдарына қойылады. Сонда күнәкарлардың одан қорыққанын көресің. Олар: «Әттеген-ай! Бізге нендей өкініш! Мына Кітапта кішкенені де, үлкенді де тастамай-ақ түгендепті», – дейді. Сондай-ақ олар істегендерін әзір табады. Раббың ешкімге әділетсіздік қылмайды», – деген.