Сабырлық танытқандарға өзінің жәрдем беретіндігін Алла көптеген аятта білдірумен қатар, бұл қасиетке үнемі баса назар аударған. Сабыр – маңызы зор жүрек амалы. Бір жағынан алғанда діннің жартысы – шүкір болса, екінші жартысы – сабыр екендігі даусыз. Бір хадисте «сабыр – иманның жартысы» делінеді. Сабырлықпен ғана дін толық болады. Ислам ғалымдары сабырды бірнеше топқа бөліп қарастырған. Солардың ішінде мынадай негізгі топтарға тоқталуға болады:
1. Ғибадатқа сабыр.
Күн сайын бес уақыт намаз оқу алғаш бастаған адамға қиын көрінуі мүмкін. Алайда, сабырлықпен шыдап, рухын намазбен шыңдаған кісіге, нұрландырса, белгілі бір уақыт өте келе бір намазды қаза қылу да үлкен өкінішке айналады. Сонымен қатар, жылына бір рет ораза ұстау, белгілі уақыттарда зекет беру, жағдайы келіп тұрғанда қажылыққа бару, жер бесіктен көр бесікке дейін ілім іздеу, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю секілді ғибадаттардың барлығы үлкен сабырлылықты, асқан төзімділікті, қажымас қажырлылықты талап етеді. Ғибадат − жеке өмірге мән сыйлап, қалыпты тыныс-тіршілік ағынын реттеумен қатар, адамның мәңгілік өмірге жасаған дайындығы болып табылады. Өмірін ғибадат арқылы өрнектеп, өзіндегі әсемдік пен әдеміліктің әрін арттырған адамның жасаған тірлігі де берекетке кенеледі. Ғибадат ақыреттегі мәңгілік бақыт мекені – жаннатқа қол жеткізудегі бірден-бір себеп. Олай болса, пенделікке салынбай, нәпсіге ауыр тигеніне қарамастан асқан сабырлылықпен ғибадат жасау екі дүниенің де бақытын ойлаған ақылды адамның ісі.
2. Күнәға сабыр.
Негізі күнәларды адам баласына әшекейлеп көрсететін – шайтан. Бейне бір ішіне у қосып бал берген секілді. Ондай балды жеген адамның халі қандай болса, нәпсінің жетегінде кетудің ақыры да сондай болмақ. Харам нәрселерге көз жұма білуге асқан сабырлық керек. Алайда, пенде болған соң көбіне адамның көзі харамға түспей тұрмайды. Пайғамбарымыз бірде хазірет Әлиге: «Алғашқы мәрте қарағаның күнә емес. Бірақ, кейінгілері күнә» деу арқылы алғашында көздің қандай да бір харамға еріксіз түсуі күнә болып саналмағанымен, нәпсіге беріліп қайта-қайта әлгі харамға көз тастаудың күнә болып саналатындығын ескерткен. Өйткені, харамға көз салу – көз ілеспес шапшаңдықпен суылдап барып адамның жүрегіне Сабырдың да сан қырлы сатылары бар қадалған улы жебе тәрізді. Ол қадалған жеріне уын жая отырып, жүректі аяусыз жарақаттағанымен қоймай, ішкі жан-дүниенің астаң-кестеңін шығарып, пендені бір сәт күнә жасауға итермелейді. Оған қарсы тұра білу үшін, мықты ерік-жігер, табандылық әрі берік иман қажет. Осы бір жайтты ұқтырған Пайғамбарымыз бір хадисінде: «жаннаттың жолы қиындықтармен, тозақтың жолы нәпсінің қалауларымен көмкерілген», – дейді.
3. Тағдырға, қиындықтарға сабыр.
Өмірдің тәттісімен қоса ащысы, қызығымен қоса қайғысы да бар. Басқа қиындық туғанда «Қылша мойным – талша» деген күйі жүректегі иман нұрымен бойдағы бар күш-қуатты жиып, сабыр сақтап, тағдырға налымау – иман кемелдігінің белгісі. «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, тағдырдың жіберген ауыр сынын да ризашылықпен қабылдау керек. Ондай ауыр сынға сабыр ете білудің қандай болатындығын үйреткен де екі жаһан сәруәрінің (с.а.с.) өзі болатын.
Бір күні Пайғамбарымыз зиярат ету үшін қабірге барғанда, баласы жерленген зираттың жанында шашын жұлып, бетін тырнап, тағдырын қарғап-сілеп күңіреніп отырған бір әйелді көреді. Қасына жақындап оның бұлайша зарлап жоқтауының дұрыс еместігін айтпақ болғанда әлгі әйел долданып: «Менің қандай қайғы- қасірет шегіп отырғанымды сен түсінбейсің, менен аулақ жүр», – деп маңына жолатпайды. Ол Пайғамбарымызды танымаған да еді. Тіпті, әдеп сақтамағандығын өзі де байқамаған-ды. Артынша сахабалар әйелге ол кісінің Мұхаммед пайғамбар екендігін айтқанда, есі шыққан әйел өзін қоярға жер таппай сол мезетте-ақ Пайғамбарымыздың үйіне жетіп барады. Есікті қақпаған күйі ішке баса-көктеп кіріп барып, әлгіндегі қылығына өкініш білдіріп, Пайғамбарымыздан кешірім сұрайды. Сол кезде Пайғамбарымыз: إنَّمَا الصَّبْرُ عِنْد الصَّدْمَةِ الأولي «Сабыр − соққының алғаш тиген сәтінде», – деп ескерткен еді.
Хаттаби бұл жайлы: «Діни тұрғыдан мақталған сабыр – тосыннан тап болған қиындыққа көрсетілген ең алғашқы сабыр. Одан кейінгісі сабырға жатпайды. Өйткені, белгілі бір уақыт өткеннен кейін қандай қиындық болмасын сөзсіз ұмытылады. Адам қиындықты еңсеруімен емес, керісінше сол қиындыққа ұшыраған сәттегі ұстамдылығы мен сабырлылығының арқасында сауапқа ие болады», – дейді. Алайда, бұл дегеніңіз бір жақының қаза болса, көңіліңді босатпайтын, көзіңе жас алғызбайтын тас жүректілікті білдірмесе керек. Өйткені, Пайғамбарымыздың өзі де немерелерінің бірі қалшылдап, өлім аузында қатты ауырып жатқанын көргенде еріксіз көңілі босап, көзінен жас парлаған. Оның мұнысын көрген сахабалардың бірі таңырқап: «Уа, Расулаллаһ бұныңыз не?» дегенде, Рақым пайғамбары: «Бұл – Алла тағаланың құлдарының жүрегіне салған мейірімі. Алла мейірімді құлдарына өз мейірімін төгеді», – деген еді. Яғни, Алланың басқа салғанына наразылық танытпай-ақ жылауға болады. Өйткені, көңілдің босауы – адам бойына о баста дарыған мейірімділік, жанашырлық сезімінен өрбиді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): عَجَبًا مِألَْرِ الْمُؤْمِنِ إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ خَيْرٌ وَلَيْسَ ذَاكَ حِألََدٍ إِ لِلْمُؤْمِنِ إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ صَبَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ
«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді − бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады − бұл оған қайырлы», деу арқылы мұсылман қауымды шүкіршілік пен сабырлылыққа тәрбиелей отырып, жақсылық пен жамандыққа тап болғанда ұстамдылық танытудың шеңберін сызып берген еді.
Өмірдегі сынақ әр қилы. Алла құлдарына ауру-сырқау беріп те сынайды. Егер кісі сырқатқа шалдыққан кезде тағдырға налудың орнына, қайта шүкіршілік етіп, ел-жұртқа шағым айтып арызданбай шыдамдылық көрсете білсе, оның әр сағаты бір күндік ғибадат сауабына теңеліп, өмірі де берекетке кенелмек. Науқас адамның күналардан арылуына, рухани тұрғыда кіршіксіз тазаруына себеп болады. Сілкігенде бірі қалмай жапырағы төгіліп түскен ағаш тәрізді, дененің сырқат меңзеген кезінде қалтырауы бойдағы барша күнә атаулыны төгеді.
Пайғамбарымыз: «Қапыда сүйіктісінен (перзентінен) айырылса да сабыр етіп, қарымын Алладан күткен мүмін құлға Алла ең жоқ дегенде жаннатты тарту етеді, сый-сияпаттың одан төменіне разы болмайды»,– деу арқылы ең жақсы көрген ет жақын адамы көз жұмса да мүмін құлдың сабыр сақтауы керектігін үйретеді. Негізі, адамдағы сабырлық қасиеті барлық қиындық атаулыға төтеп беруге, барлық ауыртпалықтарды жеңуге жеткілікті. Кісі тағатсыздық танытып, сабырсыздыққа салынған сайын қиындыққа төзу қабілеті азая түседі. Мысалы, емделіп жүрген науқасқа дәрігер он күн бойы тамақ ішпеу керектігін айтса, өз денсаулығын ойлаған әлгі адам қайтсе де оған шыдайды. Кей кісілер тек қана су ішкен күйі аштыққа отыз-қырық күнге дейін шыдай алады. Демек, адам бойындағы сабыр мен төзімнің күші орасан зор. Алайда, шыдамсыздық пен тағатсыздық салдарынан көп адам қиындыққа шыдас бермей, соңында нәпсінің ырқына жығылып жатады. Мүмін адам қандай да бір қиындыққа душар болған кезде немесе сүйгенінен айырылған жағдайда мына аятты оқу арқылы көңіліне жұбаныш сыйлап, жүрегіне тоқтау салғаны жөн: ﴿وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ الَّذِينَ إِذَا أَصَابَتْهُم مُّصِيبَةٌ قَالُواْ إِنَّا وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعونَ﴾ «Бастарына қиындық, қайғы-қасірет келген кезде сабырлылық танытып «Біз Алладан келдік және Оған қайтып ораламыз» дегендерді сүйіншіле». Шын мәнінде, барлық болмыс атаулының қайта айналып, әйтеуір, түбінде Жаратушының өзіне барары хақ. О баста бәрін Беруші де, кейіннен қайтарып Алушы да құдыреті күшті – Алла тағаланың өзі болғандықтан, не нәрсеге болсын уақытша аманат ретінде қарай білгеніміз жөн.
Сабыр жайлы төмендегі сөздер хазірет Әлиге тән: «Адам денесінде бастың орны қандай болса, иман тұрғысынан алғанда сабырдың орны да дәл сондай». Сабырдың ауырлығымен қоса оның артықшылығы жайлы «Сабырдың уын жұтымдап ішіп, оны бойыңа сіңір. Егер сабыр сені өлтірсе шейіт боласың, егер аман қалсаң ұлық боп өмір сүресің» делінеді. Яғни, басқа келген қиындыққа барынша төзіп, сабырлық танытып тағдырға ризашылығын білдірсе, кісі шейіт болады, ал ол қиындық өтіп орнына жақсылық келген жағдайда, Жаратушының алдында мол сыйға бөленіп, мақталған құлдардың қатарынан орын алады. «Ең көркем сабырмен сабырлық көрсет» деп «Маариж» сүресінің 5-аятында айтылған ұлық сабыр – қандай да бір апатқа, қиындыққа тап болған адамды халықтың арасында сыр бермеуге шақырады. Әбу Һурайрадан жеткен бір хадисте: «Күштілік күресте анықталмайды. Нағыз күшті адам – ашуланған кезде ашуын жеңе білген адам», – дейді. Күштіліктің негізгі өлшемі − сабырлық пен төзімділік.
Негізінен басқа келген қиындықтар мен қасірет-қайғының бәрі – түпкі мақсатпен салыстырғанда тым мардымсыз. Біз байдың қызына ғашық болған тазша баладай Алланың шексіз жаннатын талап етудеміз. Талап етілген нәрсенің өте құнды екені сөзсіз. Құндылығы соншалық, оның бір сағаты дүниедегі бақытқа кенеліп өткен мың жылдық фәни өмірден артық. Сонымен қатар, Алланың дидарын көру бар. Міне, осы межеге жету үшін бәріне шыдап, қиындықтарға төтеп бере білу керек. Сабыр –толық иманның белгісі.
Алау ӘДІЛБАЕВ