Сүйіспеншілік, табыс және байлық

Сүйіспеншілік, табыс және байлық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір әйел үйінен сыртқа шыға бергені сол екен, есігінің алдында нұрлы жүзді үш қарияны көреді. ариялардың жүзінен шаршап-шалдыққандары белгілі еді. Қарындары да ашқан шығар деген оймен әйел:

− Сіздерді жыға танымадым, дегенмен шаршаған сияқтысыздар. Үйге кіріп тынығып алыңыздар. Сіздерге ыстық тамақ әзірлейін, – дейді.

Қариялар:
− Отағасы үйде ме? – деп сұрады.

− Жоқ, әлі жұмыстан келген жоқ.

− Е, олай болса, отағасы келсін, сосын кірерміз, – дейді қариялар. Күйеуі жұмыстан оралған соң, әйелі болған жайды баяндап береді. Күйеуі:

− Қонақ − үйдің құты емес пе? Дереу шақырып кел, ас ішіп, әлденіп алсын, − деді ашық-жарқын көңілмен. Күйеуінің құптағанын көріп, әйел жүгіріп сыртқа шықты. Қариялар әлі отыр екен.

− Отағасы келді, сіздерді үйге шақырып жатыр, – дейді әйел қуана. Сонда қариялардың бірі орнынан тұрып:

− Біз үшеуміз үйге бірге кірмейміз. Мына жанымдағы қарияның аты – Байлық. Ал мына кісі – Табыс. Менің атым

– Сүйіспеншілік. Барып күйеуіңмен ақылдас, қайсымызды шақыратындарыңды сосын айтарсыңдар, – дейді. Әйел қарияның айтқанын күйеуіне жеткізеді. Сонда күйеуі:

− Қандай тамаша! Байлықты шақырайық, үйіміз байлыққа толсын, – дейді. Ал әйелі болса:

− Неге Табысты шақырмасқа? Ісіміз оңға бассын, – дейді қарсылық білдіріп. Сол кезде бір шетте ата-анасының әңгімесін тыңдап тұрған бүлдіршін қыз:

− Сүйіспеншілікті шақырсақ болмай ма? Сонда үйіміз сүйіспеншілікке, сыйластыққа бөленер, – дейді. Қызының сөзіне бір сәт ойланып қалған әкесі:

− Қызымыз дұрыс айтады. Әуелі, Сүйіспеншілікті шақыр. Ол біздің қонағымыз болсын, – дейді. Мұндай шешімге сүйсінген әйел, асығыс басып сыртқа шығады. Шығуын шыққанымен, шешімдерін айтуға қысылыңқырап, бәсеңдеу үнмен:

− Кешіріңіздер, біз Сүйіспеншілікті шақыруды дұрыс көрдік, – дейді. Сол сәтте үш қария да орындарынан тұрып, үйге кіруге қамданады. Әйел:

− Мен тек Сүйіспеншілікті шақырдым. Сіздер үшеуіңіз үйге бірге кірмейміз деп едіңіздер ғой, – дейді түсінбеген кейіппен. Сонда Сүйіспеншілік атты қария күлімсіреген жүзбен былай дейді:

− Егер сендер Табысты немесе Байлықты шақырғандарыңда қалған екеуміз сыртта қалар едік. Алайда сендер бірінші мені шақырдыңдар. Ал мен қайда барсам да, Табыс пен Байлық менімен бірге еріп жүреді.
Иә, сүйіспеншілік шаңыраққа енсе, байлық та, табыс та қоса енеді. Әрі табыс пен байлық тек қана материалдық  нәрселермен өлшенбейді ғой! Олай болса, таңдау сізде.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: