Қияметтің үлкен белгілерінің бірі – күннің батыстан шығуы. Құранда Алла тағала: «Раббыңның белгілерінің кейбірі келген күні бұрыннан иман келтірмеген немесе сенімі бойынша бір қайыр істемеген біреудің иманы пайда бермейді», – деген\1\.
Имам Ахмад Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.) «Раббыңның белгілерінің кейбірі келген күні біреудің иманы пайда бермейді» деген аятқа қатысты: «(Ол) – күннің батыстан шығуы», – деп айтқан.
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Күн батыстан шықпайынша, Қиямет келмейді. Егер (күн батыстан) шықса, оны адамдар көріп, барлығы иманға келеді. Ол – бұрыннан иман келтірмеген немесе сенімі бойынша бір қайыр істемеген біреудің иманы пайда бермейтін кез», – деген\2\.
Күн батыстан шыққаннан кейін тәубеге келу мерзімі тоқтап, мұнан кейінгі тәубе қабыл болмайды. Мүмін мүмін, кәпір кәпір күйінде қалады. Бізге тәубенің екі жағдайда қабыл болмайтындығы белгілі, оның бірі – жан алқымға келген сәтте, енді бірі – күн батыстан шыққаннан соң.
Пайғамбар (с.а.с.): «Шын мәнінде, Алла пенденің тәубесін жан алқымға келгенше қабылдайды», – деген\3\.
Күн батыстан шыққан соң тіпті күнәкар мұсылманның да тәубесі қабыл болмайды. Қияметтің бұл үлкен белгісін көрген барша адамдар иман келтіріп, ақиқатты мойындайды. Қияметтің анық жақын екендігіне барлық адамның көзі жеткеннен кейін, өмірде «күнәлі жолмен ләззат алуға» деген құштарлық жоғалады, бойдан күш-қуат кетеді. Сол үшін де бұл кездегі тәубе қабыл етілмейді.
Пайғамбар (с.а.с.): «Тәубе қабыл болып тұрғанда һижрат тоқтамайды, ал тәубе күн батыстан шыққанға дейін қабыл болады. Егер (күн батыстан) шықса, жүрекке сол кездегісі таңбаланып, адамдардың (есебіне жазылар) амалдары тоқтайды»\1\;
«Шын мәнінде, Алла тағала тәубе үшін батыста ені жетпіс жыл қашықтықтағы есік жасады. Күн сол жақтан (батыстан) шықпайынша, ол (есік) жабылмайды. Алла тағаланың: «Раббыңның белгілерінің кейбірі келген күні бұрыннан иман келтірмеген немесе сенімі бойынша бір қайыр істемеген біреудің иманы пайда бермейді», – деген сөзі осы», – деген.
hibatulla.kz
_________________________________
1 «Әнғам» сүресі, 158-аят.
2 Әл-Бұхари, Муслим.
3 Ахмад.