Алдынғы жақсылықтан соңғысы қайырлы.

Алдынғы жақсылықтан соңғысы қайырлы.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Араб елдерінің біріндегі мешіт қызметкері айтып берген әңгіме:

«Әрдайым намаздан кейін мешіт алдында тұрып жұртшылықты мешітке Құран үйренуге, тыңдауға шақыратынмын. Бірде жүрісі тәлтіректеген адам мешіт алдынан өтіп бара жатты, әлгі адамды мешітке шақырып едім, артымнан ере бастады. Мен болсам қуанып, бір адам болса да ілескеніне риза болдым.

Мешіттің төбесі аласа еді. Әлгі адам мешітке келіп отырғанда, біраз уақыттан соң арақтың иісі шығып кетті. Мешітте ардайым намаз күтіп отыратын ақсақалдар бірі таяғымен, бірі кебісімен әлгі адамға айғайлап, соға бастады. Мен жүгіріп барып денеммен жапқанда, соққылары маған да тиіп жатты. Мен: «Әй, имам бауырым, көмектес!», – деп айғайлап едім, имам келіп бізді арашалап алды.

Сол сәт мәселені біліп, ол да әлгі адамның  жағасынан алып: «Мынауың не масқара!? Шық мешіттен!», – демесі бар ма. Мен де оған: «Бауырым, үйіңе барып жуынып, тазаланып, ертең келсеңші…», – деп болмаймын. Ол болса: «Жоқ, мен қайтпаймын», – деп отырып алды.

Ақшам намазының уақыты келіп, намазға сапқа тұрсақ, әлгі адам алдыңғы қатардың оң жағынан тұрып алған соң, жамағат одан 2-3 метр алыс тұрып намаз оқи бастадық. Намаздан соң екі жаққа сәлем берсек, әлгі адам әлі сәждеде жатыр. Ұйықтап қалды ма деп қозғасам, қайтыс болып кетіпті. Төбемнен жәй түскендей болып, есімді жия алмай қалдым. Көзімнен жас шығып кеткен күйі имамға жүгіріп барып: «Бауырым, сен де, біз де қаншама жыл намаз оқимыз, бірақ бізге «жәннати өлім» нәсіп болмады ғой?! Бұрынғы өткен жақсылықтан, соңғы сәттегі  жақсылық артық емес пе?!», – дедім.

Осы оқиғадан кейін менің адамдарға деген көзқарасым өзгерді. Адамдардың жүрегіндегіні, имандылығын Алла ғана біледі. Біреуге баға берместен бұрын, өзімізге қарауымыз керек…

Мұсылман адамның иманы – аманатын тапсырғанша жәннатқа кіруге деген үміт пен тозаққа түсуге деген қорқыныш ортасында болуы қажет дегеніміз осы нәрсе екен…

Қ.Қабдолда

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: