Мәсих Дәжжалдың келуі - жер бітіндегі ең сұмдық оқиға.

Мәсих Дәжжалдың келуі - жер бітіндегі ең сұмдық оқиға.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

а) «Дәжжал» сөзінің мағынасы

«Дәжжал» сөзі – өтірікші, алдампаз деген мағынаны білдіреді. Адамзат тарихындағы ең үлкен өтірікші осы Дәжжал болғандықтан, ол бұл есіммен аталған. Сондай-ақ оның Мәсих Дәжжал деген де аты бар. Ибн Әсир: «Оның «Мәсих» деп аталуы – көзінің сипалып, жабылып қалғандығынан, ал «Дәжжал» деп аталуы оның жалғаншы болғандығынан», – деген. Ал Исаның (аләйһис-сәләм) «Мәсих» деп аталуына келсек, ол адамдарды сипап, ауруларын жазатын.

ә) Дәжжалдың сипаттары

Дәжжал Адамның (аләйһис-сәләм) ұрпағынан шығады. Алла тағала оған бірнеше ерекше мүмкіндіктерді беріп, оны адамдарға сынақ үшін жібереді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбеті Дәжжалдың ылаңынан аман қалуы үшін бізге оны сипаттап әрі одан құтылудың жолдарын үйретіп кеткен. Оның сипаттарына келер болсақ, ол – қызыл өңді, қысқа бойлы, қисық аяқ, бұйра басты, ашық маңдайлы, жуан мойынды және оң көзі соқыр ер адам. Оң көзі солған жүзім сияқты, кіріп те кетпеген, әрі шығып та тұрған жоқ. Сол көзін шел басқан. Екі көзінің арасына арабша бөлек-бөлек к - ф - р деп немесе «кәпір» деп жазылған. Оны сауаты болсын, болмасын әрбір мұсылман оқи алады. Сондай-ақ Дәжжалдың ұрпағы болмайды.

б) Дәжжал туралы хадистер

Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Мен түсімде Қағбаны тауап етіп жүр екенмін...», – деген. Сосын Мәриямұлы Исаны (аләйһис-сәләм) көргенін, содан соң Дәжжалды көргенін айтып, оны сипаттап: «Ол – денелі ер кісі, қызыл (түсті), бұйра басты, бір көзі соқыр екен. Оның көзі солған жүзім сияқты», – деген. Сонда (сахабалар): «Бұл Дәжжал хузағалық Ибн Қутнға ұқсайды екен», – депті.

Дәжжал өзін «құдаймын» деп халықты азғырады. Осы себепті де, Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) адамдар арасында Дәжжал туралы айтып тұрып, оның Жаратушы Алла сияқты емес екенін баяндап: «Шын мәнінде, Алла тағаланың бір көзі соқыр емес. Мәсих Дәжжал болса оң көзі соқыр. Көзі солған жүзім сияқты», – деген.

Ән-Наууас ибн Самған (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) Дәжжалды сипаттап: «Ол – көзі солған, шашы өте бұйра жігіт. Оны Абдул-Узза ибн Қутнға ұқсатамын», – деген.

Убада ибн Самит (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Мәсих Дәжжал ер кісі, қысқа бойлы, сұсты, бұйра шашты, бір көзі соқыр, көзі жабылып қалған, (ол көзі) кіріп те кетпеген, шығып та тұрған жоқ. Егер (оны құдай деп) шатасатын болсаңдар, біліп қойыңдар: Раббыларыңның бір көзі соқыр емес», – деген.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «...Ал адасушылықтың Мәсихы (Дәжжал) болса, ол бір көзі соқыр, ашық маңдайлы, кең мойынды, бүкірлеу», – деп айтқан.

Хузайфа (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Дәжжал сол көзі соқыр, шашы қалың», – деген.

Әнәс (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Екі көзінің арасында «кәпір» деп жазылған», – деген.

Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте «оң көзі соқыр» делінсе, Хузайфа (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте «сол көзі соқыр» делінген. Ғұламалар бұл туралы: «Екі көзі де айыпты. Оң көзі көр, солған жүзім сияқты, ал сол көзін шел басқан», – деген.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: