Хузайфа ибн Усайд әл-Ғифари (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сендер Қияметтен бұрын он белгіні көрмей жатып, ол (Қиямет) келмейді: Түтін, Дәжжал, жануар, күннің батыстан шығуы, Мәриямұлы Исаның (аләйһис-сәләм) түсуі, Яжуж-Мажуж, жердің үш рет: шығыста, батыста және Араб түбегінде ойылып түсуі, ол (белгілердің) ең соңғысы – адамдарды (дүниедегі) махшарға жинайтын Йеменнен шығатын от», – деген\1\.
Хузайфа ибн Усайд әл-Ғифаридың (Алла оған разы болсын) риуаят еткен келесі бір хадисінде Пайғамбар (с.а.с.): «Он белгі болмайынша, Қиямет келмейді: Жердің шығыста, батыста және Араб түбегінде ойылып түсуі, түтін, Дәжжал, жер жануары, Яжуж-Мажуж, күннің батыстан шығуы, адамдарды айдайтын Адан\2 \шұқырынан шығатын от және Мәриямұлы Исаның (аләйһис-сәләм) түсуі», – деген\3\.
Жоғарыдағы екі хадистен ұғарымыз, Қияметтің үлкен белгілерінің келу тәртібі туралы кесімді дәлел жоқ. Ғұламалар Қияметтің үлкен белгілерін екі түрге бөледі: оның бірі ақырзаманның жақын қалғандығын көрсетсе, бірі басталғанын білдіреді. Ақырзаманның жақын қалғанын білдіретін белгілер: Дәжжал, Исаның (аләйһис-сәләм) түсуі, Яжуж-Мажуж және үш рет жердің ойылуы. Ал ақырзаманның басталғанын білдіретін белгілер: түтін, күннің батыстан шығуы, жануардың пайда болуы және адамдарды жинайтын от.
Қияметтің үлкен белгілері бой көрсетсе, олар бірінің артын бірі алып, алқаның моншақтары сияқты тізіліп, тез жалғасын табады. Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «(Үлкен) белгілер жіпке тізілген моншақтар сияқты. Егер жіп үзілсе, бірінің артынан бірі түседі», – деген\1\.
Қияметтің он үлкен белгісінің алдында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әулетінен жер бетінде әділ билік жүргізетін имам Мәһди келеді. Енді осы Мәһди туралы бізге жеткен хабарларға көңіл бөлсек:
а) Имам Мәһдидің есімі мен сипаты
Бұл адамның есімі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) есіміндей. Әкесінің есімі де Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әкесінің есіміндей. Яғни Мұхаммед немесе Ахмад ибн Абдуллаһ.
Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Менің әулетімнен бір кісі арабты билемейінше, дүние аяқталмайды. Оның есімі менің есіміме сәйкес, әкесінің есімі әкемнің есіміне сәйкес», – деген\5\.
Имам Мәһди Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қызы Фатиманың (Алла оған разы болсын) ұлы Хасанның (Алла оған разы болсын) нәсілінен шығады.
Умму Сәләмә (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Мәһди – менің отбасымнан, Фатиманың ұлынан», – деп айтқан6.
Ол ашық маңдайлы, бүркіт мұрынды болады. Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Мәһди менен, ашық маңдайлы, бүркіт мұрынды. Жер бетін (өзінен бұрын) зұлымдыққа қалай толған болса, солай әділдікке толтырады. Жеті жыл билік жүргізеді», – деген\4\.
ә) Оның шығатын жері
Ол шығыс жақтан шығады.
Саубан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Үш (адам) қазыналарың\5\үшін қырылысады. Үшеуі де, халифаның ұлдары. (Бірақ) кейіннен олардың ешқайсысына нәсіп етпейді. Сосын шығыс жақтан қара байрақтар көрінеді. Олар сендермен ешкім соғыспағандай соғысады... Егер оны көрсеңдер, қар үстінде еңбектеп келсеңдер де, ант беріңдер. Себебі ол – Алланың халифасы Мәһди», – деп айтқан\6\.
б) Имам Мәһди туралы өзге де хадистер
Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Менің ақырғы үмбетімнен Мәһди шығады. (Оның кезінде) Алла жаңбыр жаудырады, жер өнімін шығарады. Мал-дүние тең беріледі, мал көбейеді және үмбет күшіне мінеді. Ол жеті не сегіз жыл өмір сүреді», – деген\7\.
Сонымен қатар оның (Алла оған разы болсын) риуаят еткен мына бір хадисінде Пайғамбар (с.а.с.): «Сендерді Мәһдидің (келуімен) қуантамын. Ол адамдар арасында (орын алған) қарама-қайшылық пен қия басулар кезінде жіберіледі. Жер бетін, (өзінен бұрын) зұлымдыққа қалай толған болса, солай әділдікке толтырады. Оған аспан мен жер тұрғыны разы болады. Мал-дүние тең бөлінеді... Алла Мұхаммед үмбетінің жүректерін қанағатқа толтырады. Әділдігі кең тарап, оның бұйыруымен бір жаршы: «Мал-дүниеге мұқтаж кім бар?» – деп жар салады. Сонда адамдардан бір кісіден басқа ешкім тұрмайды. (Мәһди оған): «Қазынашыға барып: «Мәһди маған мал-дүние беруіңді бұйырады деп айт!» – дейді. (Қазынашы) оған: «Көсіп ал!» – дейді. Ол иемденіп, алып болған соң: «Мұхаммед үмбетінің ең нәпсісі сараңы болдым, оларға жеткен маған жетпеді ме?» – деп өкініп, қайтарып берсе, одан қайтып алынбайды. Оған: «Біз берген нәрсемізді қайтып алмаймыз!» – делінеді. Жеті-сегіз яки тоғыз жыл осылай болады. Одан кейінгі өмірде қайыр жоқ!» – деген\4\.
Әли (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Мәһди – бізден, пайғамбар әулетінен. Алла оны бір түнде оңдайды», – деп айтқан\4\.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Алла оны бір түнде оңдайды» деген сөзін Ибн Кәсир (Алла оған рақым етсін): «Оның тәубесін қабыл етіп, тура жолға салады. Өйткені ол мұның алдында ондай емес еді», – деп түсіндірген.
"Ақырет өткелдері" кітабынан
- Муслим.
- Йемендегі Араб теңізі жағалауындағы қала.
- Муслим.
- Әбу Дауд, әл-Хаким.
- Қағбаның қазыналары туралы айтылған.
- Ибн Мәжәһ, әл-Хаким.
- Әл-Хакимә