Өтелмей кеткен зекет

Өтелмей кеткен зекет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Салаба есімді сахабаның дү­ние-мүлік­ке, байлыққа құштарлығы ерекше болыпты. Күндіз-түні баюды армандаған ол ақыры Пай­ғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп былай депті:

- О, Алланың Елшісі! Мен үшін «бай болсын» деп Аллаға дұға еті­ңізші!

Пайғамбарымыз оған:

- Шүкірін өтей алатын аз малың шүкірін өтей алмайтын көп малдан артық емес пе? - деп қайтарып жібереді. Салаба екінші рет келеді. Бұл жолы Пайғамбар қабағын түйіп:

- Аллаға ант етейін, егер шын тілесем мына тау мен тастың бәрі маған алтын боп берілер еді, бірақ мен қаламадым, - дейді.

Шындығында, Пайғамбардың үйінде апта бойы, кейде ай бойы тіске басар тамақ табылмаған кездер болған. Алла Елшісі аузын ашарда 3-4 құрмамен шектелетін.

Уақыт өте келе «Байысам, кедей-кепшік­терге қол ұшын беріп, кө­бірек сауап жинамас па едім» деген ойлар мазалаған Салаба Пайғам­бар­ға тағы да қолқа салады. Егер байыса, жарлы-жақыбайларға кө­мек­тесеті­нін айтып, Алланың атымен ант ішеді. Пайғамбар Аллаға дұға жасап, Салабаның малы көбейе бастайды.

Бұрын Пайғамбарымыздың ізімен мешіттен шықпай, үзбей намаз оқитындығы үшін «мешіт құсы» атанып кеткен Салаба мешіт­ке анда-санда ғана бас сұғатын болды, көбіне көп малын игере алмай намазын қаза етіп жүрді. Аз уақытта асып-тасқан малына жаңа жайылымдар іздеген ол тек жұма намаздарына келетінді шығарды.

Бірте-бірте оны да қойды. Осы уақытта зекет-садақа жайлы Алланың аяттары түсіп, әр мұсылман ша­ма-шарқынша өзгелерге көмек­тесіп жатқанда, Салаба:

- Бұларың қып-қызыл адам талау емес пе? - деп малының зекетін өтемей қойды.

Мұны естіген Пайғамбар:

- Қап, Салабаға обал болған екен, - деп мұңайды.

Салаба бір туысының жанына батыра айтуынан соң кедейлердің ақысын беріп, Алла алдындағы күнәсін жумақ боп арық-тұрақ малын айдап Пайғамбарымызға келгенде, ол кісі Алланың тыйымымен Салабаның малын енді қабылдай алмайтынын айтады.

Кейіннен Мұхаммед (с.ғ.с.) дү­ние­ден қайтқанда, одан кейінгі халифалар хазірет Әбубәкір мен ха­зірет Омар да оның зекетін қабылдамады. Хазіреті Оспан тұсында Салаба қайтыс болар алдында құлағында:

«Шүкірін өтей алатын аз малың шүкірін өтей алмайтын көп малдан артық емес пе?» - деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздері жаң­ғырып тұрды.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: