Ислам дінінде асқа да көп көңіл бөлінген. Азықтардың адал-арам болып бөлінуі, харам азықтардың Құран Кәрімде қатаң ескертілуі бізге осыны аңғартады. Бала тәрбиесі тұрғысынан да азықтың маңызды екенін сүннеттен де көруге болады. Бала туылғанда алғаш аузына салатын азығына қатты мән берген Пайғамбарымыз сахабаларына осы райда ескертулер жасаған. Баланың аузына салынатын алғашқы дәмнің құрма сөлі болуын қатты қадағалаған.
Құран Кәрімде баланың сүт ему уақытын екі жыл деп беруі де бізге алғашқы жылдардан-ақ баланың азығына көңіл бөлуімізді ескерткендей. Хадистерде ана сүтіне де көңіл бөлініп, «Сәби үшін ана сүтінен қайырлы сүт жоқ» деген. Ана сүтінің баланың мінез-құлқына әсер ететінін баяндаған. Демек, тамақтану мәселесі баланың дене тәрбиесі үшін де, мінез-құлқы, яғни рухани тәрбиесі үшін де өте маңызды. Сондықтан Ислам дінінде тамақтануға байланысты айтылған өсиеттер мен әмірлерді бала тәрбиесінде де басшылыққа алғанымыз абзал.
Құран Кәрімнің ас мәселесінде бізге жасаған ең маңызды ескертулерінің бірі адал-арамның аражігін ажыратып, адалын ғана жеу екенін жоғарыда да айттық. Құранда бұл жайында: «рызық ретінде берілгендердің тазасын», «таза және адалын жеу» деген әмірлер айтылады. Құранда бір аятта өткенкеткен пайғамбарлардың бәрінің үмбеттеріне таза ырзықтардан жеу әмір етілгені айтылады. Демек, адам баласы жаратылғалы бері ең басты парыздардың бірі – астың адалдығы. Сондай-ақ Құранда адал әрі таза азықты таңдап жеуді мұсылмандықтың басты шарты ретінде көрсетеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде «Харам аспен қоректенген дене ешқашан жаннатқа кіре алмайды» деген. Құран әмірін тыңдап, сүннетпен жүруді тура жол деп қабылдаған алғашқы мұсылмандар байқаусызда харам ас аузына түсіп кетсе, оның бір түйірін де қалдырмай, өздерін құсуға күштеген. Осылайша харам астан бойларын барынша аулақ салған.
Алла тағаланың қоректену мәселесінде айтқан екінші маңызды әмірі – ішу, жеу, бірақ ысырап жасамау. Осы тұрғыда ғұламалар өзі тойса да көзі тоймай ішіп-жеуді ысырап санаған. Пайғамбарымыз шектен шықпай ішіп-жеу жайлы былай деген: «...Адам баласы асқазанын үшке бөлсін: бір бөлігін – тамаққа, екінші рап жасамау әміріне қарап, мұсылман ғалымдар аз жеуді мұсылманға жарасар сипат деп санаған. «Ауру − астан» демекші, көптеген аурудың негізгі себептерінің бірі дұрыс тамақтанбауға келіп тіреледі. Сондықтан мұсылман ғалымдар тамақтануды ләззат үшін емес, саулық үшін керек деп қараған. Олардың пікірінше балаға берілетін тәрбиенің бір тармағы – тамақтану әдебі, тамақ жеудің мақсаты үйретілуі керек деген. Мұсылман ғалымы Ибн Мискәуәйһ бұл жайында былай дейді: «Балаға ең алдымен тамақтану әдебі үйретілуі керек. Тамақтану әдебінде бірінші үйретілетін нәрсе – тамақ жеудің негізгі мақсатын түсіндіру. Бала тамақ жеудегі мақсат ләззат алу емес, денсаулықты сақтау екенін түсінуі керек. Барлық азықтар адам ағзасының саулығы үшін жаратылған. Азықтар бейне-бір ауруды жазу үшін алынған дәрі секілді. Ол – аштықты, аштықтан туындайтын қиындықты жою үшін алынатын дәрі. Дәріні ләззат алу үшін емес ем үшін қабылдағанымыз секілді, тамақты да дененің саулығын сақтайтындай мөлшерде, аштықты басатындай етіп қана жеп, қомағайланбау қажет». Осыған байланысты баланың алдында тамақты мақтауды да бұрынғы мұсылмандар дұрыс көрмеген. Себебі, бала мұндай жағдайда адам баласы үшін ең үлкен бақыт − тәтті, дәмді нәрсе жеу деп ұғады екен. Алғашқы мұсылмандардың өміріне көз жүгіртсек, күнде екі мезгіл тамақтанғандарын көреміз. Бірақ тамақ мәзірлерінде харам астың тысындағы азықтардың бәрін тұтынғанын көруге болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) азықтарды қоректік пайдасына қарай хадистерінде мақтап, сол азықтардан жеуге шақырған. Мысалы, ет, сүт, бал, арпа, бидай, асқабақ, зәйтін майы, тауық, қоян еті, ірімшік, т.б. азықтардың пайдасы хадис-терде айтылған.
Балаларға тамақ жеудің мынадай әдептерін көрсеткен: тамақтан бұрын және кейін қол жуу, тамақты «бисмилләһпен» бастау, дұғамен бітіру, оң қолмен жеу, өзінің алдынан жеу, тамақты жатып жемеу, қолды тіреп отырмау, тамаққа мін айтпау, нанның, тамақтың дастарқанға түскен үгінділерін тастамау, суды үш мәрте бөліп ішу, кесенің сынған жерінен су ішпеу, су құйылған ыдысқа ауызды малып ішпеу, ыдыстардың бетін ашық қалдырмау, тамақты қатты ыстық күйінде жемеу, т.б.
Сүннет бойынша тамақтануға байланысты ұстанымдардың бірі – отбасы мүшелерінің дастарқан басына бірге отыруы. Пайғамбарымыз: «Алла тағала үшін тамақтардың ең сүйкімдісі − көп қол созылған тамақ», «Бәрің бірге жиналып тамақ жеңдер, бөлек-бөлек отырмаңдар, себебі, берекет жамағатта» дейді. Бірде «Қанша тамақ жесек те тоймаймыз, бұл қалай болғаны?» деп сұраған бір сахабаға Пайғамбарымыз: «Бірге жейсіңдер ме, жоқ әлде бөлек-бөлек жейсіңдер ме?» деп сауал қояды. Сахаба: «Бөлек-бөлек жейміз» деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз: «Олай болса, дастарқанға бірге отырыңдар, «бисмилләһ» деп жеңдер, сонда тамақ сендер үшін берекетті болады» деп үйретеді. Пайғамбарымыздың көпшілікпен бірге отырған дастарқан басындағы әдеттерінің бірі – ғибратты әңгімелер айту болатын. Осы сүннетті ұстанған мұсылмандар да дастарқан басында жүрекке жағымды әңгімелердің қозғалуын, ғибратты оқиғалардың баян-далуын дәстүрге айналдырған. Бала тәрбиесі үшін дастарқан басы да − өзінше бір мектеп. Демек осы сәтті пайдаланып, баланың көкірегін ашатын, санасында сабақ болып мәңгі қалатын баянды оқиғаларды айта отырып, әдептілікке, имандылыққа баулуға болады. Баланың қоректенуі өте маңызды. Себебі, алдыңғы бөлімдерде де айтылғандай, дененің өсіп-жетілуі, ойлау қабілетінің дамуы дұрыс қоректенуге байланысты. «Ас − адамның арқауы» деп айтылғандай, жас ұрпақтың да денінің саулығы дұрыс қоректенуге байланысты. Сондықтан хазірет Омар халифа (р.а.) болып тұрған кезінде сәбиге дүниеге келген сәтінен бастап қазынадан ақша бөлген.
Пайғамбарымыздың ата-анаға жасаған ескертуінің бірі – баланың су сұрауына байланысты. Пайғамбарымыз бала су сұрағанда оны күткізбей, түннің жарымында болса да дереу айтқанын орындау керектігін айтады. Ал тамақ сұраған кезде оны күткізуге болады. Бұл оларды ораза ұстауға жаттықтыруға, сабырлы, шыдамды болуға үйретеді.