Тозаққа түсіретін күнәлар

Тозаққа түсіретін күнәлар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

а) Тозақта мәңгі қалдыратын ең үлкен күнәлар

1) Күпірлік және Аллаға серік қосу. Алла тағала: «Расында, кәпір болғандарға (Қиямет күні): «Алланың ашуы, сендердің өз ашуларыңнан зор. Өйткені сендер иманға шақырылған кезде кәпірлік таныттыңдар» деп дауысталады», – деген.
2) Қиямет күніне сенбегендіктен, шариғат міндеттерін орындамау. Алла тағала: «Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?» Олар: «Біз намаз оқушылардан емес едік, міскінді тамақтандырмайтын едік, бұзықтыққа кірісушілермен бірге кірісіп жүрген едік, өзімізге өлім келгенге дейін Қиямет күнін өтірік деген едік», – дейді», – деген.
3) Адасқан, дінсіз басшыларға еріп, Алланың дінінен бет бұру. Алла тағала: «Расында, Алла кәпірлерді лағынет етті және оларға жалындаған тозақты әзірледі. Олар онда мәңгі қалады. Жанашыр да, жәрдемші де таба алмайды. Бет-жүздері от ішінде аударылатын күні: «Әттең, Аллаға бойсұнып, елшіге бағынғанымызда еді! Раббымыз! Біз басшыларымызға, үлкендерімізге бойсұндық та, бізді солар адастырды», – деп айтады», – деген.
4) Мұнафиқ болу. Алла тағала: «Алла мұнафиқтар мен мұнафиқ әйелдерге және кәпірлерге тозақ отын уәде етті. Олар онда мәңгі қалады», – дейді.
5) Менмендігі себепті Алланың аяттарына сенбеу. Алла тағала: «Сондай аяттарымызды өтірік дегендер, оларға менменси қарағандар, солар – тозақтық. Олар онда мәңгі қалады», – деген.
Сондай-ақ Пайғамбар (с.а.с.) жаннат пен тозақ таласқанда: «Тозақ: «Маған озбырлар мен менмендер кіреді», – деп айтады», – деген.
Тозақтықтар көп. Алла тағала: «Расында, оларға деген Ібілістің ойы шынға шығып, бір топ мүміндерден басқасы саған ілесті», – дейді.
Тағы бір аятта Ібіліске: «Әлбетте, тозақты сен және саған ілескендермен, солардың барлығымен толтырамын», – деген.


ә) Тозақ азабына душар ететін күнәлар

Пендені тозақ азабына ұшырататын күнәлар көп. Оның бірі – нақақтан кісі өлтіру. Алла тағала: «Кімде-кім қасақана бір мүмінді өлтірсе, оның жазасы – тозақ. Ол онда мәңгі қалады. Алла оған ашуланып, лағынет етеді және оған ауыр азап әзірлейді», – деген.
Тағы бірі жаны бар нәрселерді мүсіндеу мен бейнелеу. Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні тозақтан бір мойын шығады, оның көретін екі көзі, еститін екі құлағы және сөйлейтін тілі бар. Ол: «Маған үш (түрлі адам) жүктелді: әрбір тоңмойын зорлықшы, әрбір Алламен бірге басқа құдайға дұға қылушы және бейнелеушілер», – деп айтады», – деген.
Тағы бірі, өз-өзіне қол жұмсау.
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Өз-өзін буындырып өлтіргенді тозақта буындырады, өз-өзін шаншып өлтіргенді тозақта шаншиды», – дейді.
Адамның жұртты шариғат құптаған дұрыстыққа шақыра тұра, оны өзі істемеуі де тозақ азабына душар етеді.

Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні бір кісі әкелінеді де, тозаққа тасталады. Оның ішек-қарны ақтарылып, ол (ішектеріне) диірмен тасын тартқан есектей оратылып жатады. Оған тозақтықтар жиналып: «Ей, пәленше! Саған не болды? Бізді дұрыстыққа шақырып, бұрыстықтан тосатын едің ғой?!..» – дейді. Сонда ол: «Рас, мен сендерді дұрыстыққа шақырып, оны өзім істемейтінмін. Сондай-ақ сендерді бұрыстықтан қайтарып, оны өзім істейтінмін», – деп (жауап береді)», – деген.
Дін жолындағы қиындықтарға шыдамай, нәпсі қалауларына еру де тозақ азабына ұшыраудың бірден-бір себебі.

Алла елшісі (с.а.с.): «Алла тағала жаннат пен тозақты жаратқан кезде Жәбірейілді жаннатқа жіберіп: «Барып, оны және онда оның тұрғындарына әзірлегенімді көр», – депті. Сөйтіп, (Жәбірейіл) барып, оны және онда Аллаһтың оның тұрғындарына әзірлегендерін көреді де, қайтып келіп: «Күш-құдіретіңе серт! Оны біреу естісе, оған кірер еді», – дейді. (Алла тағала) бұйрық беріп, (жаннат) қиындықтармен қоршалады. Сосын (Жәбірейілге): «Барып, оны және онда оның тұрғындарына әзірлегенімді көр», – дейді. Сөйтіп, (Жәбірейіл оның қиындықтармен қоршалғанын) көріп, қайтып келген соң: «Күш-құдіретіңе серт! Оған ешкім кіре алмай ма деп қорықтым», – депті. Сосын (Аллаһ тағала) оны тозаққа жіберіп: «Барып, оны және оның тұрғындарына әзірлегенімді көр», – депті. Сөйтіп, (Жәбірейіл барып) көреді, қараса, ол бір-бірінің үстіне мінгесіп жатыр екен. Сосын (Жәбірейіл) қайтып келіп: «Күш-құдіретіңе серт! Оны естіген біреу оған кірмес еді», – дейді. (Алла тағала) бұйрық беріп, ол нәпсі қалауларымен қоршалады. Сосын (Жәбірейілге): «Барып, онда оның тұрғындарына әзірлегенімді көр», – дейді. (Жәбірейіл) барып, оған қараған соң, қайтып келіп: «Күш-құдіретіңе серт! Ешкім оған кірмей құтылмай ма деп қорықтым», – депті», – дейді.

Жалпы алғанда, адамдар жеңілге санайтын кез келген күнә, тіпті ол жан-жануарларға қатысты мейірімсіздік болса да, пендені тозаққа кіргізуі әбден мүмкін.

Әсма (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Қарасам, (тозақта) бір әйелді мысық тырнап жатыр екен. «Мынаған не болған?» – деп (сұраған едім): «Ол (мысықты) аштан өлгенше қамап қойған, оған тамақ та бермеген, жер жәндіктерімен қоректенуі үшін де жібермеген», – деп айтылды», – деген.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: