Аманатты орындау, уәдеде тұру - мұсылмандық

Аманатты орындау, уәдеде тұру - мұсылмандық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аманатқа қиянат ету мен сертке селқостық таныту кісі ақысын аяқ асты ету болып табылады. Хадисте айтылған: «Мұнафықтың белгісі үшеу: өтірік айту, уəдеде тұрмау, аманатқа қиянат жасау». Тағы бір риуаятта «Ораза ұстап, намаз қылса, өзін мүмин деп білсе де» деген сөз қоса айтылған.

«Негізінен Алла тағала сендерге аманатты орындауларыңды жəне басшы бола қалсаңдар əділдікпен билік жүргізулеріңді əмір етеді» дейді Құран кəрім («Ниса» сүресі, 58-аят). Тағы бір аят: «Рас, аманатты (дінді) көк пен жерге жəне тауларға ұсындық. Олар бұл жауапкершіліктен қорқып бас тартты. Оны адам баласына жүктеді», – дейді («Ахзаб»сүресі, 72-аят).

Хузайфа ибнул Йеман (р.а.) мына бір оқиғаны баян етеді: «Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бізге екі нəрсе туралы айтты. Бұлардың біреуін өз көзіммен көрдім, екіншісін күтіп жүрмін. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) əуелі мынаны айтты: «Расында, аманат (адалдық) адам жүрегінің түбіне тамыр жайып орнықты. Сосын Құран түсті. Адамдар Құран мен сүннеттен аманатты үйренді». Содан соң Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) аманаттың (адалдықтың)жоғалатыны туралы айтты: «Адам ұйқыдағы уақытта жүрегінен аманат суырылып алынады, оның болмашы мөлшері ғана қалады. Сосын тағы бір ұйықтағанда жүрегінен аманат басы бүтін алынады, бұл жолы аяғында домалатқан шоқтың ізіндей ісінген дақ пайда болады», –Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) қолына малта тастар алып аяғының үстінен домалатты да,сөзін жалғастырды, – «Нəтижеде адамдар сауда-саттық жасағанда сенетін адам таппай сансырайды. Керек десең, «пəленшенің əулетінде аманатқа адал адам бар екен» деп таңырқай айтатын күнге жетеді. Алда-жалда біреуден адалдықтың ұшқынын байқаса, «қандай батыл, қандай биязы, қандай ақылды адам десеңші» деп, таңдай қағып, тамсанатын болады. Осылай өздері адамдықты көксегенімен, жүректерінде қыша тұқымындай да иман болмайды».

Бір кездері сауда-саттықты кез келгеніңмен жасай беруші едім. Саудада əріптесім мұсылманболса, діні менің ақыма алалық істемейтін. Христиан немесе иудей болса да əкімі менің ақымдыжеп қалған емес. Алайда, бүгінде тек бір-екеуіңмен ғана сауда жасаймын. Иман мен Исламның белгілері ақырзаманда тым көмескіленетінін хадистен білеміз.

Сондықтан болар, қазірде жұрттың көбі діннен ғапыл, кітап пен сүннеттен хабарсыз болып отыр. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Аманаты (адалдығы) жоқ адамның иманы да жоқ», – деген. Иманы келте адамдардың жүрегі көп күнə жасағандықтан, тез қараяды. Сосын мұндайлар табысқа жетер төте жол іздеп, жұрттың ақысын жеп, халықты алдауға көшеді. Сонау Пайғамбарымыздың заманында өмір сүрген сахаба Хузайфа сеніммен қарап сауда жасайтын əріптес табудан қалай қиналса, бүгінде біз де соның кебін киіп, күйін кешіп отырғанымыз жасырын емес.

Алла тағала мен адамдарға берген уəдені бұзбау қажет екенін мына аяттардан аңғарамыз: «Уа, мүминдер, уəделеріңді орындаңдар» («Мəида» сүресі, 1-аят), «Сертті орындаңдар. Сөз жоқ уəде сұралады» («Исра» сүресі, 34-аят). Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бір хадисінде мұнафықтың төрт белгісі барын айта келе:

«Ол берілген аманатқа қиянат жасайды, өтірік айтады, сөзінде тұрмайды, шектен шыға жаулық қылады», – дейді.

«Сертін бұзғандар қиямет күні əшкере болады. Уəдесінен тайғаны үшін бұл пəленшенің опасыздығының ишарасы деп оған байрақ тігіледі» деген Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уəсəл л əм) тағы бір хадисте былай дейді: «Қиямет күні əр опасыздың ту сыртында байрақ орнатылады жəне ол ту опасыздығының шамасына қарай биіктей береді. Біліп қойыңдар, билеушінің опасыздығынан өткен сорақылық жоқ».

Ел басқару үлкен жауапкершілік. Хадистерде басқару ісінің шырғалаңы мол екені, əділ билеушіге жақсылықтың үйіліп-төгілетіні айтылады. Адамдар көлеңке таппай, күйдірген күн көзінен жаны қысылатын қиямет күні Алланың мейірбандық көлеңкесін саялайтын жеті топтың қатарында əділ билеуші де барын айтқан Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Əбу Зарға (р.а.) «билік сұрама» деп мұның ауыр іс екенін меңзеген. Пайғамбарымыздың осы тақырыптағы хадистерін есіл-дерті ел билеуге ауған адамдар мен билік басындағы жуандар көкейіне түйіп, нəтиже шығарса нұр үстіне нұр болар еді. Сайлауда халыққа аста-төк уəде бергендердің мамық орынға қонжиған соң, мейманасы тасып жауапкершілігін ұмытуы кісі ақысын аяқ асты етудің нақ өзі. Басшы қолда бар мүмкіндігін пайдаланып, қоғамның қаны сорғалап тұрған мəселелерін шешудің орнына мардымсыз қолбайлау істермен айналысуы тұтастай елдің ақысын бұзған болып саналады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Мен қияметте мына үшеудің: менің атыммен ант еткен соң уəдесінен танған адамның, азат кісіні құл деп сатып жіберген адамның, жұмысшының еңбегін төлемеген адамның дұшпанымын», – деген.

Аманатты сақтауда асқан ұқыптылық туралы əңгіме Əбу Хубəйб Абдуллаһ ибн Зубəйір (р.а.) былай дейді: «Жəмал соғысы басталатын күні əкем мені шақыртып алды да: «Балам, бүгін өлгендер не қиянатшыл, не жазықсыз болады. Өз басым жазықсыз мерт болып, шейіттердің қатарына қосыламын-ау деп үміттенемін. Бар уайымым төленбеген қарыздарым. Олай-бұлай болып кетсем, малымды сатып қарызымды төлегейсің. Қарыздарымды қайтарғаннан кейін сендерге бірдеңе қала ма, қалай ойлайсың?» – деді. Сосын дүниесінің үштен бірін балаларына өсиет қылып: «Қарыздарым толық төленіп біткен соң да дүние қалса, үште бірі сенің балаларыңа тиесілі», – деді. Сөйтіп, қарызын қайтаруды қайта-қайта тапсырып жатып: «Балам, егер қарызымды төлей алмай қиналсаң, Мəуламнан сұра», – деді. Не дегенін түсіне алмай Мəула дегеніңіз кім? деп сұрадым. «Мəулам – Алла» деді əкем.

Алланың атымен ант етейін, əкемнің сол қарыздарын төлерде қиналып қалсам: «Уа, əкемнің мəуласы, оның қарызын төлеуіме жəрдем бер» деп тілеуші едім. Артынша қолыма ақша түсетін», – дейді.

Зубəйір ешкімнің аманатына қиянат жасамаған, алса да қарызға ыждағатты жан екен. Ертеңін ойлап, алда-жалда майдан алаңында мерт болған жағдайда да бар қарызын қайтаруды баласына өсиет қылған. Абдуллаһ ибн Зубəйір де əкесі өлген соң, мал-мүлкінен шашау шығармай, барлық қарыздарын қайтарып, аманатты ақтаған соң ғана, əке малын мұрагерлеріне бөліске салған. Абдулаһ ибн Зубəйірдің кіндігінен тоғыз ұл, тоғыз қыз тараған екен. Алда-жалда біреуден қарыз алатын болсақ, ешқандай арам ойсыз, құдай қаласа қайтарамын деп алуымыз қажет. Алла тағаланы өзімізге уəкіл (жар) етіп істерімізді соған сеніп тапсыруымыз керек. Тек осы ықылас пен тəуекел ғана жанымыз қысылғанда Алла шапағатынан пана табуымызға сеп болады.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: