Тамшыдай сауап

Тамшыдай сауап

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жуырда жолым түсіп Алматы қала-сы, Наурызбай ауданы, Ақжар мешітіне барып, жақсы істің куәсі болдым.

Анау жолы мешіт жамағатына уақып жөнінде уағыз айтып, сол насихат кезінде Түркиядағы «Санки йедим» («Жегендей болдым») мешітінің салынуы туралы сөз қозғап едім…

Ілгеріде Түркияда бір намазхан адам өз ауылынан қалаға барып жұмыс істейді екен. Түскі ас уақытында түстену орнына келіп, өзі жегісі келген асқа қарап тұрып: «Жегендей болдым», – деп айтып, сабыр етіп, сол түскі асының ақшасын үйіне әкеліп, «Алла жолындағы садақа» деп ашып қойған жәшігіне салып жүреді. Сол қаражат жиналғанда мешіт салуды бастап, қос мұнарасын, алдыңғы михраб жағын салғаннан соң қайтыс болыпты. Алла рахметіне бөлесін!

Тамшыдай сауаптан салынған әлгі мешіт күні бүгінгі дейін сол қалпында, адамдар намаз оқитын, имамы, азаншысы бар ашық аспан астындағы мешіт болыпты. Көпшілік әдейі мешітті аяқтамай қалпында қалдыруы – Аллаға деген махаббаттың рәмізі ретінде  болуы екен.

Осыны естіген Ақжар мешіті жама-ғатынан бір намазхан бауырымыз да үйінде «садақа» жәшігін ашып, бір айда жиналған қаражатына «мешітке кірерде, шығарда оқылатын дұғалар» жазылған тақта жасатыпты деп мешіт имамы Марат бауырымыз қуана айтып берді. Тағы да бір намазхан мешіт қоршауын жасайын деп жүр деп те сүйіншіледі.

Құранда Алла Тағала: «Жақсылықта жарысыңдар…» («Бақара» сүресі, 148-аят), – деп бұйырған. Естігенге амал жасау – мұсылманның ең жақсы сипаты. Алла баршамызға жақсы істер жасауды нәсіп етсін!

Қуат Қабдолда,
дінтанушы

"Ислам және өркениет" газетінен

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: