Ертеде бiр кәпiр ғалым мұсылмандарға келiп «Мен Алланың жоқтығын дәлелдеймiн» деп, олардың араларынан бiр ғалымды айтысуға шақырады. Мұсылмандар күлiп:
- Бiздiң кiшкентай ғалымымыз бар, - деп имам Ағзам Әбу Ханифаны көрсетедi. Бұл кезде имам Ағзам жас бала екен, бiрақ Құранды жатқа бiледi екен.
Бұл хабарды естiп көп адам жиналыпты, кәпiр ғалым мiнбеден орын алып, имам Ағзамды күтедi. Ол кешiгiп келедi. Ғалым оны келе салысымен сөзбен iлiп:
- Кiшкентай ғалым, маған не айтарыңды бiлмей ойланып, кешiгiп жүрсiң бе? - дейдi.
Имам Ағзам:
- Тақсыр, мен өзеннiң арғы бетiнде тұрамын, бер жаққа өтейiн десем, қайық кетiп қалыпты. Мен қайықты күте алмай, бiр ағашқа «қайық бол!» деп едiм, қайық болды. Сонымен бергi бетке өттiм, - дейдi.
Кәпiр ғалым iшек-сiлесi қата күлiп:
- Сен менi ақымақ деп тұрсың ба? Ағаш «қайық бол!» десе, бола қала ма? Ол үшiн ағаш ұстасы қайықты жасауы керек қой? - деп қарсы шығады. Сонда имам Ағзам:
- О, тақсыр, қайық екеш қайыққа да ұста керек екенiн, бiреу жасамаса, өздiгiнен болмайтынын өзiңiз дәлелдедiңiз. Ал бүкiл әлемнiң, адамзаттың Жаратушысы жоқ деп қалай айтасыз? - дейдi. Кәпiр сөзден тосылып, екiншi сұрағын қояды:
- Сен маған Алла Тағаланы көрсет, - дейдi.
Имам Ағзам сүт әкелдiредi де, кәпiрге:
- Мына сүтте май бар ма? - деп сұрайды.
Кәпiр ғалым:
- Бар, - дейдi.
- Соны маған көрсетiңiзшi, - дейдi имам Ағзам.
- Мен қалай көрсетпекпiн? - деп таң қалады ол.
- Сiз маған майды көрсете алмадыңыз. Мен сiзге әлемнiң Қожасын қалай көрсетем? Мен Оның бiр құлымын, менiң өмiрiм Оның қолында. Алла Тағала бұйырады, мен бағынамын. Мен сiзге Алла Тағаланы көрсете алмаймын, - дейдi.
Кәпiр ғалым үшiншi сұрағын қояды:
- Қазiр сенiң Алла Тағалаң не iстеп жатыр?
Сонда Әбу Ханифа ғалымға:
- Мiнбеден түсiңiз, - дейдi. Ол түскенде өзi мiнбеге шығып:
- Тақсыр, сiздiң дәл қазiр мiнбеден түсiп, менiң шығуым - Алланың бұйрығымен болып жатқан iс. Сiз мiнбеден түсем дегенше, мен келем дегенше, Алла жанымызды алуы мүмкiн едi.
Бүкiл әлемнiң тiршiлiгiн қамтамасыз етiп жатқан Алла Тағалаға шүкiршiлiк етейiк, - дептi. Сонда кәпiр ғалым кiшкентай мұсылман ғалымның жауабына тоқтап, Исламды қабылдаған екен.