Қари болғым келеді...

Қари болғым келеді...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бала – ата-ананың қолындағы аманат. Өрендердің таза, пәк жүректері құнды гаухардай. Олардың жүрегі шам балауызы сияқты кез келген пішінге ене алады. Кішкентай кезінде әлі ешқандай пішінге енбеген, құнарлы топырақ секілді. Таза, құнарлы топыраққа қандай дән егілсе, соның жемісі өсіп шығатыны айқын. Яғни, балаларға тәлімі мол тәрбие, имандылық негіздерін үйретсе, дін мен дүние бақытына қол жеткізеді. Бұл дегеніміз перзент – үлкен бір нығмет. Егер нығметтің қадірі білінбесе, қолдан кететіні даусыз. Осы орайда, жақында Жаңақорған аудандық мешітінде тұңғыш мәрте облыс жеткіншектері арасында Құран кәрімді жатқа оқудан жарыс ұйымдастырылды.

Арал қаласынан келген әуезді үнді жас өрендер жаттап алған Құран аяттарын әділ қазылар алқасы алдында мүдірмей, қырағатпен оқыды. Сайыс барысында облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат қажы Омаров жарыстың ең жас қатысушысына айрықша назарын аударды. Ол – жаңақорғандық алты жасар Дінислам Қани еді. Соңыра, бас имам балаға батасын беріп, бауырына қысып, сәттілік тіледі. Әрине, алты жасында аймақтың бетке ұстар қариларының алдында Құранды мүдірмей оқу үлкен мәртебе. Олай дейтінім, жасы жиырмадан асқан жастардың өзі қазының алдына шыққанда білгенін ұмытып, сөзінен жаңылғандары жетерлік.
Дін қызметкерлерінің алдына шыққан Дінислам қазыларға 25 сүре білетінін жеткізді. Одан әрі жаттаған сүрелерінің соңынан, ортасынан, басынан үзінді аяттарды оқуды сұрағанда жиылған қауым қуанышын жасырмады. Себебі, алты жасар қатысушы қазылар алқасының қойған Құран аяттарын дұрыс жалғастырып, өзінің зеректігін танытты.

«Құймақұлақ қари»

Жарыстан соң, әлгі ең жас қатысушы жайлы сұрастырғанымда қызықты ақпаратқа қол жеткіздім. Яғни, алты жасар Дінисламның ұстазы – өзінің әкесі Әлімжан Қаниұлы екен.
– Былтыр күзден бастап аудандық мешітте Мұқан қаридан Құран кәрімнен дәріс алуды бастадым. Әрине, жас кезімізде «ҚУМ саһаба» мешітіне қатысып, шәкірт болғанымыз бар. Десе де, қайталау – бәрінен маңызды. Сондықтан да жаттаған сүрелерімді қайта пысықтап, қаридың дәрісіне қатысуға бел будым. Сол кезде сабаққа келгенде қасыма кішкентай ұлым Дінисламды да ерте келетінмін. Мешітте, үйде жаттап жүрген аяттарымды дауыс шығарып, қайталап жүремін.
Бір күні ұлым үйде өзім жаттаған сүрелерді айна-қатесіз қайталап, оқып жүр. Әлі мектепке де бармаған, не мешіттен де дәріс алмаған. Әліппе танымайды. Жасыратыны жоқ, алғашқыда таң қалдым. Сөйтсем, құймақұлақ болып шықты. Осылай 25 сүрені жатқа айтады. Кейіннен Құран әліппесіндегі әріптердің оқылуын, айтылуын және тәжуидін үйреттім, – дейді Әлімжан аға.

Періште пейіл

Мақаланың бас кейіпкеріне қайта оралсақ. Дінислам әңгіме-лескенде, Құдай қаласа, келешекте қари болғысы келетін жеткізді. Ниетіңе жет! Біздің тілек осы.
Иә, имандылық – бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы. Бүгінгідей жаһандану заманында қоғамдағы кебір жеткіншектердің әдепсіз әдеттері, мұсылманға жат қылыққа бой алдыруы, ата-анасын тыңдамауы, сөз жоқ, осы имандылық дәнінің бойына дұрыс егілмеуінен. Қазақ үшін бала қымбат болса, оның тәрбиесі одан да қымбат екенін әсте естен шығармаған абзал. Бұл тұрғыда жүрегіне иман нұры себілген Дінислам сынды жас өрендердің келешекте қоғамға тигізер пайдасы мол болады деген сенімдеміз.

Әбдісамат ӘБДІШ

"Ислам және өркениет" газетінен.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: