Армансыз адамның көйлегі

Армансыз адамның көйлегі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ерте, ерте, ертеде, алыс-алыс өлкеде бiр патша өмiр сүрiптi. Елi үшiн күнi-түнi тынымсыз жұмыс iстептi. Сөйтiп жүрiп ұйқысыздық дертiне шалдығыпты. Бiр күнi уәзiр­лерiн жиып алып, мұңын шағып, ақыл-кеңес сұрапты. Уәзiрлердiң iшiндегi ең үлкенi, көптi көргенi патшаға:

 - Тақсыр, әр дерттiң бiр шипасы болады. Дұрыс ұйықтап, демалуыңыз үшiн бiр армансыз адамды тауып, соның көйлегiн киiп жатуыңыз керек. Сонда ұйқыңыз тыныш болады, - дептi. Патша уәзiрдiң сөзiн жөн санап адамдарына патшалығындағы ең армансыз адамды тауып, соның көйлегiн алып келуге бұйрық бередi.

Патшаның адамдары қала мен даланы, ой мен қырды, тау мен тасты аралап, шарқ ұрып армансыз адам iздейдi.

Бiрақ тапқан адамдарының барлығының қасiретi, жүре­гiнде қайғысы болады. Уәзiрлер бұл жағдайға қатты сасады. Бастары салбырап, керi қайтуға шешiм қабылдайды.

Қайтып бара жатып, өзен жағасында қой жайып жатқан қойшыны кездестiредi. Қойшының жанына құшағында баласы, қолында тамағы бар қойшының әйелi келедi. Қойшы әйелi пiсiрiп әкелген тамақты сүйсiнiп жеп, онымен әңгi­ме-дүкен құрып, сүйкiмдi баласымен ойнай бастайды.

Патшаның адамдары таңырқай қарап, қойшыға жақын келiп, одан қайғы-қасiретiнiң бар-жоғын сұрайды. Қой­шы күлiмсiреп:

- Қымбатты мырзалар, менiң ешбiр дү­ние-мүлкiм жоқ, сонда да армансызбын, - дейдi. Бұл сөзге уәзiрлер риза болып, патшаның бұйрығын түсiндiредi де, киген көйлегiн берсе, оған бiр уыс алтын бере­тiн­дiктерiн айтады. Сонда қойшы қиналыңқырап:

- Қымбатты мырзалар, өтiнiштерiңiздi орындай алсам, қуанышты болар едiм. Бiрақ менiң киетiн көйлегiм жоқ, сенiңiздер маған, - дейдi.

Уәзiрлер үмiттерi үзiлiп, патшаға қайтып келедi. Армансыз адамның көйлегiн қалай iздегендерiн, төрт құбыласы түгел деген адамдардың өзi арманда екенiн, армансыз адамды әрең тапқанда, оның көй­легi жоқ болып шыққанын айтып түсiн­дiредi.

Патша сол түнi де таң атқанша дөңбек­шiп шығыпты.

Авторы: Пернегүл Үсенова

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: