Алла Тағала сыйлаған қамшының сабындай қысқа бес күндік сынақ дүниеде Алланың қыл дегенін істеп, аулақ бол дегенінен сақтана білу – бақыт. Жаратушы Иеміздің парыз қылған үлкен бес амалының бірі – қажылық әрбір мұсылманның арманы. Пайғамбар (с.ғ.с.) туылған жерді басып, ол құлшылық қылған жерде намаз оқып, алғашқы уахи түскен жерде болып қайту, Адам ата мен Хауа ана табысқан жерге қарт аяқтарыңмен шығу бір ғанибет. Мекке қандай бақытты десеңші? Балаусасын бал-бөбек пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқан...
Биыл «Ансар Куриз» компаниясымен бірге Алла ерекше жаратқан өнегелі тұлға, өшпес мұра қалдырған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келген, кіндік қаны тамған жеріне барып қайтқаныма мың да бір тоба, шүкіршілік етемін. Бүкіл әлемнен келген неше түрлі ұлттар бәрі бірдей Аллаға құлшылық жасап жүр. Ұлты, дәстүрі мен тілі бөлек адамдарды Алланың қасиетті мекені мен тілі бір Құран біріктірді. Бір мезетте миллионнан астам мүмінді Исламның жүрегіне жинаған қасиетті парыз әркімнің жүрегінде мәңгілік естелік болды.
Осындай киелі мекенге тұңғыш рет келген мен де көбірек құлшылық жасағым келіп, уақытты босқа жібергім келмеді. «Нұр» тауының басына шығып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи түскен жерініне отырып, дұға етіп қайтайық деген ниетпен бардық.
Етегінде тұрып: «Жасымыз келген, бізге шығу мүмкін емес деп пайымдадық». Алла өзің қуат бер деп ойланып тұрғандай 60 жастағы келін «Апа, кеттік» деді. Шыға алмаспыз деп тұрған тауға Раббымыздың құдіретімен еркін шықтық. Басына жетуге тырысып бара жатқанда ойда: «Әттеген-ай, ертерек келгенімде ғой» деген өкініш болды. Төбесіне жеткенде тоқтай алмай жыладым. Екі дүниенің пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті болғаным үшін өзімді бақытты сезіндім.
Бірге барған компаниямызда көбі жасы келген кісілер. Бізге қызмет еткен Айжанов Айдын мен Арқабаев Нұрғазы деген балаларға көп салмақ салдық. Айналайындар-ай, сондай күннің ыстығында бізге көмектесіп жүрді. Біріміз жақсы естімейміз, біріміз озып, екіншіміз қалып кетеміз. Олар екеу-ақ, ал біз көппіз. Күндіз десек күндіз, түнде десек түнде қалаған жерімізге алып барады. Қонақ үйге кіре берісте кездескенде: «Әй, біз қалып кеттік, бізді апар» деп тұрады басқалары. Соларды ерінбей қайта апарып келетінін айтсаңшы... Осы екі балаға шексіз рахмет. Алладан қайтсын! Айтқанның барын жасап, зыр жүгірді. Шіркін, жастардың бәрі осындай болсайшы...
Алла ғұмырлы өмір берсін, отбасына бақ-береке, мол ризық берсін. Баршамыздың жасаған амалдарымызды Алла Тағала қабыл етіп, Жаннатты нәсіп етсін! Отанымыз еліміз туған туысымыз Алланы танып, иман келтіріп ғибадат етудің қажеттілігін түсініп, баянды бақытқа қол жеткізген таза сапалы ұрпақтарымызды көп болып, ұзақ өмір сүрсін деймін Алладан.
Айдын мен Нұрғазы секілді азаматтарымыз елімізде көп болсын.
Тараз қаласы
Тасбике МҰСАЕВА,
ардақты әже