Құранда Алла тағала Қиямет күнінің тіптен жақын қалғандығын ескерткен. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) уақытында, Ақыретке иман келтіруден бас тартқан кәпірлерге, мұғжиза ретінде Жаратушының құдіретімен ай екіге бөлінеді. Осы кезде Алла тағаладан Пайғамбарға (с.а.с.): «Қиямет жақындады, ай жарылды», – деген уахи түскен.
Сондай-ақ Қиямет күнінің жақын қалғаны туралы Құран Кәрімнің төмендегі аяттарында да сөз болады. Онда Алла тағала: «Адам баласының есеп беретін мезгілі таяды. Алайда олар қаперсіз бет бұруда»;
«Олар оны алыс деп санайды, Біз болсақ оның жақын екендігін көреміз»;
«Алланың әмірі келді. Сондықтан оның тез келуін тілемеңдер. Алла олардың қосқан ширктерінен (серік қосуларынан) Пәк әрі Жоғары!» – деген.
Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) Қияметтің жақын екенін сипаттап: «Шын мәнінде, сендердің мерзімдерің – сендердің алдарыңда өткен үмбеттермен салыстырғанда аср намазынан күн батқанға дейін(гі аралықта) ғана», – деген.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен және Қиямет мына екеуі сияқты болып жіберілдік», – деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын біріктіріп көрсеткен.
Қияметке дейінгі өткен уақыттың мөлшері сұқ саусақтың ұзындығындай болса, ал қалған уақыт сұқ саусақтан асып тұрған ортаңғы саусақтың жоғарғы бөлігіндей ғана. Хадисте айқын айтылып тұрғандай, заманның басым көпшілігі өтті.