Халал ас – жан азығы

Халал ас – жан азығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Аллаға мадақ болсын! Пайғамбарымызға салауат болсын!

Ислам – мұсылмандарға өмірдің барлық саласын түгел қамтып басшылық жасайтын шариғат шеңберін айқын көрсетіп берген дін. Шариғат заңнамасының негізгі қайнар көзі саналатын Қасиетті Құран кәрім мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сүннетінде нақты не жанама түрде ескерілмей, қалыс қалған ешбір сала жоқ.

Ислам дінінде әр мұсылман халал мен харамға көңіл бөлуге міндетті. Халал дінде құпталған, ерік берілген, рұқсат етілгені, алхарам шариғат шеңберінде нақты тыйым салынғандары. Құран мен хадистерде бұйырылып, сахаба, табиғиндар ерекше ден қойған бұл мәселеге біз бүгін қаншалықты мән беріп жүрміз?

Халал – барша мұсылмандардың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты шариғат тыйым салмаған іс-әрекеттер шеңберін қамтитын тек Ислам дініне тән ұғым. «Халал» термині қазақ тіліне аударғанда «рұқсат етілген», «тыйым салынбаған», «мақұлданған» деген мағыналарды білдіреді. Сондай-ақ «халал» – «шариғат бойынша жасауға болады» деген нақты діни үкімнің атауы.

Халал шеңберінің аясы кең. Оның бір саласы мұсылман жұртшылығының ас-ауқат, тағамына қатысты. Қасиетті Құран кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Біз ризықтандырған (адал) тағамдарды жеңдер. Алла тағалаға шүкіршілік етіңдер. Оған ғана құлшылық етіңдер», («Бақара» сүресі, 172-аят), – делінген.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадистерінде мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Расуллуллаһ (с.ғ.с.):«Ей, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабылдамайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен, «Ей, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51-аят) десе, мүміндерге: «Ей, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят) деп әмір еткен» деді әңгімесін жалғастырып: «Қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы кір, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға ететін бір кісі туралы: «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?» деді» (Мүсілім, «Зекет», 65).

Тағы бір жолы: «Сондай бір уақыт келеді, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады»,– деп мұңайған еді (Бұхари, «Бую»,7). Жоғарыдағы жәйттар мұсылман үшін халал мен харамды бір-бірінен ажырата білудің маңызды екенін, не нәрсені де қолға алғанда әуелі дін тұрғысынан рұқсаты бар-жоғына, кісі ақысы араласпағанын ескеріп, таза жолмен табылғандығына мән беру керектігін ұқтырады.

Азыққа арналған мал бисмилламен бауыздалып, сойылса еті халал. Бауыздалмай арам өлген малдың еті харам болып есептеледі. Мәжбүрлікпен базардан ет сатып алған жағдайда оны алғанда да, пісіргенде де, жегенде де “биссмилла” деу шарт.

Шошқа еті қандай жағдайда да ең харам ет болып саналады. Өйткені ол қасиетті Құранда солай харам етілген. Оған шошқаның аса ластығы, енесі мен төлінің өзара шағылыса беретін сезімсіздігі, бірін-бірі жеп қоятын аяусыздығы себеп болған. Сондықтан, мұсылман адамдар өндірісте дайындалған барлық шұжық түрлерінен бас тарту керек. Оларда міндетті түрде шошқа майлары қолданылатыны есте болсын. Ал “халал” деп ерекше белгі қойылған шұжықтар да қазір күмәнді саналып жатыр, өйткені оның құрамына қолданатын заттар күмәнді...

Бауыздалған, аңшылық жолымен атып алынған қаз, үйрек, тауық, ұлар және басқа жеуге жарамды құс еттері халал. Ал бауыздалмаған өндірістік жолмен дайындалған тауықтың сандары /окорочка/ және бітеу еттері харам делінген. Және тісті, тұяқты жыртқыш аң, құс еттері де харам делінеді.

Жеуге жарамды балық түрлері халал болып саналады. Бірақ өндірісте дайындалған “Краб таяқшалары” шошқа майы қосылып даярланатындықтан харам делінеді. Қандай жағдайда да өндірістік тәсілмен бұқтырылып  /консерв/ дайындалған балық еттеріне де мұсылман адам күмәнмен қарағаны жөн. Себебі харамнан сақтану әр адамның өзіне сын.

Бүгінде бүкіл әлем бойынша халал өндірісі ерекше қарқынмен дамуда. Азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, парфюмерия мен фармакология және т.б. салалар да халал өндірісіне айрықша ден қоюда. Халал дүние тек тағаммен шектеледі деп топшылап келген тұтынушы қауым бұл ұғымның аясы кең екеніне кейіннен көз жеткізді. Айталық, мәдениет пен ғылым, білім мен денсаулық, жалпы адам тұрмыс-тіршілігіне қажетті басқа да салалардың барлығында халал түрлері бар. Тіпті күнделікті сәлеміміздің өзі түзу ниет пен ақжарқын пейілден басталса, ол да халалға жатады. Сайып келгенде, мұсылман адамның өмірі осынау мәні мен мазмұны терең түсінікпен тамырласып жатыр. Демек, халал ұғымының өзі тұтас бір индустрия, белді ғылым деген сөз.

Нақтырақ айтсақ, халал  өндірісіне – тамақ өнеркәсібі (ет, сүт, нан, сусын, кондитер өнімдері, т.б.), жеңіл өнеркәсіп (тері бұйымдары, барлық киім-кешек түрлері т.б.), білім беру (ислам теологиясы, балабақша,  мектеп, жоғары оқу орындары, т.б.), денсаулық саласы (дәрі-дәрмек, перзентхана, т.б.), қаржы-қаражат (кредит, өсім, банкинг т.б.), мәдени орындар (театрлар, демалыс орындары, қонақ үйлер, т.б.),  даяшылық қызмет (асхана, дәмхана, сауна, кемпинг-мотел, туризм, т.б.) жатады. Ендеше, халал стандартын қажет етпейтін құрылым жоқ. «Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Ал, шариғат, барлық ислам қауымының қалай жүріп тұруын, жалпы алғанда өмірлік қағидаларын айқындап көрсететін жол.

     Ал, тағам саласына келсек, халал тағам – Алланың жеуге рұқсат еткен тағамы. Шошқаның етін, өлексені, арам өлген малдың етін, сойғанда аққан қанды, т.б. жеуге болмайды. Ата-бабаларымыз ежелден «бисмилләсіз» сойылған малдың етінде дәм болмайды» деп өздерінің жаратушы бір Аллаға деген сенімін айқын аңғартқан. Құран Кәрімде, Бақара сүресінің 173-аятында асты адалынан тұтынуға байланысты былай делінген: «Шынайы түрде сендерге өлексені (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылдым. Сонда кім мәжбүрленсе, қарсылық қылмаса, шектен шықпаса оған кінә жоқ. Күдіксіз Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді». Сондай-ақ Әбу Нуайм (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбаpымыз (с.ғ.с.): «Қырық күн халал азықпен қоректенген адамның көңілін Алла Тағала нұрмен толтырады. Көңіліне хикметтерді өзендей етіп ағызады. Дүние махаббатын көңілінен шығарады», – дейді.

«Адал асты іздеу – әрбір мұсылманның міндеті»[19]. Бүгінгі таңда тамақ өнеркәсібінің күрделеніп, әбден дамыған шағында тамақ өнімдеріне көптеген қоспалардың қосылуы, генетикасы өзгеріске ұшыраған өнімдердің кең таралуы, сонымен қатар сол тамақ өнеркәсіптерінің көбінесе мұсылман емес адамдардың қолында болуы және тамақ өнімдерін өндіру барысында басты назарда адам денсаулығы емес, табыс табу көзделуі секілді жағдайлардың орын алып жатқаны жасырын емес. Қазіргі таңда көптеген доңыз фирмаларының бар екендігі белгілі. Соның салдарынан статистика бойынша жылына орташа есеппен алғанда жеті жүз мың мен миллион арасында доңыз еті желінуде. Өкінішке орай оның еті мен майының азық-түлік өндірісінде қаншама өнімдерге қосылып жатыр және бұл тауардың сыртында көрсетілмейді. Мұнымен қоса малды сою барысында оны шариғаттың шарттарына сай сою үрдісі елімізде әлі толықтай орнай қоймағандықтан, ел мұсылмандарының мұны қалыптастыруға атсалысулары қажет болып табылады[20].


إِنَّ أَوَّلَ مَا يُنْتِنُ مِنَ الإنْسَانِ بَطْنُهُ فَمَنْ اِسْتَطَاعَ أنْ لَا يَأْكُلُ إِلَّا طَيِّبًا فَلْيَفْعَلْ  

«Расында, адамның ең бірінші шіритін жері – асқазаны, сондықтан қай-қайсың да мүмкіндігінше таза нәрселермен азықтануға тырысыңдар»[23]. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хараммен қоректенген адамның дұғасының қабыл болмайтындығын айтқан:   وَمَطْعَمُهُ حَرَامٌ وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ وَقَدْ غُذِّىَ بِالْحَرَامِ فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لَهُ   «Қасиетті сапарға шыққанымен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа күйде Алла Тағалаға қолын жайып «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға жасап жатқан адам туралы «Бұл кісінің жегені харам, ішкені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса екен деп үміттенеді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?»[24].   

Дәйләмидің ибн Мәсғудтан (р.а) жеткізген хадисінде: «Асқазанына харам ас түскен адамның қырық күн бойғы жасаған түнгі құлшылығы, қырық күн бойы таңғы уақыттағы дұғасы қабыл болмайды. Хараммен өскен ағзаның баратын жері – жәһаннам. Шындығында бір түйір харам астың өзі сол ағзаны өсіреді»[25], - делінген. Осы хадистен-ақ астың адалдығына қаншалықты жауаптылықпен қарау қажеттігін ұғуға болады.   Тақуа кісілердің адал асқа деген ыждаһаттылықтары Адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), сахабалар мен табиғиндердің адал-арам мәселесінде танытқан асқан мұқияттылықтарына көз салып қарайтын болсақ, тақырыбымыз ашыла түседі деп ойлаймыз. Олардың ғибратқа толы ғұмырларынан бірер мысалға кезек берейік.   Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таң атқанша дөңбекшіп ұйықтай алмады. Таң атқан соң әйелі ұйықтай алмауының себебін сұраған кезде, ол: «Жатар алдында жерден түсіп қалған құрма тауып алып аузыма салдым. Содан кейін ғана үйде садақа және зекет ретінде берілген құрмалардың болу ықтималы бар екені есіме түсті. Аузыма салған құрма сол құрмалардың бірі емес пе деп таң атқанша уайымдап ұйқым қашты»[26], - дейді. Негізінде бұл құрманың пайғамбарымызға сыйға келу ықтималдығы көбірек. Себебі, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне садақа мен зекет ретінде келген нәрселерді күттірместен дереу мұқтаждарға таратып жіберетін. Соған қарамастан ол шүбәлі нәрселерге сақтық танытатын еді.   Хазірет Хасанның (р.а.) кішкентай кезі болатын. Ол мешітте атасының тізесінде отырып, зекетке берілген құрмалардың таратылуына қарап отырған еді. Содан алдындағы құрмалардың бірін ауызына апара бергенде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Таста, балам оны, таста! Бізге садақа жеуге болмайды»[27], - деп ескертеді. Ардақты сахабалар да бұл мәселеге асқан мұқияттылық танытқанын жоғарыда айттық. Енді соған бірер мысал келтірейік   Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) өзіне тамақ әкелген қызметшісінен әрдайым астың қайдан келгенін үнемі сұрап отыратын. Бірде қызметшісі әкелген сүт пен етке бірден бас қояды. Шамасы ашыққан сәті болса керек. Алайда асты бірер тістеп жегеннен соң шыдамай қызметшісінен «Бұл тамақ қайнан келді?» деп сұрайды. Қызметшісі өзін құлмын демей, еркін ұстайтын. Ол былай деп жауап қатады: «Жаһилия кезінде бал ашушы едім. Сәуегейлік айтып, бал ашумен күнімді көріп жүрдім. Сол кездері бал ашып бергенім үшін бір кісі қарыз болып қалғанды. Сол қарызын кеше қайтарды. Тамақты сол ақшаға сатып алдым» деп жауап береді. Мұны естіген Әбу Бәкірдің өңі қуарып, боп-боз болып кетеді. Іле-шала саусағын тамағына салып, өзін зорлап тұрып ішіп-жегенінің барлығын ақтарып құсып тастайды. Сөйтіп, өкінішпен: «Раббым, қаныма сіңіп кеткендерінің маған кесірін тигізе көрме!» деп терең тәубе етеді. Әбу Бәкірдің (р.а.) өзін мұншама қинағанына таңырқаған әлгі қызметші «Уа, Алла елшісінің халифасы! Өзіңді неге мұнша қинайсың? Бұлай әбігерге түсудің қажеті қанша?» деп сұрағанда ол: «Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз құлағыммен естігенмін. Ол бір түйір харам ас деген адамның ағзасы тек жәһаннаммен ғана тазаратынын айтқан» деп жауап береді[28].

 Халал-харам мәселесіне осындай ыждағаттылық таныту сахабалардан бастап олардан кейінгі заманда өмір сүрген игі-жақсылардың өмірлік ұстанымы болғаны шындық. Хазірет Омар да бірде байқамай зекет ретінде берілген мемлекет қазынасындағы түйенің сүтінен ішіп қояды. Осыны білуі мұң екен, дереу саусағын тамағына сұғып жіберіп, өзін қинап тұрып ішкен сүтін қайта құсқан. Олардың бұл әрекеттерінен харам астың қанға араласып, ағзаға сіңіп кетпеуіне үлкен мән бергенін байқаймыз[29]. Өйткені олар Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «адам ағзасында бір түйір харам ас кеткен адамның тек жәһаннаммен ғана тазаратынын» айтқандығын естіген еді.

Азық-түлік өнімдерін пайдалану жолдары  

 1. Әрбір мүмін адал астың маңызына көңіл бөліп, оны исламның нақты әмірі екендігін ұғынуы керек және осы мәселеде әрдайым ізденісте болуы керек.  

2. Исламда адал мен арамға жататын азық-түліктерді жақсы біліп, олардың қазіргі таңда қандай күйде қолданылып жатқандығына қарап, қырағылық таныту керек. Исламда харам болып табылатын азықтардың саны белгілі, ол көп те емес. Алайда осы заттар (ішімдік, доңыз еті, қан мен өлексе т.б.) бүгінгі таңда қаншама өнеркәсіптерде негізгі шикізат көзі ретінде қолданылуда. Мысалы, доңыздың майы, қарны, ұйқы безі секілді заттарды кейбір нәрселерді өндіруде қоспа ретінде пайдаланылады. Олай болса мұсылмандар осындай нәрселерден сақтана алуы үшін өте қырағы болуы қазіргі заман талабы.  

 3. Мұсылман адам өнімді таңдау барысында оның бағасының арзан болғандығына емес, таза әрі адалдығына қарау керек. Осы кезге дейін теледидар және газет-журналдарда жарияланған хабарларға көз салып қарайтын болсақ, азық-түлік саласындағы кейбір келеңсіздіктерді «террорға» жатқызуға болады. Мысалы, сиырдың тартылған етіне тауықтың етін, зәйтүнге қара бояу, сары майға маргарин, иогуртқа желатин, балға дәмін тәттілендіргіш секілді қоспалар қосып, халықты алдау. Сол себепті мұсылмандарға адал асқа қол жеткізуде біршама талпыныс жасаулары керек.  

4. Харам өнімдерден жасалынған немесе денсаулығымызға зиянды қоспалар туралы хабардар болу үшін, әрбір затты аларда оның этикеткасын оқып алуды әдетке айналдыру керек. Жаһандық даму процесінің әсерінен әлем кішкентай бір ауылға айналғанын ескерсек қазіргі таңда өнім өндірушілердің барлығының бірдей мұсылман еместігі анық.  

5. Мүмкіндігінше өнекәсіптік өнімідерді емес, табиғи өнімдерді тұтынған дұрыс. Өйткені түрлі дәмдендіргіштер қосу, сақтау мерзімін жалған ұзарту, белгілі бір заттар қосып, біршама уақыт өткеніне қарамастан өнімнің қалпын бұзбай сақтап қалу, гормондандыру т.б. жағдайлар болғандықтан мұның барлығы денсаулыққа айтарлықтай зиян.  

6. Өнімді сатып алушы өнімді алып жатқан кезде оның құрамындағы кейбір қоспалардан күдіктенер болса, сол өнімді өндірушінің сайтына хабарлама жіберу арқылы немесе телефон шалып сұрауы керек. Адамдардың осындай саналы әрекеті өнімдерді өндірушілердің кейбір мәселелерге жауапкершілікпен қарауына мәжбүр етеді.  

7. Бүгінгі таңда азық-түліктің ішінде ет өнімдерінің адалдығына көз жеткізу мұсылман үшін қиын іс болып отыр. Ислам әу бастан-ақ доңыз етімен қоса кейбір малдардың етін жеуге тыйым салған, еті адалға жататын малдарға да белгілі бір шарт қойған. Исламның шарты бойынша малды соятын адам мұсылман немесе Кітап иелерінен болуы керек[37], соярдан алдын міндетті түрде «Бисмилләны» айтып, малды тамағынан бауыздап союы керек. Бір өкіншітісі, еліміздегі сойылып жатқан барлық мал осы талапқа сай сойылуда деп айта алмаймыз. Сондықтан мұсылмандар ет немесе еттен жасалынған өнімдерді аларда олардың адал екендігіне барынша мән беріп іздестіргені дұрыс.  

8. Бұл дүние – бір сынақ алаңы. Сондықтан да дініміз кейбір азықтарды адам баласына тыйым салған және Құран мен сүннетте адал және харам астардың қандай екендігі де ескертілген. Бірақ адал-арамдығы нақты емес кейбір мәселелер де жоқ емес. Ол туралы Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Халал да, харам да белгілі. Алайда, осы екеуінің арасында кейбір күдікті нәрселер бар. Адамдардың көпшілігі осының ара жігін айыра алмайды. Осы күдікті нәрселерден бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады[38], - деп мұндай нәрселерден бойымызды аулақ ұстауымызды насихат етеді. Олай болса, күмәнді өнімдердің мейлінше көбейген қазіргідей кезеңде Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерімен амал ету анағұрлым маңызды болмақ.   Қорытындылай келе айтарымыз, мұсылман адам тамағынан өтетін әрбір асты жіті бақылап, тексеруі керек. Оның адал болуына мән беруі тиіс. Егер кейбір өнімдер күмән тудырып жатса, сол саладағы маманнан сұрап, телефон, электронды пошта немесе одан басқа да жолдармен өнімді өндіруші фирмалармен байланысқа шығып, жеген асының қаншалықты сапалы әрі таза екендігін білуде күш-қайратын жұмсауы керек. Өмір сүруді қиындатып жібермейтіндей дәрежеде жеген асымыздың адалдығына мән беру біздің мұсылмандығымыздың белгісі болса керек.  

 Исатай ОРАЗОВ,

ҚМДБ "Халал өнімдерін стандарттау" бөлімінің

Жамбыл облысы бойынша өкілі

[1] Бақара сүресі, 168-аят.

[2] Бақара сүресі, 172-аят.

[3] Ағраф сүресі, 157-аят.

[4] Бақара, 173; Мәида, 3; Нахл, 115 аяттар.

[5] Шәукәни, Нәйлул-әутәр, 8/125, 146 беттер.

[6] Тирмизи, Дұға, 110.

[7] Бәдиуззаман, Алтыншы сөз, 33-бет.

[8] Әнғам сүресі, 145-аят.

 [10] Бақара сүресі, 219-аят.

[11] Мәида сүресі, 90-аят.

[12] Бақара, 168; Әнғам, 142.

[13] Мәида, 88; Әнфал, 69.

[14] Бақара, 172; Нахл, 114.

 [15] Бақара, 60; Таһа, 81;

[16] Бухари, Буюғ, 7.

[17] Кәһф сүресі, 19-аят.

[21] Муминун сүресі, 51-аят.

 [23] Бұхари, Әхкәм, 9.

 [24] Муслим, Зекет, 65;

 [26] Ахмәд ибн Ханбал, Мүснәд, 2/193; Хаким әл-Мустәдрак, 2/17.

[27] Бұхари, Зекет, 60.

[28] Бұхари, Мәнақибул-Әнсар 26; Сүннәнул-Кубра, 6/97.

 [38] Бұхари, Иман 39, Буюғ 2; Мүслим, Мусакат 107,108. Танымал мақалалар Құран Кәрімнің жинақталуы Құран Кәрім Тәурат секілді бір уақытта жинақталып, тақтайларда түспеген.... Харижит ағымының пайда болуы және Харижилік сананың өзгешеліктері Харижилік – исламның алғашқы ғасырында саяси мақсатта пайда болған, діни-саяси тақырыптарда әсіре көзқарас, іс-әрекеттерімен танылған топ.... Хадистердің жинақталуы Мұсылмандар үшін Ислам дінінің екі негізгі қайнар көзінің бірі болған хадистердің жинақталу тарихы өте маңызды.

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: