Бағы жанған үш жігіт

Бағы жанған үш жігіт

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ертеде Алдияр деген бір байдың Қасым, Алмас, Мығым есімді үш ұлы болыпты. Үшеуі де өнерпаз екен. Қасым садақ тарту жағынан мықты болса, Алмас қылыштасудан алдына жан салмапты. Ал Мығым атақты палуан болып, елге танылыпты. Сөйтіп, күндердің күнінде ол үшеуі ер жетіп, Айсұлу атты айдай сұлу аруға ғашық болыпты. Ол ару Алдияр байдың жан досының қызы болса керек.

Бір күні Алдияр қатты ауырып, ұлдарын шақырып алып, барлығына жинаған мал-мүлкін бөліп беретінін және дүниедегі адам таңқаларлық ең әдемі затты кім тауып әкелсе, сол ұлына досының сұлу қызын айттырып, үйлендіретінін айтады. Мұны естіген ұлдар үш жаққа бөлініп, дүниедегі ең әдемі затты іздеуге кіріседі.

Мығым шығыстағы патшаның сарайына барады. Оның көзі сол жердегі сиқырлы дүрбіге түседі. Әлгі дүрбінің кереметтігі сондай, жердің қиыр шетіндегі барлық көріністерді көрсете алады. Мығым патшаның айтқан шартын орындап, әлгі дүрбіні алып кері қайтады. Ал Қасым батыстағы ханның сарайына барып, ондағы дүниелерді тамашалайды. Бірде оның көзі сарайдың сыртында жайылып жүрген бір қасиетті қойға түседі. Тұрғындардың айтуынша, бұл қой өте киелі әрі оның етін жеген адам жасарып, мәңгі жасайтын көрінеді. Ханның қаһарынан қорыққан жұрт қойдың маңынан өтуге де тайсалады екен. Осыны білген Қасым ханға келіп, қасиетті қойды сатуын сұрайды. Хан оған өз шартын қояды: «Көзіңді байлап қойып, бір баланың басына алма қойып, садағыңмен дәл көздеп ат. Егер жазым кетсең, жазаңды аласың, ал мергендігіңді дәлелдесің мына қойды аласың», - дейді. Қасым ары-бері ойланып, жазықсыз сәбиді қорқытып, қорлағанша, қойды алмай-ақ қояйын деген шешімге келгенін айтады. Оның мұндай адалдығына, адамгершілігіне тәнті болған хан қасиетті қойды сыйға тартады. Сөйтіп, мерген Қасым қойды көтеріп алып, үйіне қайтады. Солтүстікке аттанып кеткен Алмас сол жақтағы қалың базарды аралап жүріп, бір жүйрік тұлпарға таң қалады. Ол жануар бір секундта бір шақырым жерді шауып келеді екен. Алмас ауыл тұрғындарына қалағанын беріп, әлгі тұлпарды мініп, үйіне қарай зулайды.

Үйге барар жолда үш ағайынды жігіт кездесіп, бір-біріне олжаларын көрсетеді. Қасым сиқырлы дүрбісін алып, әкесін көреді. Сөйтсе, ол хал үстінде көз жұмғалы жатыр екен. Олар Алмастың жүйрік тұлпарына отыра салып, бір-екі минутта үйіне шауып келеді. Дереу Қасым қасиетті қойын сойып, етін пісіріп, әкесіне жегізеді. Ауру әкесі қасиетті қойдың етін жегеннен кейін науқасынан айығып, жасарып, бойына қайтадан күш-қайраты оралады. Балалары тапқан дүниелерін көрсетіп, болған оқиғаны баяндайды. Оларға Алдияр қатты риза болып, алғысын айтады. Бұдан соң Айсұлу кімге жар болады деген ой туады. Үш ұлының да бірінен-бірі өткен алғыр әрі еңбекқор екеніне көз жеткізген әкесі оларға: «Сендер өте ақылдысыңдар әрі батырсыңдар. Сол үшін үшеуің бір сұлу қызға көз салғанша, өздеріңе лайық ақылды да парасатты, тәрбиелі қыз тауып, соған үйленіңдер. Өмірде сұлулықтан да қымбат нәрсе бар. Ол -адамгершілік. Сендердің алған жарларың мені әкесіндей сыйлайтын көргенді қыз болса, мен үшін одан асқан бақыт жоқ», - дейді. Әке ақылын екі етпеген үш ұл ел аралап жүріп, бір үйдің ақылына көркі сай үш аруымен танысып, үйленеді. Осылайша, ағайынды үш жігіт пен үш қыз бір отбасының мүшелері болып, бақытты да тату өмір сүреді.

Айбарыс Шаймұрат

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: