Перзентіңе жастай қамқор бол
Дүниеде «Бала – бауыр етің» демекші, перзенттің тәй-тәй басқан алғашқы қадамының қуанышына, бақытты шат күлкісіне не жетсін? Өкінішке орай, соны түсінбей, аяқтарын алшаң басып жүрген әкесымақтардың қылығына жүрегің ауырады.
Осы арада менің көз алдыма мына бір жай да келіп тұра қалады. Сырым жетпістен асқан кезде денсаулығы сыр беріп, жападан-жалғыз қалғанын сезінді. Бұл кезде оның отбасы да, жанында аузына бір тамшы су тамызатын баласы да жоқ еді.
Ол көбіне кейінгі кездері араққа салынып кеткендіктен қайыршы да атанды. Көшеде ұяттың бәрін жиыстырып қойып, өткен-кеткен-нен тиын-тебен сұрап тұратын.
Бастапқыда мен ұлтымыздың осындай кісісінің мұндай бейшара күйге түскеніне іштей намыстанып жүрдім. Оның қасына жақындау да мүмкін емес-ті. Ұзақ жуынбағандықтан ба, денесінен біртүрлі күлімсі иіс аңқып тұратын. Сақал-мұрты қырынбағандықтан шығар, өз жасынан едәуір үлкен көрінетін.
Содан бір күні онымен сөйлесу-дің орайы келді. Әрине, ол бірден ашылып, маған жан сырын ақтара қоймады. Дегенмен де, әйтеуір кілтін таптым ғой деймін, сөйлей жөнелді. Сол кезде кәдімгідей жылап та алды.
– Қалқам, – деп бастады әңгімесін ол. – Мен де жас болдым. Кәдімгі махаббаттың құдіретін бір кісідей сезіндім. Бәйбішеме де шын мәнінде ғашық болып, үйленген едім.
Бәрі де сол атың өшкір арақтың кесірі ғой. Оған бір салынған соң өзіңді тоқтату қиын екен. Қаншама өзімді тізгіндемек болып, ұмтылғаныммен, онымнан ештеңе шықпады, – деді.
Осы сәтте ол ар жағын баяндауға батылы жетпеді ме, кішкене ой үстінде қалды. Алайда, бәрін де сұрап, біліп алдым. Осы адам баласына ешқашан да абырой әпермейтін ащы суға біржола түскен кезінде оның екі-үш баласы да болған көрінеді.
Жас кезінде қызметті де атқарды, халықтың алдында абыройы да жаман емес еді. Бірақ, күніге ішіп, үйдің берекесін алған кісіні кім жақсы көреді дейсіз? Бір күні сүйіп қосылған жарының шыдамы әбден таусылып, мұны пәтеріне кіргізбеді.
Бір емес, екі емес, түннің бір уағында есікті ұрып тұрғандықтан маскүнем әкелерінен зәрезәп болған перзенттерінің де бойларын қорқыныш билеп, бір бұрышқа тығылып қалатын.
Содан бұл амалсыз өз үйінен біржола кетуге тура келді. Осыдан кейін ағайын-туысқандардың үйін жағалайтынды шығарды. Олар да қашанғы шыдасын? Қанша жерден бауырлары болса да, бұл сонадайдан теңселіп келе жатқандығын көре қалса, есіктерін іліп қоятынды шығарды.
Қысқасы, кәдімгі ит өмірді басынан кешті. Алайда, ақылға келе қоймады. Сондай кездері кейде мастықтың кесірінен далада жатып та қалатын. Мұндай адамды ауру да жағалайтындығы белгілі. Әрине, оны аяп, азын-аулақ қаражаттарын беретін кісілер де кездесті. Бірақ, олар да үнемі қайырымдылық пен мейірімділік таныта алмайды ғой.
Міне, бұл өзінің парықсыз-дығынан арақ-шараптың құлына айналған қандасымыздың бірі еді.
Ақылы қартайғанда кірді
Осыған ұқсас мына бір оқиға да кімді болсын терең ойда қалды-рары даусыз. Әбен де біреудің жалғызы еді. Жастықтың кесірі деп айта алмаймыз. Өйткені, мұндай дәуренді жұрттың бәрі де бастан кешеді. Дұрысы ақылсыздығы мен санасыздығынан дегеніміз жөн болар.
Ата-анасы ауылда тұрды. Олар-дың табыстары да жаман емес-ті. Апта сайын үйіне салып ұрып келіп тұратын ұлдары жоғары оқу орынды оқып жатырмыз деген соң одан нені аясын?
Содан қалтасына әкесінің жиған-тергенін салып алып, тиянақты білім алудың орнына қыз-қырқынның соңына түсіп, «Сері жігіт» атанды. Ата-анасының адал еңбек, маңдай терімен тапқан ақшасын соларға жұмсады. Өзі секілді шалғайдағы елді-мекеннен келген қыздарға күйдім-сүйдім деп өлердегі сөзін айтып, аруларды иландырды.
Түр-түсі келіскен бозбалаға олар да риясыз сенді. Сөйтіп, жүргенде екі-үш рет үйленіп те үлгерді. Сол баяғы ауылдың ақкөңіл де ақжарқын адамдары емес пе? Әке-шешесі жұрттың басын жиып, той да өткізді.
Бірақ, көше кезіп, дайын ақшаны шашып үйренген ол орта жасқа жақындаса да ақылға келмеді. Тағы да үйленіп, шаңырақ көтерді. Бұл кезде бұрын мұның жылы сөзіне сеніп, балаларына ана болып отырған келіншектер де перзенттерінің: «Біздің әкеміз қайда? Ол неге үйге келмейді?» деген жанға батар сөздерді де жиі еститін болды.
Алды мектепті бітіріп, жоғары оқу орнында білім алып жатты. Міне, нақ осы шақта әкенің көмегі ауадай қажет еді. Алайда, мұны ойлап, бас қатырып жатқан азамат бар ма?
Оларға қамқорлық жасап, мейірім шуағын көрсетер уақытта еш болмаса бір рет те барып, әкелері ретінде маңдайларын иіскеуге де жарамады.
Осылайша, жалғанды жалпа-ғынан басып жүргенде қалай қартайып, бойынан қуат, қолынан күш кеткенін сезбей де қалды. Ең соңғы үйленген әйелі де бір жерде тұрақтап жұмыс істемейтін одан біржола құтылған еді. Сөйтіп, бұл да жалғыздықтың зардабын бір кісідей басынан өткерді.
Жылдар сынаптай сырғып өте берді. Бұл енді әркімнен сұрастырып жүріп, тұңғыш отау көтерген жарынан туған ұлын тапты. Ол бұл кезде әжептеуір қызмет атқаратын, үйлі-баранды азамат-ты.
Әбен бірде кешкілік сол баласы үйіне қызметтен оралар сәтте оның пәтерінің түймесін басты. Есікті оның келіншегі, жылы жүзді Әмина ашты.
Басында ол мұны бұрын көрмегендіктен әжептеуір абдырап қалды. Сасқанынан: «Сіз кім боласыз? Қайдан келдіңіз?»,– деді. Бұл басқа не айтсын: «Айналайын, мен сенің қайын атаңмын. Ұлым үйде ме?», – деді. Осы кезде әлгі келіні ешқашан да қайын атасы болмағандығын, оның жастай дүниеден өткендігін алға тартты.
Міне, осы шақта кіре-берістегі әйелі мен бейтаныс кісінің арасындағы сөзді құлағы шалып қалған отағасы Қуаныш та бұларға жақындаған еді. Бір ғажабы, әкесі Әбен екеуі бір-біріне өте ұқсайтын.
Бірақ, мәселенің мәнісін түсінген ол әкесін іш тарта қоймады. Келіншегі де олардың арасына түскісі келмей жөніне кетті. Басқа амал қалмағандықтан бұл ұстаз алдындағы айыпты шәкірттей күйге түсті. «Балам, кінә менен. Егер кешіре алсаң, аяғыңа жығылуға дайынмын. Қазір барар жерім, басар тауым қалмады. Сені паналап келдім. Рақымың түссін», – деп еденге сылқ етіп құлады.
Жас кезде әкесінен жылулық пен қамқорлықты көрмеген баланың жүрегі де тас болып қатып қалады екен. Ол оған жылы шырай танытпады, үйінен шығып кетуін өтінді. Осы кездегі Әбеннің көңіл-күйін досың түгіл, дұшпаныңның басына бермесін.
Өмірінің көбі өтіп, азы қалғанда басың тасқа соғылып, қор болу деген осы болар. Ұлының әрекетін қатыгездік деушілер де табылар. Онымен келісуге де, келіспеуге де болады. Бірақ, анасы күндіз-түні жұмыс істеп, өзін қатарынан қалдырмаймын деп шыр-пыр болып, көз жасын төгіп жүріп оқытқанда бұл қайда болды?
Қуаныш сонау мектепке барып жүргенде өзге балалардың әкелерін көргенде қандай қызығушы еді. Олар асқар тауларын мадақтап, аспанға көтерген кезде бұл ұнжырғасы түсіп, үйіне талай жы-лап келгені әлі есінде. Шешесінен оны сұрағанда «Жастай қайтыс бол-ған» деп сөзді қысқа қайыратын.
Сүйіп қосылған келіншегіне де мен әкемді ешқашан көрген емеспін деп талай рет айтқан-ды. Ол мұны қайдан білсін. Соны меңзеді емес пе? Әйтеуір «Өлмеген құлға жаз келер» демекші, өзінің еті тірілігі, анасының мейірінің арқасында жоғары білім де алды, өзі ұнатқан қызына да үйленді.
Сол әкелері келіп кеткен соң Қуаныш пен келіншегі түннің бір уақытына дейін ұйықтай алмады. Әйел затының жүрегі нәзік емес пе? Күйеуіне: «Әлгі кісіні көріп, қатты аяп кеттім. Үлкенді сыйлап өскен ұлттың өкілі емеспіз бе? Ол енді қайда барады? Балаларымыз да атамыз қайда десе қалай жауап береміз? Итің ұры десе намыстанатын қазақпыз ғой. Әкеңді кешіргенің жөн шығар», – деп ақылын қосты.
Бұл кезде өткен-кеткенді сұрайтын анасы да жоқ. Осыдан біраз бұрын көз жұмған-ды. Сондықтан енді әкесі мен шешесінің арасындағы қарым-қатынасты біреуден сұрап жатуды орынсыз деп шешті. Келіншегі екеуі әбден ойланып барып, ақсақалды іздестірді.
Содан сұрастырып жүріп, оны да тапты. Намысқа тырысты. Қанша дегенмен әкенің аты әке ғой. Бұл жерде оның әйелінің де тәрбие көргендігін, жүрегінің кеңдігін ерекше атап өткеніміз жөн шығар. Кейбір жастар ата-аналарын көзі тірісінде қарттар үйіне тапсырып жатқанда, бұлардың әрекеті нағыз адамгершіліктің жарқын үлгісі емес пе?
Әбен қария осылайша балала-рының саналылығының арқасында олардың арасына оралды. Ұлы мен келіні шауып-шапқылап жүріп үсті-басын мұнтаздай етіп, таза киіндіріп қойды. Сонда ғана ақса-қал өзінің өткен жылдардағы жібер-ген кемшілігіне өкініп, ұрпағының алдында жіберген қателігін мойындады.
Әке мен бала қалай табысты?
Мына бір көрініс те менің жадымда мәңгілік сақталып қалды. Осыдан біраз жыл бұрын қаланың бір шетіндегі мейрамханада жи-налған қауымды үлкен ой үстінде қалдырып, көздеріне жас алдырған оқиға болды.
Ол Самал есімді әйелдің жалғыз ұлының шаңырақ көтеру салтанаты-тын. Оның алдында әлгі отау құрғалы отырған бозбаланың әкесі бар екендігін естігенбіз. Бірақ, ешқашан да көрген емеспін.
Тойдың басталатын уақыты да жақындап қалды. Ақсақалды қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз ұлттық салтымыз бойынша төрден орын алды. Басқа-лары да рет-ретімен жайғасты.
Асабаның сағатына қайта-қайта қарағыштай бергеніне қарағанда, тағы да біраз жас жұбайлар үшін маңызды қонақтар келіп үлгермеген сыңайлы. Жиналғандар да уақыттың өтіп бара жатқандығын сездіріп, тықырши бастады.
Кенет төрт адам сыртқы есіктен ене берді. Көпшілік оларға жалт қарасты. Қонақтар да бірден жас жұбайларға қарай аяндады. Күйеу жігіт те оларды тағатсыздана күткен секілді. Өйткені, топты бастап келген азаматты көргенде көзінен еріксіз жас парлады.
Міне, осы сәтте көптен бері бір-бірін көрмеген әке мен бала шұрқырасып табысты. Олардың қауышуына куә болған үлкенді-кішілі бауырларымыз да бір сәт үнсіз қалып, көздерін жасқа шылап алды.
Өңіріміздің бір түкпірінде тұратын елді-мекеннен келген кісінің жанындағы келіншек те әйел затына тән жоғары саналылық танытты. Ол үйленгелі жатқан жігіттің екінші анасы-тын. Оның қасындағы бойжеткен қыз бала шаңырақ көтергелі жатқан жігіттің алғаш жүздесіп отырған қарындасы еді.
Қысқасы, әлгі той осындай тосын жағымды жаңалықтарымен жұртшылықтың есінде қалды. Бұл да кезінде белгілі бір себептермен ажырасып кеткен ерлі-зайыптының өміріндегі жіберілген қателіктің бір көрінісі-тін.
Мен жоғарыдағы мысалдарды босқа келтірген жоқпын. Осы баяндалғандарда ұғынған кісіге адам тағдыры жатқан жоқ па? Ата-ананың келіспеушілігінен орын алатын мұндай жағдайларға балалардың қандай кінәсі бар?
Алайда, ұл мен қыздарынан қамқорлықты өздеріне қолдау қажет кезде іздемей, олардың кішкентай шақтарында жанында болып, ата-аналық мейірім-шапағатыңды төккенге не жетсін?
Жалпы, алимент әке болмайды. Перзентіңнің жанарындағы қайғы-мұңнан, тіршіліктегі жетіспеу-шіліктен болатын бір тамшы жасқа сенің миллиондаған қаражатың пара-пар келе ме?
Кейбіреулер жылдар бойы бір перзентке зар болып, амалсыздан көмектесер деп киелі жерлерді зиярат етіп жатса, енді біреулер жеңіл өмір іздеп, туған ұл мен қыздарына тағдыр тауқыметін кештіртіп жатады.
Бір қуаныштысы, облыстық прокуратураның өткен кезеңдер-дегі мәліметіне қарағанда, ұл мен қыздарына алимент төлеуден қашқақтап жүрген әкелердің саны едәуір қысқарыпты.
Жалпы, қазақ ұрпақты байлық-қа санаған. Сол балажандылық қасиетімізді ешқашан жоғалтпай, ар-ожданымызды әрқашан да жоғары қояйық, шаңырағымызды шайқалтпай берік ұстайық, ағайын!
Оразалы Жақсанов