Ислам - бейбітшілік діні.

Ислам - бейбітшілік діні.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Араб тілінде «Ислам» сөзі бойсұну, бағыну, мойындау мағынасын білдіреді. Шариғатта бұл сөз «Аллаға тек оған ғана ғибадат етіп бағыну, бұйрықтарын орындау арқылы бойсұну және көпқұдайшылықтан арылып, оның жақтастарына қарсы болу» деген мағынаға ие болған.

Алғашқы адам баласы болған хазіреті Адам (ғ.с.) – алғашқы пайғамбар, адамзаттың алғашқы діні – хақ дін. Хазіреті Адамнан хазіреті Исаға (ғ.с.) дейін келген барлық пайғамбарлар адамдарға Алланың бір екендігін баяндаған және Аллаға калай ғибадат етілетіндігін үйреткен. Бірақ бұл пайғамбарлар жеткізген иман негіздері және діни қағидалар уақыт өткен сайын бұрмаланып, түпнұсқалары жойылған.

Осыған байланысты Ұлы Алла соңғы пайғамбар Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы бүкіл адамзатқа соңғы және ең тамаша Ислам дінін жіберген. Қазіргі таңда дүние жүзіндегі шынайы ақиқат дін – Ислам діні. Батыл және мухарраф діндердің Алла алдында ешқандай құны жоқ. Алла алдында қабылданатын тек Ислам діні.

Бұл шындық Ұлы Алла тарапынан Құран кәрімде былай білдірілген: «Алла құзырындағы дін тек Ислам ғана» («әл-Имран» сүресі, 19-аят); «Кімде-кім Исламнан басқа дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де, ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» («әл-Имран» сүресі, 85-аят).

Алла тағала Құран кәрімде былай баяндайды: «Адамдардың қолекі істегендерінің кейбірінің сазайын татыру үшін құрылықта әрі теңізде бұзықтық шықты. Мүмкін олар, бағыттарынан қайтар» («Рум» сүресі, 41-аят). Бұған қарағанда құлшылықпен бағынудан, яғни Исламнан алыстау құрлықтағы және теңіздегі тәртіп пен сәйкестіктің бұзылуына себеп болады. Әр пайда болатын апат сияқты оқиғалар күнәһарларға бұл дүниеге қарасты азғантай бір жаза ретінде беріліп, олардың кайтадан Исламға оралула-рын камтамасыз ететін ескерту көріністеріне толы.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір сөзінде былай дейді: «Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең». Мұндай қағида қасиетті Құранда да көрсетілген. Олай болса, соңғы уақыттары жиі орын алып жаткан лаңкестік әрекеттер, қаншама бейкүнә жанды қыр-шынынан қию – Исламға, Құранға, мұсылманшылыққа жата ма? Керек десеңіз адам өлтіру былай тұрсын, малды қинаудың өзі Исламға теріс.

Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттер мен Исламның ешқандай байланысы жоқ. Ислам діні – жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген соңғы дін. Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің сөйлеуімен, өзгелермен қарым-қатынасымен, қысқасы әрбір іс-әрекетімен іс-жүзінде көрсетуші тұлға болмақ.

Беліне бомба байлап, өзгелердің жанын қию үшін өзіне де қол жұмсаған жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Шейіттік мәртебе бейкүнә жандарды өлтірумен келетін «оңай» нәрсе емес.
Исламда мақсат кандай таза болса, оған апаратын жолдар да сондай таза болуы тиіс. Террорлық әрекеттер арқылы ешбір мәселе қазірге дейін шешілмеген. Әрі бұдан кейін де террорлық іс-әрекетпен мәселе шешілмейді.
Барлық лаңкестік әрекеттер Ислам үшін жасалған күрес емес, керісінше Исламға қарсы бағытталған күрес.
Кейінгі кезде Ислам мен терроризмнің бірге айтылуы – тырнақ астынан кір іздейтін Ислам дұшпандары үшін таптырмайтын олжа болды. Сондықтан қандай жағдайға душар болса да, Исламның, мұсылманшылықтың атына кір келтіретін лаңкестік әрекеттерден мұсылмандар аулақ болуы керек. Себебі белгілі бір жағдайлар, дағдарыстар мен саяси ойындар күнде өзгереді. Ал діннің ұстанымдары мен ереже-қағидалары мәңгілік. Өтпелі жағдайлармен діннің атына кір келтіруге болмайды.
Ислам дінінің ерекшіліктерін айтар болсақ, төмендегі мәсе-лелерді тізген болар едік:
1) Ислам – ең дұрыс иман діні. Сенім негіздері үнемі ұлы әрі мықты негізге тірелген. Адамның абыройы мен қасиетіне зиян келтіретін Аллаға серік қосу сияқты сенім бұзықтарынан мүлде алыс;
2) Ислам – соңғы дін. Ислам дінінен басқа дін келмейді, үкімдері қиямет күніне дейін жалғасады. Ислам дінін адамдарға жеткізіп баяндаған Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) – соңғы пайғамбар. Одан басқа пайғамбар келмейді.
3) Ислам – адамның рухын тойдыратын ғибадат діні. Құлдар орындауға жауапты болған ғибадаттар денені де, рухты да жақсылықтарға жеткізетіні соңшалық, көңілдер сол ғибадаттардың бітпес ләз-заттарымен жәннат өмірін сүреді.
4) Ислам – дүниежүзілік дін. Алдыңғы пайғамбарлар жеткізіп баяндаған діндер тек кана белгілі бір ұлтқа, халыққа келсе, Ислам бүкіл дүниежүзіндегі халықтарға жіберілген.
5) Ислам – рахмет, мейірім діні. Адамзат баласы талай күнә және ғапылдық батпағынан шыға алмай жүргенде істегендеріне қарап, оларды зиянға ұшыратып, жоюдан гөрі, рахым және кешірім жасап, бақытқа кенелтуге тырысады.
Мейірім, рахмет ұғымдарының Ислам дінінің ең маңызды негізгі ерекшіліктері болғаны соншалық, Қасиетті Құранның «Бисмиллаһир рахманир-ра-хим» деген ең басты сөзінде де Хақ тағаланың ең ерекше аты болған Алла деген есімінің қасында мейрім ерекшіліктерін баяндайтын рахман және рахым сөздері келген, әрі ең алғашқы «Фатиха» сүресінің екінші аятында да осы есімдер қайталанған. Бұдан басқа бір сүренің ең алғашқы сөзінде де «Рахман» сипатын қолданып, сүрені осы атаумен атаған. Ал, бұл сүредегі: «Мейірімді Алла (тағылым етсін деп) Құранды үйретті!» деген аят Құранның бүтінімен адамзатқа Алланың мейрімі ретінде ұсы-нылғанын көрсетеді. Расында, Құран кәрімнің рахым және шипа болғаны «Исра» сүресінің 82-аятында баяндалған. Алла тағаланың пай-ғамбарларына берген ең ұлы ерекшеліктерінің бірі – мейрім-ділік екеніне де: «Біз сені күллі әлемге тек қана рахмет қылып жібердік», – деген сөзі дәлел («Әнбие» сүресі, 107-аят). Хазіреті пайғамбардағы (с.ғ.с.) бұл ерекшелік ешбір адамның күші жете алмайтын бір шыңдағы көрініс іспетті. Тайфта өзіне тас лақтырылып, қанға малшынған кезінде оған: «Уа расулалла, қаласаң, осы қауымды жоқ қылып жіберейін», – деген Жәбірейіл мен басқа періштелерге: «Жоқ, бұны қаламаймын! Мен рахмет пен мейірім пайғамбарымын!» – деп жауап бергені әрі сол қауым үшін қайыр-дұға етуі оның кең мархабатының белгісі. Исламда иманның алғашқы жемісі мархабаттан тұрады деп айта аламыз.
6) Ислам дінінің үкімдері бар-лық адамдардың мұқтаждары-на жауап бере алатындай кәміл. Сондықтан, басқа діндерге сенуге ешқандай қажеттілік қалмаған.
7) Ислам – сыпайылық, көркемдік және әдемілік діні. Ислам пайғамбарының айтуы бойынша, бұл дүниеде маңызсыз болып көрінген сыпайылық есеп күнінде өте маңызды болады. Әрбір жасаған іс-қимылы ең жақсы өнеге болған Алланың расулы (с.ғ.с.) осы мәселеде де біздерге кәміл үлгі. Ол біреудің істеп қойған қатесін түзеткенде де сыпайлықты, нәзіктікті тастамайтын, кісінің тіке бетіне емес, жалпыға қарап: «Маған не болып жатыр, кейбіреулеріңізді былай істеп жатқандай көремін!», – деп өзін қате көрген секілді көрсетіп, сөз бастайтын.
8) Ислам діні өзінен бұрын Алла тарапынан жіберілген пайғамбарлар мен діни кітап-тардың бұзылып, бұрмалан-баған түпнұсқаларын растап мойындайды.
9) Ислам діні алдыңғы пайғамбарлар баяндаған дін-дердің үкімдерінің күшін жойған. Өйткені олар белгілі бір халыққа, әрі белгілі бір уақытқа жіберілген. Ал Ислам – қиямет күніне дейін жалғасатын дін. Ислам дініне құрмет көрсетіп, бейбітшілікті сақтайық.

Р. ҚОНЫСБЕКҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: