Қабір қысымы

Қабір қысымы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) таңдаулы сахабаларының бірі ансарлық Сағд ибн Муғаз (Алла оған разы болсын) дүние салып, оны қабірге қойған кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бұл үшін Рахманның аршысы шайқатылды және ол үшін аспан есіктері ашылды. Ал оның жаназасына жетпіс мың періштеқатысты. Ол (қабірде бір сәт) қысылды да, сосын барып оған кеңшілік берілді», – деген.

Яғни хадистен аңғарғанымыздай, қабір қысымы онда қойылған әрбір пендеге болады. Сол себепті де мұндай ұлы дәрежеге ие Сағд ибн Муғаздың өзі қабірге түскен кезде бір сәт қысылған.

Алла елшісі (с.а.с.): «Расында, қабірдің қысымы бар. Егер одан біреу құтыла алғанда, онда, сөзсіз, Сағд ибн Муғаз құтылар еді», – деп айтқан.

Қабір азабына қатысты дәлелдер

а) Құрандағы дәлелдер

Құранда қабір азабының болатынын баяндаған көптеген аяттар бар. Мәселен, төмендегі екі аяттың қабір азабына қатысты айтылғанына ғұламалар бірауызды пікірде болған. Әрі бұл аяттарды имам әл-Бұхари «Жаназа» кітабының «Қабір азабына қатыстылар бабында» келтірген. Онда Алла тағала: «(Мұхаммед!) Егер залымдарды өлім арпалысында періштелер қолдарын созып: «Жандарыңды шығарыңдар! Бүгін Аллаға қарсы орынсыз сөйлегендерің, Оның аяттарына менменсігендерің себепті қорлаушы азаппен жазаланасыңдар», – дегенде бір көрсең!»;

«Оларды екі рет азаптаймыз. Сонан соң олар зор азапқа қайтарылады», – деген.

Яғни Алла тағала Ақыретке дейін адамды екі рет: дүниеде және қабірде азаптайды. Сосын барып Ақыреттегі мәңгілік азабына қайтарады. Хасан әл-Басри аяттағы «Оларды екі ретазаптаймыз» деген сөзді: «Дүниедегі азап және қабірдегі азап», – деп түсіндірген.

Сондай-ақ ғұламалардың қабір азабына нақты дәлел ретінде түсінік бергені Алла тағаланың мына сөздері: «Перғауындықтарды сұрқай азап баурап алды. Олар ертелі-кеш отқа ұсынылады. Қиямет-қайым болған күні: «Перғауындықтарды азаптың ең ауырына кіргізіңдер!» – делінеді»;

«Алла иман келтіргендерді дүние тіршілігінде де, Ақыретте де мықты сөзбен бекітеді».

Мүмін пенде өмірде қандай қиындық көрсе де, «Алладан басқа ешбір құдай жоқ. Мұхаммед – Алланың елшісі» деген сенімнен айнымайды. Әрі қабірдегі сұрақтарға да дұрыс жауап береді. Ал залымдарды Алла сөзден жаңылдырады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) жоғарыдағы аятты: «Қабір азабына қатысты түскен», – деген.

ә) Сүннеттегі дәлелдер

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте, ол: «Маған Мәдина яһудилерінің екі кемпірі кірді. Олар: «Қабірдегілер қабірлерінде азапталады», – деді. Мен олардың сөздерін растағым келмей, өтірікке шығардым. Сөйтіп, ол екеуі шығып кеткен соң, маған Алла елшісі (с.а.с.) кірді. Мен оған: «Уа, Алланың елшісі! Маған Мәдина яһудилерінің екі кемпірі кірді. Сөйтіп: «Қабірдегілер қабірінде азапталады», – деп айтты», – дедім. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Ол екеуі рас айтқан.Расында да, олар сондай бір азаппен азапталады, оны жануарлар (ғана) естиді», – деп айтты», – деген1.

Қабірдің жан шыдатпас азабында жатқан адамның айқайлап, шыңғыратындығы жайлы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінде анық айтылған. Тіпті оның даусын адамзат пен жыннан басқа бойында жаны бардың барлығы естиді. Мұндай азапқа түспесі анық Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі үнемі Алла тағаладан азаптың осы түрінен құтқаруды сұраған. Бұл сөзімізге Айша анамыздың (Алла оған разы болсын): «Мен оның намазда қабір азабынан пана сұрамаған (кезін) көрген емеспін», – дегені дәлел болмақ.

Әсма бинт Әбу Бәкірден (Алла әкесі екеуіне разы болсын) жеткен риуаятта, ол: «Алла елшісі (с.а.с.) құтпа жасап тұрып, кісі сынаққа алынатын қабір сынағы жайлы айтты. Оны айтқан кезде адамдар (қорқыныштан) шулап кетті. Тіпті мен (ол шудан) Алла елшісінің (с.а.с.) сөзін түсінбей қалдым. Сөйтіп, өзіме жақын тұрған бір кісіге: «Ей, Алла береке бергір! Алла елшісі (с.а.с.) сөзінің аяғында не айтты?» – дедім. Ол (кісі маған): «Алла елшісі (с.а.с.): «Расында, маған уахи етілді: қабірде Дәжжалдың фитнасына жақын фитнаға ұшырайсыңдар», – деп айтты», – деді», – деген4.

Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын) Зәйд ибн Сәбиттен (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Зәйд: «Пайғамбар (с.а.с.) бәну нажжар (руының) егістігінде қашырының үстінде келе жатқан-ды. Біз онымен бірге едік. (Оның (с.а.с.) астындағы қашыры) тулап кетіп, оны жыға жаздады. Қарасақ, бес-алты қабір бар екен. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Мына қабірлердің иелерін кім біледі?» – деді. Сонда бір кісі:«Мен», – деді. Ол (с.а.с.): «Бұлар қашан өлген?» – деді. (Әлгі кісі): «Олар ширк дәуірінде өлген», – деді. (Сонда Алла елшісі (с.а.с.)): «Расында, бұл адамдар қабірлерінде бәлеге душар болып жатыр. Сендер бір-бірлеріңді жерлейтін болмағандарыңда, Алладан сендерге өзім естіп тұрған қабір азабын естіртуді сұрар едім», – деп айтты», – дейді.

Пайғамбар (с.а.с.) қабірлердің жанынан өткенде, олардың дауысын еститін болған. Егер адамдарда қабір азабының даусын есту қабілеті болғанда, қабірге деген қорқыныштан олар бірін-бірі жерлемей қояр еді.

Әбу Айюб әл-Ансари (Алла оған разы болсын): «(Бірде) Алла елшісі (с.а.с.) күн батқаннан кейін (тысқа) шықты. (Кенет) дауыс естіді. Сонда (сахабалар): «Не естідің, уа, Алла елшісі?» – деп (сұрады. Алла елшісі (с.а.с.)): «Яһудилер қабірлерінде азапталып жатыр», – деп айтты», – деген.

Демек, қабір азабы туралы дәлелдер жетерлік. Оған сену – біздің ақидамыздың, иманымыздың бір бөлшегі. Ендеше, оған сенбеуге болмайды.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: