Ақылбай қарттың айтқандары

Ақылбай қарттың айтқандары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ақ сөңке тартып, салалы сақалын ақ қырау шалған Ақылбай қарт ұлының теледидарға телмірген жүзіне ұзақ қарап жанарына жас үйірді.

– Бүгін де жұмаға бармадың-ау... Бір жылыңның 52 аптасынан 52 сағатыңды қия алмағының ба? Денің сау, бойың дерттен есен! Неге құлшылылығыңды тәрк етесің... Мен сен арқылы Жасаған Ием алдында жүзім жарық болғанын қалаймын, неге түсінбейсің, ұлым?!

Шылым тартасың, күніне 1 қораптан 20 тал темекіңнің әр талын құшырлана 3 минуттан кем тартпайсың, 24 сағатыңның 1 сағатын ғибадаттан қиып сол зияндыққа айырбастайсың... бақыт көпірін қиратып, өкініш орын қазып жүргеніңді сезбейсің-ау...

– Оу, заман! Қайран заман! Құдайдың құлы азған заман! Қайғы зарын күллі жерге жайған заман! Ата-анасын сататын делдалдар шықты: олар тас құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібіткен ата-анасын дүниеге, қу нәпсінің құлқына айырбастаушылар. Тастанды балалар туды, 50 мың қарагөз немерелерім қайда бармақ, жан жылуын кім бермек?! Ай заман, заман-ай... Жемқор, пайдақор, зинақор, пәлеқор, нашақор, араққор, парақор, залымқор, шылымқор... Өңшең ел ішін іркіттей іріткен, қор қылған, қапыда қапқан қақпанның қаптатқан «қорлары» қоюланып, заманның сиқын кетіргенін-ай...

– Кейуана киесіне кеген кемпір, саған не жоқ?! Сериалдан басыңды алмай, теледидар алдында телмірген жас баладай түрік-кәріс сериалдарына сағаттарың сарп ету түкке тұрмайды, ұлы құлшылық – намазға келгенде ауырсынасың да тұрасың ... Айтарың ақыл-өсиет емес, әртіс пен көк жәшіктің әлегі. Ұрпаққа қайдан қасиет қонып, қандай өнеге болмақ?

– Қызым, бір елдің үкілі үмітін арқалаған, құлыным менің! Сен ертеңгі аяулы анасың, асыл жар, бір әулеттің әуелеген әжесісің. Жан азығы – иманың, шырағыңның қорғаны болған – намазың қайда? Ата-баба салт-дәстүрі, ұлттық құндылық, таным тайқазанына сусап тұрған жайың бар, ұл-қызыңды ұлт иісінен жұрдай етпекпісің?

Жүзіндегі әжімдері өмірден жүріп жиған – несібесі дір-дір еткен ақсақал кейіген күйде ауладағы тілі салаңдаған кәрі төбетке қарап:

– Ит өмір. Е, Аллам, кешіре гөр, рахмет ете гөр! Дүниеден арқалағыным, алдыңа апарарым тек – амалым мен иманым болғай! Ұрпағыма осылай кейіп, өкініш білдіруім – бәрі-бәрі менің қауқарсыздығымнан, иә-иә, солай, қателік өзімнен... Тек өзіңмен ғана бақыттымын! Я, Жаратқан Ием..! Атамекен – мүбәрак мекен – Жаннатты сағындым!

Дария қария орнынан түрегеп, мешітке қарай бет алып, жүріп барады. Бірақ, ақсақалдың айтқандары тек ішінен, санасында сайраған сөздерітұғын.

Асан Әлі Анарбайұлы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: