Аурухана - тәубешілдер мекені

Аурухана - тәубешілдер мекені

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кіл кірпік қатар қонған көзімді сызылтып аштым... Айналам аппақ... Қабырға, жатқан төсегім, тіпті перде де, жылытқыш... бәрі аппақ түсті. Мен өзімді сүт теңізге батқан шыны үйде жатқандай сезіндім. Бір уақ ақ халатты ақ қалпақ киген дәрігер келіп «есін жиыпты» дегендей біраз қарап жаншошырлық азап у татыған инесін егіп, сусыма тамшыламасын қондырып кетті.

Ес жиып, өзіме келгенім бүгін ғана. Бас сақинамның ұстамасы ұстап, есімнен таңғаныма ғайыптан тайғандай төрт күн толыпты. Палатада дәрі мен аурудың алысқан азап иісі санамды бізбен түрткендей мазасыздандырып, тұншығып барам. Бой жазып, таза ауамен тыныстамаққа тысқа шығайын десем рұқсат жоқ. Терезеден тірілер әлемін тамашалап, ұзақ қарадым. «Ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің.» Ырас, денсаулықтың қадірін ешкім дәл мендей білместей, тіпті десеңіз, бар адамға айқай салып, болдырғым келеді. 

Қабырға жағалап, дәлізге беттедім... Қабылдау бөлімінің қақ ортасындағы күтушілер залында отырып уақыт оздырмақпын. Дәліз ментектестерге лық толы. Әр жұмырбастының жанарын мұң шалғаны көрер көзге анық, қараңғы түннің долы бораны түтесіп өткен. Тек көзінің қарашығы қараңғылыққа тап болып Тәңірінен үміт еткендей жалт-жұлт етіп мөлтілдейд. Иә, тек көзінің оты үміт шырағындай сенім күшімен лып-лып етеді.

Ақ басты дәрігерге жаутаңдай қарап, көңіліндегі күдік өртін сейілтетін сағымды, жаны күткен сіңімді сөзін күтеді. Сірә, сау адам қанша тырысқанымен жүзі сынық, жүрегі жарым уайым тұрғынының халін өзіндей етіп түсініп, сіздегідей сезіне алмасы белгілі. Өзімен бірге түнеген өткен күнәларына өкініш білдіріп, айыбын ұятқа балайды. Міне, мен де солардың бірімін. Әрине, ауру – сынақ. Әттеген-ай, саулығымда сүрінген сынақ, ауру сәтімдегі сынақтан қаншалықты ауыр десеңші, масқаралық емей неме десе болады мұны? «Қазаққа Құдай керек, кісі өлгенде немесе жаман түс көргенденің» кері келіп, кеш түсінетіндер қаншама... Әзәзіл азғырудан тарих чемпионы шайтан мен есепсіз есірген билеуші нәпсі ұғарыма қояр ма?

Мынау несі... Сырғыған төсекті сүйретіп екі ақбастылар барад... Үсінде ақ матамен бүркелген бақилық адам... Мә-йіт, мүр-де, де-не... Жүрегім дызылдап, миым шуылдап, әп сәтте барлық дыбыс, үн-сыбыр, ын-жыны аралас қарбаластың у-шуы сілтідей тынды да қалды... Дыбыссыз қозғалыстар, ығы-жығы адамдар, есіктен ескен қара суықтың ызғары бойыма үрей дарытып, қорқыныш зұлматы заматтап тұрып алды. Ақ халаттылар халқынан келген әлгі мәйіт тасушылар құдды жаналғыш Әзірейілдей көрінгеннен бе жаным терең шыңырауға еш арқансыз тасталған кейпі адам ұғып болмас сезімге батырылып барам. Атам қазақтың адам өмірі жайлы «ақ жаялық, ақ көрпе, ақыр соңы ақ кебін» деп айтқанында айнымас кесімді ақиқатына көзімнің жеткені жаңа ғана. Осыған қарап, өкініш арқылы Құдіретті тануға болатындай. Ұлы Жаратушы қандай Хикмет Иесі, ә, біреудің тағдырын түсіне білгенге тәлім етіп қойған, күмәнсіз бұл – Ұлы ескерту! Әр түн, әр күн, толық жиырма төрт сағат сауап тетіктерінен құралған, әр минуты – бір себет сауап. Адамшылықтың ұшар шыңына шығуға ұмтылғандар ғана танып біле алатын өмір екен бұл. Күллі дүние тыныштық бесігіне бөленген тұста, түнде тұрып, тағат-құлшылықпен жүрек дәрігері – нұрға бөленіп, жылдық сауапқа татитын нәпіл оразалар мен бір өзіне сексен үш жылдық үздіксіз шынайы құлшылықтың сауабын сыйдырған қасиетті Қадір түнгі ғибадаттар, ең бастысы – ақиқат нәрі сіңген ілім кілті...

Сауаптар акциясы мен Алла разылығы алеясын танымай жүргеніме таңым бар, мақрұмдыққа қалайша жол беріп алдым, қалайша..? Мәңгілік ғұмырдың бақытынан мақрұм қалған марқұм болғым келмейді. Әрине, танымсыздықтың, надандықтың нанынан басқаға үйірсектенбегеннің кесірі, жалқаулық пен нәпсінің қалауына қамалған, қарайып, қайратсызданған, тұлданып сыздаған нұрсыз һәм нәрсіз жүрегімнің әлсіздігі. Жанымның жарасын жазатын жалғыз ем – Хақты тануға бейіл беру, сонда жүрек саңылауларынан түскен сәулелі нұрға малынған ұрух ырақатын сезіне аламын, міне, осы – менің шипам. 

Айтпақшы, палатада мен және егде жас шамасында тәні науқас демесеңіз, жаны сау бір кісі жатады. Оның үнемі артынан келген тәтті азық-ауқаттарын көрші палатадағылар мен ақбастыларға таратып беріп, өзі бір үзім нан мен қара суды көңіліне талғажау тұтатынына таң қалдым. Аса жомарттықтың сырын сұрағандағы естігенім «Ұлым ойлашы, сеніңше, осы нығметке ылайықпын ба, – деді де, шамалы кідірді де, – өзім де білмеймін... сол себепті әр нәрсенің сұрауы бар... Шүкірін өтей алмайтын көп малдан, шүкірін өтей алатын аз мал абзалырақ демеп пе еді адамзаттың ардақ тұтар Тұлғасы. Әр нәрсенің өз зекеті бар» десімен есімді шығарып, қансорпа қара тер тұнытқан терең ойға батырмасы бар ма. 

Сондықтан қазіргі өмірім – құрсақ пен қабір арасындағы алтын көпір сынақ көпірімдегі жаннатқа жетелейтін сауаптар науқанынан кеш қалмауға тырыссам, екі дүниелік бақыттың дәмінен құқылы құлдан болуға үміттілер қатарынан қыла көр десем әбестік болмас. Ең өкініштісі – ақыреттің ақ таңын ақ жүрекпен аттыратын – асыл ақиқатты танымаппын. 

Түңіліс теңізіне тап болған ментектестер, қанша адамға қалай несібе бұйыртқан болса, солай есеп алушы ен дүниенің Иесі Алла мінберіне ақиқат баспалдағымен көтерілмекке бел байладым!

Асан Әлі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: