Медресе – елдік пен ерліктің қайнары

Медресе – елдік пен ерліктің қайнары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Бисмилләхир рахманир рахим.

Әуелгі мақтау – бүкіл әлемді жоқтан бар етіп жаратушы ұлы Алла Тағалаға болсын. Онан кейінгі мақтау, салауат сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) болсын.

Шариғат тілінде «білім» сөзі – бір мәселені жан-жақты біліп, анық-қанығына жете түсіну деген мағынаны білдіреді. Ілім алу, сауатты болу – хақ дініміздің басты талабы. Дүниеде Исламнан басқа дінде, білім мен ғылымды парыз деп санайтын дін жоқ. Сондықтан, Құранда ілім сөзі, онымен түбірлес зат есімдер мен етістіктер шамамен 750 рет кездеседі. 

Алла тағала құранның алғашқы аяттарын Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи еткенде (Алақ-1-5) аятында: «Оқы! Раббыңның атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің тәңірің де ең ардақты! Ол, қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті» деген. Осы аяттардан байқайтынымыз, алғашқы түскен кітап сөзі «оқы» сөзімен басталған. Бұл Алла тағаланың пенделеріне берген әмірі. Жоғарыдағы аятта ілімнің қандай түрін алу керектігі айтылмаған, сондықтан, мұсылман адам үшін барлық білім пайдалы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадис шарифінде «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» десе, тағы бір хадисінде- «Тал бесіктен, жер бесікке дейін білім үйрен» – делінген.

Ислам діні ғылыммен тығыз бітіскен. Себебі, Исламды ілімсіз тусіну, ұғыну, елестету әлбетте мүмкін емес. Әрі тек ғылымның өзі де Исламсыз құнды бола алдайды. Исламдағы ғылымның тамыры жоғарыда өткен "Алақ" сүресіненде жатыр.

Алла елшiсi (с.ғ.с.) алғашқы ғылым орталығы ретінде Мәдина қаласында мешіт жанынан "Суффа" медресесін салдырды. Міне, осы дәстүр жалғасып орта ғасырларда араб елдері мен Ислам діні тараған басқа да аймақтарда философия, медицина, эстетика, математика, астраномия тәрізді көптеген ғылым салалары қарқынды түрде дамыды. Осынау орта ғасырларда ғылымның ерекше дамуына Шығыстың, араб елдерінің, оның ішінде Орта Азия ғалымдары әл-Фарабидің, Әбу Әли ибн Синаның, Әбу Рушдтың, Бирунидің, Махмұт Қашқаридың, Жүйнекидің және тағы да басқа ғұламалардың сіңірген еңбегі өте айрықша. Қазақтың Отырар жерінде дүние-ге келген Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Узлаг әл – Фарабидің жалғыз өзі 128-дей ғылыми еңбек жазды. Сол дәуірдегі ғалым-дардың қай-қайсы да Жаратқан Иеміздің құдіреті күштілігін мойындады. Әл-Фарабидің аспан денелері, дүниенің пайда болуы туралы еңбектерінде Алла тағала үнемі бірінші орында тұр. Ол өзінің «Азаматтық саясат» деген трактатында: «Бірінші (Тұлға) жөнінде – бұл Құдіретті Алла деп сену керек» деп жазады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Ислам да ғылым медреселерден бастау алады. Қазіргі таңда медресе жайлы естігенде көпшілікке ол жерде тек қана діннен тыс ештене оқытылмайды деген ой келеді. Ақиқатында олай емсе, себебі, медреселерде діни пәндермен қоса дүниелік пәндер де оқытылып диплом беріледі. Қазақтын беделді, зиялы ақындары мен саясаткерлері медреселерде тәлім-тәрбие алған. Мәселен, Абай Құнанбаев, Ахмед Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді ұлт жанашырларын айта кеткен жөн.

Медреселерде Алла және оның елшiсi Мұхаммедті (с.ғ.с) тануды, дінін, отанын сүюді, әдеп-ахлақ, тазалық тағы басқа пәндерді оқытады. Ғұламалар бесігі болған аталған білім ордасында тәрбие алған тұлғалар тарихымызда белгілі, бүгінімізде де ерекше.

Сержан АЛМАНОВ,

"Һибатулла Тарази" медресесінің ұстазы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: