Құрбан айтты қалай өткізген жөн?

Құрбан айтты қалай өткізген жөн?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ халқы ежелден дініне берік болған, Аллаға құлшылық етуді жақсы білген халық. Ғибадат рәсімдерін ерекше құрметтеген. Оны халқымыздың мына бір сөздерінен де байқауға болады: «Аллаға жағам десең, азанды бол, ағайынға жағам десең қазанды бол», «Бейнамаздан кейнамаз жаман». Қазақтың ежелден мұсылман халық болғанын сол замандағы ақын-жыраулардың, би-батырлардың сөздері айқындайды. Қазақтың данасы Абай Құнанбайұлы иманнан кейінгі құлшылықтардың әрбір мұсылман үшін маңыздылығына тоқталады.

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапшы үшін бекітпей соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Құрбан айт мейрамы болатын ай – зул-хижжа деп аталады. Бұл айдың алғашқы 10 күнінде орындалған ғибадаттар өте қадірлі. Бұл туралы хадис шәріптерде былай делінген: «Зул-хижжаның алғашқы күндерінде ауыз бекіту – бір жыл ораза ұстағанмен, бір түн ғибадатпен өткізу және Қадір түнін ғибадатпен өткізгенмен пара-пар.

Құрбандық араб тілінен аударғанда – «жақындау деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күнінде шалынатын мал.

Құрбан айт мұсылман (ай) күнтізбесі бойынша зулхижжа айының оныңшы күнінен басталып, төрт күнге созылады. Бұл айдың бес күні, яғни арафа күні мен кейінгі Құрбан айттың үш күні – ташриқ күндері деп аталады.

Бұл күндері парыз намаздарынан кейін ташриқ айтылуы Арафа күнінің таң намазынан басталып, айттың төртінші күнінің аср намазына дейін созылады.

Ташриқ тәкбірі: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә илаһа иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил хамд». Ташриқ тәкбірін айту ер кісілерге – уәжіп. Әйел және мүсәпірге (жолаушыларға) шарт емес.

Құрбан айттағы мұстаһаб амалдар

Құрбан шалудың қоғамға тигізер пайдасы  зор. Өйткені, құрбан шалып оның етін тарату адамдар арасындағы сүйіспеншілікті арттырады. Еті жоқ-жітікке тарату – кедейлердің де мейрамды сезінулеріне, олардың да қуанышқа бөленулеріне алып келеді. Сонымен қатар, бай мен кедейдің арасында сүйіспеншілік, мейірім орйын алады.

Құрбан айт түндерін дұғамен немесе құлшылық етумен өткізу. Құран оқу, қаза болған намаздарын өтеу. Айт күні ерте тұрып, намазға ғұсыл алып бару. Жаңа немесе таза киім кию. Хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен қарау, құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздан алдын ештеңе жемей, намазға бара жатқанда тәкбір айту – Хз. Мүхаммедттің (с.ғ.с.) сүннеті.

Айт күндері мейірім-шапағат рақымдылық сезімін тудыратын күндер. Айт күндері әсіресе, ата-анаға ерекше құрмет көрсету – әрбір мұсылманның қасиетті борышы. Себебі, исламда Алла Тағалаға құлшылық етуге бұйырылғаннан кейі, ата-анаға құрмет көрсетуге нұсқау бірілген. Тіпті ата-анаға «уф» деп реніш көрсетуге шариғат бойынша тыйым салынады.

Айт күндері өзара кездескен мұсылмандар бір-бірлерін айтпен құттықтап, туыс, жора-жолдастарын зиярат етіп, оларға жақсы тілек білдірулері – әдептілік белгісі.

Сондай-ақ, науқастардың көңілін сұрап, оларға шипа тілеп, көршілер, ауылдастар мен мұқтаждарға ерекше құрмет көрсету, жетім-жесірлерге дұға ету, араласпай ажырап кеткендерді табыстыру – әрқайсысымыздың мұсылмандық борышымыз.

Құрбан айт мерекесі құрбан малдарын шалумен ерекшеленеді.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

 «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим әкелерінің сүннеті, яғни жолы» – деп айтқан.

Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы «Хаж» сүресінің 37-аятында былай баяндалған:

«لَن یَنَالَ اللَّهَ لُحُومُهَا وَلَا دِمَاؤُهَا وَلَکِن یَنَالُهُ التَّقْوَى مِنکُمْ کَذَلِکَ سَخَّرَهَا لَکُمْ لِتُکَبِّرُوا اللَّهَ عَلَى مَا هَدَاکُمْ وَبَشِّرِ الْمُحْسِنِینَ »

«Ұмытпаңдар! Ешқашан құрбанның еті, қаны Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе - жүректеріндегі тақуалық, Аллаға деген құрмет. Сендерге тура жол көрсеткен Алланы ұлықтауларың үшін; осылайша малды еріктеріңе бердік. (Мұхаммед Ғ.С.) Жақсылық істеушілерді қуандыр». Олай болса, мәселе Алла жолында аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалық көрсетуінде.

Құрбан шалу қажылықтың бір рәсімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылық. Құрбан шалу Алла елшісі (с.ғ.с.) Мадинаға қоны аударғаннан кейін, хижраның екінші қажылықтан тыс мұсылмандарға да міндеттелді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деп ескерткен!

Қазақтың ұлы ақыны Майлықожа бабамыз:

Зор сүйінші айтайын,

Мұсылман болып туғанға.

Ислам дінін қуғанға,

Намаз оқып зекет бер,

Айналмаңыз құр малға.

Садақа беріп нашарға,

Жақсы мал шалғын құрбанға! – дегеніндей қазақ халқы қашаннан Исламның өлеңдерінен аңғаруымызға болады.

Алла Тағала құрбанымызды, қажылығымызды және бүкіл құлшылықтарымызды қабыл еткей!

Әуелде де ақырында да Алла тағалаға мадақ! Алланың мол салауаты мен сәлемі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның әулиеті мен сахабаларына болсын!

Гүлжан АЛДАСАЕВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: