Қасиеті Рамазан айы өтіп, қадірі мен шарапаты биік Құрбан айт мерекесі де келіп жетті. Күллі мұсылман жұртының асыға күтіп, қуаныса тойлайтын айт мерекесі шаттық пен береке-бірліктің нышаны.
Құрбан (араб тілінде) – «жақындау, Аллаға жақындауға себеп болған нәрсе» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «Ғибадат ниетімен белгілі шарттары бар малды бауыздау» деген. Құрбан айт күндерінде (алғашқы үш күнінде) Алла Тағаланың ризашылығын алу ниетімен шалынатын құрбанға «удһийе» делінеді.
Құрбан мерекесі хижра жыл санауы бойынша Зул-хиджа айының оныншы жұлдызынан бастап қатарынан төрт күн аталып өтіледі. Осы күндерде құрбан шалынады. Соған байланысты бұл мереке құрбан мерекесі деп аталған. Бұл мерекенің тарихы Ибарһим аләйһис-сәләм мен ұлы Исмайл пайғамбардан бастау алады. Құрбандық шалу сауабы мол, әрі нәпсіге сын амал.
Ардақты пайғамбарымызы Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ешбір құл құрбан күні Алланың құзырында құрбандық қанын ағызғаннан артық жақсы амал жасай алмайды. Өйткені, шалынған мал қиямет күні мүйіздерімен, қылдарымен және тұяқтарымен келеді. Шалынған құрбандықтың қаны жерге ақпастан бұрын Алланың құзырында жоғары мәртебеге жетеді. Олай болса, шын көңілмен құрбан шалыңыз» дейді. Құрбандық шалудың сауабын сұраған сахабаға Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар» деп жауап берген. Сахаба тағы да: «Уа, Алланың елшісі, шалынған құрбандық мал жүнді (қой, қозы сияқты) болса, сауабы қандай болады?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз: «Жүннің әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар» деп жауап қайырған екен. Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Алла Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін «ләббайк» деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Бұл ақиқатты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың жетеді». (Сәффат, 37/107)
Құрбан шалу – ханафи мазһабы бойынша уәжіп. Бұған «Кәусәр» сүресінің мына бір аяты дәлел: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал». Мұсылмандардың ұлық екі мерекесінің бірі – Құрбан айт күні құрбандық шалудың рухани және әлеуметтік пайдалары өте мол. Мәселен, құрбандық шалу – қоғамда бауырластық, өзгеге көмек беру, жанқиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына және одан ары нығая түсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына және әр түрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға және етене араласуына едәуір ықпал етеді. Кедей, ет сатып ала алмайтын немесе қаражаты жетіңкіремей аз ғана мөлшерде ет алып жүрген адамдардың өмірінде құрбандықтың қаншалықты берекетті екендігіне көз жеткізу аса қиын емес. Құрбандық дәулетті кісіні мал-мүлкін Алланың разылығына бөлену үшін беруге үйретеді. Қол ұшын созып, көмектесуге ынталандырады және өзгеге жәрдем беруден алған рахат сезімін ар-ұжданымен сезіндіреді. Осылайша, оны сараңдық дертінен, дүниелік мал-мүлікке деген тәуелділіктен құтқарады.
Жоғарыда айтып өткендей құрбандықтың ақыретіміз үшін де қоғам үшін де берер пайдазы зор. Ал құрбандық қабыл болу үшін ең алдымен оны шын ықыласпен Алла разылығы үшін шалу керек.
Құрбандыққа шалынған малдың еті жоқ-жітікке, мұқтаждарға таратылып, күллі мұсылман жұрты татулық мерекесін тойлауға кіріседі. Әлбетте, айт ең алдымен намаз оқудан басталады. Тазалық шарттарын ойындап, күн нұр кірпігін қаққан сәттен бастап жамағат айт намазына жиналады. Ораза айтында таңертеңгісін айт намазына құрма секілді жеңіл тағамдардан дәм татып шығу дұрыс боп есептелсе, құрбан айтта нәр татпай шыққан абзалырақ. Өйткені, Пайғамбарымыз сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, ораза айтта пітір садақасы берілсе, құрбан айтта жай садақа беріледі. Құрбан айт намазына тездетіп баруды, ал ораза айт намазына сәл кешігіп баруды ғалымдар мұстахаб санайды. Құрбан айт намазын сәл ертерек, ал ораза айт намазын кішкене кешірек оқу абзал. Арапа – құрбан айтқа байланысты күн. Өйткені, қажылар сол күні қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін Арафат тауында белгілі бір уақыт тұрады. Арапа күні таңғы намаздан бастап, құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» айтылады.
Мұсылман бауырлар айт дастарқанын жайып, бірін-бірі үйіне шақырып, бұл бір мерекеге ұласады. Ал ең маңыздысы, Құрбан айт мұқтаж жандардың қиыншылығын аз да болса жеңілдетіп, шаңырақтарына шаттық сыйлауға аз да болса сеп. Сондықтан да, ол – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманынан күні бүгінге дейін халық жадынан өшпей, керісінше дәстүрінің үзілмес жалғасы болып келеді. Ерте заманнан мұсылмандық жолды ұстанған алаш даласында да Құрбан айт мейрамы – қазақ мәдениетінің қасиетті құндылығы болып қала беретіні анық.
Осы бір айтулы мерекеде Алла разылығына бөленіп, сауапты іс жасау әрбір мұсылманға бұйырсын. Алла Тағала жамағаттың шалған құрбандықтарын қабыл етіп, елімізге береке жаусын.
Данияр ЖҰМАБАЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,
«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.