Арафат және қасиетті қағба

Арафат және қасиетті қағба

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Арафат – Алланы пана тұтып, кешірім сұрайтын, мінәжат ететін орын. Арафат – қабірден тұрып, адамдардың лек-легімен маһшар алаңына жиналуын еске түсіреді. Барлық құлдар Алланың құзырында әлсіз, мұқтаж екендіктерін мойындап, Оның мейірімі мен ғафуын күтіп кешірім сұрайды. Жүрек пен көзден аққан тәубе жасына малынып, Аллаға шын жүрекпен жалбарынады. Бұл жерде әрбір адам баласы өміріне жаңа дәптер арнап, қалған өмірін құлшылықпен өткіземін деп Аллаға уәде береді.

Осылайша Арафат маһшардың көрінісін көзге елестетеді. Қияметтегі ахуалдың бір бөлігіне осы маңда куә боламыз. Шын мәнінде Арафат – бейне бір қабірден тұрып, әркімнің істеген күнәларына пұшайман болып, маһшарға қарай бейшара күйде аяңдап, Раббысына шынайы түрде жалбарынғанын көз алдымызға елестетеді. Бұл ақ матаға оранып, жалаң бас, жалаң аяқ күйде дүниенің барлық атақ-мансабынан арылу кезі.

Сондай-ақ, Арафат бізді тарих қойнауына жетелейді. Адам (ғ.с.) ата мен Хауа ана жұмақта Алланың тыйым салған жемісін жеп, жер бетіне бір-бірінен алыс жерге түсірілгені мәлім. Олар бірін-бірі ұзақ уақыт іздейді. Дегенмен, нәтиже шыға қоймаған болатын. Осы кезде Адам (ғ.с.) Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алла алдындағы құрмет беделін есіне түсіріп, Оның құрметі үшін кешіруін сұрайды. Алла оның бұл тілегін қабыл алып, оған Меккеге дейін жол сілтейтін бір періштені жібереді. Ал, осы кезде Жидда да өмір сүріп жатқан Хауа анамызға да жол көрсететін басқа періште жіберіледі. Ақыры, екеуі арафа күні екінті уақытында Арафат аймағында табысып, Жаратушыдан кешірім сұрап, шүкіршілік етісті.

Сыйлығы мен жақсылығы шексіз Алла тағала олардың дұғаларын қабыл етіп қана қоймай, ұрпақтарын да қияметке дейін жыл сайын сол күні осында кешірім тілегендерін кешіруге уәде берді. Міне, қажылардың Арафатқа шығып кешірім сұрауының мәнісі де осы.

Бұдан кейін Адам ата (ғ.с.) мен Хауа анамыз Алланың әмірімен қазіргі Мекке қаласын тұрақты қонысына айналдырды. Бұл қасиетті шаһар «Үммүл-Құра» деп те аталады. Адамзат мекенінің орталығы, ордасы дегенді білдіреді. Өйткені, адамдар ұлтына, тіліне, нәсіліне, түріне, атақ-даңқына қарамай ихрамға оранып, Алла тағалаға мінәжат етеді. Мұнда бай мен кедей, басшы мен қызметкер, ғалым мен сауаты жоқтар да бәрі-бәрі тең.

Осы қасиетті аймақ қауіпсіздіктің, тыныштық пен махаббаттың қайнар көзі, көңілімізді нұрландырып, береке пен рахымшылыққа бөлейтін қасиетті мекені. Бүгінгі таңда адамзат рухани дағдарысты басынан кешіріп отырғанымен, мұсылмандардың қажылық пен умра кезінде ынтымақ пен бірліктің, бауырмашылықтың ерен үлгісін көрсетуі әлем жұртын тамсандыруда. Бұл олардың түсіне де кіре бермейтін керемет көрініс. Батыс елдері қаншама ұлтаралық, халықаралық ұйымдар құру арқылы достықты нығайтудың алуан түрлі жолын іздегенімен тиімді нәтижеге қол жеткізуі қиялға айналып барады. Ал, мұсылмандар Алладан шынайы қорқып, миллиондаған жандар Арафатқа жиналып, бір үйдің балаларындай, бір үммет екенімізді естеріне алып, ынтымақ пен бірлікте Жаратушы Иеден кешірім сұрайды.

Мүміндердің құбыласы – қасиетті Қағба Құран кәрімде Алланың: «Аллаға сәжде ет, жақында!» («Алақ» сүресі, 19-аят) деген әмірімен намаз оқығанда бет бұратын бағыты.

Қағбаны кейбір ислам ғұламалары адамның жүрегіне теңейді. Өйткені, адам баласының қайсысы болмасын мұнда келгенде ынта-шынтасымен, бар болмысымен, жүрегін ақтара отырып, Алладан кешірім сұрап, истиғфар тілейді. Сондықтан қажылық Қағбаның асқақ дәрежесін ескере отырып, ерекше бір тебіреніспен орындалатын ғибадат.

«Байтуллаһ» яғни Алланың үйі деп аталатын Қағбаның Адам (ғ.с.) атадан бастап құлшылық орнына айналғандығын әрі шамасы жеткендерге қажылық парыз екені қасиетті Құранда баяндалған.

Қағбада «Хажари Әсуәд» деп аталатын қара тас орналасқан. Оған сәлем берудің өзі үлкен құлшылық. Осы арқылы жалғанның жылтырағынан бас тартып, шайтанның тұзағына түспеуге уәде беріп тұрғандай күй кешесіз.

«Хажари Әсуәд» тәуәпты бастау мен аяқтаудың белгісі. Қағбаның дерлік барлық тасы қазіргі күнге дейін талай рет ауыстырылып жөнделгенімен, қара тас күні бүгінге дейін сол қалпында сақталған. Оған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да құрмет көрсетіп, сүйген.

Қысқаша айтқанда Қағба – Алланың мейірімі мен рахымы жауған қасиетті мекен. Сондықтан да, әлемдегі мұсылмандар мүмкіндігі болып жатса осында келуге асығып, оны зиярат етуді аңсайды.

Алла тағала олардың дұғаларын, құлшылықтарын қабыл еткей! Қияметте жүзіміз жарқын болғай! Әумин!

Осман Нұри Топбаш

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: