Қашаған жырауша айтсақ, «дүниеге бізді шығарып, перзентті болып қуанып» есі кеткен, сəби біткен «періште көңіл пəктікпен, ақ сүтін сорып жұбанып» өскен ата-ана – əркімнің ең қимас асылы. Олар қалай асылың болмасын, «талай бөлдік ұйқысын, бесікте жылап мазалап; мəпелеп бізді өсірді, тəрбиелеп, тазалап», «жəне де көңілі шат болды, көтеріп алып сүйгенге, апыл-тапыл алдында, аяқ басып жүргенге. Шақырып еді балым деп, сүйіп еді жаным деп, жылы шырай күлгенде!» Ата-ананы құрметтеу – ең үлкен əдептілік. Қазақылықты бойына сіңіріп, мұсылмандық тəрбие көрген адамның ата-анасының көңілін қалдырып, ренжітуі, оларға қол көтеруі мүмкін емес. Өйткені Құранда Алла тағала былай дейді: وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِیَّاهُ وَبِالْوَالِدَیْنِ إِحْسَاناً إِمَّا یَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِیماً وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّیَانِي صَغِیراً
«Жаратушы иелерің тек өзіне құлшылық етуді, əке-шешеге жақсылық жасауды бұйырды. Олардың (əке-шешелеріңнің) біреуі не екеуі де қолыңда қартайса, оларға ешқашан «түһ» деп кейіс білдіруші болма, оларға ұрыспа! Үнемі жақсы сөздеріңді жаудыр, жанашырлықпен оларға құшағыңды жай, жұмсақтық таныт. «Уа, раббым! Олар мені кішкене кезімде қалай мəпелеп өсірсе, сен де оларға мейірімділік таныта гөр!» – деп дұға ет!». Байқасаңыздар, ата-ананы ренжіту былай тұрсын, Құранда оларға «түһ» деп кейіс білдірудің де жөн еместігі ескертілуде. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) тұл жетім өссе де, өзін кішкене кезінде емізген сүт анасы Халиманы көрген кезде, əрдайым құрмет көрсетіп, шапанын төсеп төріне отырғызған. «Əке-шешемнің екеуі бірдей, не біреуі қазір қасымда тірі болып, егер мен түнгі намазда «Фатиха» сүресін оқып тұрғанда, олар «Мұхаммед!» деп дауыстап шақырса, «Иə, құлағым сіздерде» деп дереу жандарынан табылар едім», – деген Алла елшісінің өнегелі өміріне көз жіберсек, үнемі қасындағы серіктерін, сахабаларын да ата-ананы құрметтеуге тəрбиелегенін көреміз. Бірде бір кісі келіп, қартайған шешесінің мінезінен мезі болғанын айтып шағымданды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Бірақ сені шешең тоғыз ай көтергенде, мінезі жаман болмаған шығар», – деді. Əлгі кісі: «Рас, айтам, мінезі шатақ», – деп айтқанынан қайтар болмады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Сені бауырына салып екі жыл емізгенде мінезі шатақ болмаған шығар», – деді. Ол тағы да райынан қайтпады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): – Сен үшін қанша түнді ұйқысыз өткізгенде мінезі жаман болмаған шығар? Əлгі кісі оның сауалынан кейін: «Мен оның борышын əлдеқашан өтегем, – деп қабағын кіржитті. Таңырқаған Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Анаңның ақысын қалай өтедің?» – деп сұрағанда, əлгі бейбақ «Арқама салып қажылығын жасаттым», – деді. Сонда Ақиық елші (с.а.с.): «Сен оның бір толғағын да өтей алмапсың», – деген еді. Хадистерінде: «Жұмақ – аналардың табаны астында»[66], «Кімде-кім ата-анасының жүзіне мейіріммен қараса, қабыл болған қажылықтың сауабын алады»[67], «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында»[68], – деп ескерткен Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қартайған ата-анасы бола тұра. Жаннатқа кіре алмағанның халі қандай өкінішті!» – деп шегелей түседі. Пайғамбар тəрбиесін көрген сахабалар да ата-анаға ерекше құрметпен қарап, оны бір-біріне насихаттап отырған. Оны мына бір оқиғадан анық байқауға болады. Бірде хазірет Əбу Хұрайра жолда кетіп бара жатып Əбу Ғассанды жолықтырады. Əбу Ғассанның соңынан бір кісі еріп келеді екен. Əбу Хұрайра арт жақта келе жатқанның кім екенін сұрайды. Əбу Ғассан ол кісінің əкесі екенін білдіргенде, Əбу Хұрайра оған дереу былай деді: «Бұл ісің жөн емес, Пайғамбарымыздың сүннетін ескермегенсің. Жүргенде əкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Əкеңнің не артынан жүр, не оң жағында жүр. Астың дəмдісін əуелі əкеңнің алдына тарт. Тамаққа алдымен əкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап, оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырма. Əкең ұйықтамай жатып, сен жастыққа бас қойма!». Ата-ананың қас-қабағын бағу, оларды қалтқысыз көңілден сыйлау, айтқанын екі етпеу тұрғысынан ірі мұсылман ғұламаларынан имам Əбу Ханифаның басынан өткен мына бір оқиға да сабақ бола алады. Шешесі бірде оған өтініш жасап, бір мəселенің жауабын ғалым Омар ибн Зəррден сұрап келші деп жұмсайды. Айтқан кісісі алты шақырымдай алыста тұратын. Əбу Ханифа анасының айтқанын екі етпестен дереу əлгі кісіге барады. Шешесінің өтінішін жеткізеді. Алайда ғалым ол жауапты білмейтіндігін айтып, арланбастан жауабын Əбу
Ханифаның өзінен сұрайды. Əбу Ханифа ол жауапты білетін еді, айтып берді. Таңырқаған Омар ибн Зəрр: «Өзіңіз де біледі екенсіз, маған несіне келіп əуре болдыңыз?» – деп сұрайды. Сонда Əбу Ханифа: «Шешемнің аузынан шыққан өтінішін сол күйі орындау – менің міндетім», – деп жауап берген екен. Өз уақытында теңдесі болмаған ғұламалардың бірі Имам Раббани Үндістанда болған кезінде Брахманистермен көп күресті. Парасаттылығымен көпшілігін тура жолға шақырды. Сол замандарда ел билеген Əкбар шаһ Индуизмнен, Буддизмнен, Христиан дінінен, біразын Исламнан алып қойыртпақ жаңа бір дін ойлап таппақ болып ниет танытты. Бұл қайткенде де мұсылмандарды тұқыртудың амалы еді. Шаһтың баласы Алемгир, Имам Раббаниді көріп іліміне құрмет танытып жүрген болатын. Бір күні: «Уа, имам, əкемнің істеп жүрген қылығы өзіңізге мəлім, қаласаңыз, мен онымен қарым-қатынасымды үзейін», – деп ақыл сұратты. Ол тұс Имам Раббаниды Əкбар Шаһтың түрмеге қаматып тастаған кезі болса керек. Өзіне қиянат жасалып, түрмеге қаматқанына қарамастан, Имам Раббани Ислам шегінен шықпастан, баласына: «Жоқ, ол сенің əкең ғой, əкеңді барынша сыйла! Құран қандай жағдай болмасын ата-анаға құрмет көрсету керектігін бұйырады», – деп жауап берген еді. Иə, ешқашан «алты ағаң жиылса да – ата, жеті жеңгең жиылса да – ана» бола алмаған. Ислам діні ата-анаға құрмет көрсетуде олардың игі батасын, тілек-дұғасын алуға шақырады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) үш адамның тілеген тілегі міндетті түрде қабыл болады деп, жəбірленушінің, келген қонақтың, сондай-ақ баласына жасаған ата-ананың дұғасын атаған. Сол себепті, көзі тірісінде ата-ананы разы қылып, алғысын көбірек алған жөн. Ата-бабаларымыз: «Əке-шешең жынды болса, байлап бақ», – дегенде, ата-анасы қандай жағдайға тап болса да, оларды бағып-қағып, құрмет көрсету – ұрпағына міндет екенін ұқтырғысы келсе керек. Бірде сахабалардың бірі Пайғамбарымызға келіп, бар ынтасымен дін жолында жиһадқа шыққысы келетінін, бірақ қолының қысқа екенін айтып өкініш білдіреді. Сонда Алла елшісі: «Үйдегі əке-шешең тірі ме еді?» – деп сұрайды. Ол: «Иə, шешем тірі», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Ендеше, сен үйдегі шешеңді жақсылап күтуге ден қой. Анаңның көңілін тауып, ризашылығын алсаң, қажылық пен ұмра жасағандай сауапқа кенелесің. Алла жолында қызмет ету бақытына қол жеткізген мұжаһидтің сауабынан да құр қалмайсың», – деп қайтарған-ды. Əйгілі Ақтамберді жырау осы бір ғибратты жайтты толғауына арқау етеді:
Меккені іздеп не етесің,
Меккеге қашан жетесің?
Əзір Мекке алдыңда –
Пейіліңмен сыйласаң
Ата менен анаңды!
Шал ақын да бұдан шет қалмай:
Мекке менен Мəдина жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші, – деп халық арасында ата-анаға құрметтің Меккеге барғаннан кем емес сауап екенін кеңінен насихаттаған. Дана Абай: «Əке ұрысса балаға ол да достық; Бала ұрысса əкеге жараса ма?!» дегенде, перзенттің өзін өмірге əкелуге себепкер болған ата-анасына қарсы келуі, сөз қайтарып, тайталасуы орынсыз екенін сынаған. Бес уақыт намазыңды жинамасаң, Ораза ұстап жаныңды қинамасаң. Алланың кешірмейтін бір күнəсі – Ата менен анаңды сыйламасаң, – деген Орманбай ақын да хадистерде айтылған ең үлкен күнəлардың қатарында ата-ананы сыйламаудың да бар екенін меңзеген. Қытай ойшылы Конфуций: «Ата-анаға қызмет көрсеткенде, аса жұмсақтық танытыңыз. Сіздің айтқаныңыз оларға ұнамаса, бұрынғыша қызметіне жүгіріп, сыйлаудан тартынбаңыз. Олардың айтқаны сізге ұнамаса, оны түк білдірмеңіз», – деген екен. Шындығында, əке-шешеге құрмет тек тірі кезінде ғана көрсетілмеуі тиіс. Ол кісілерді өмірден озғаннан кейін де сыйлай білген жөн. Бірде бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі, өмірден қайтқан ата-анаға жасайтын жақсылық бола ма, айтыңызшы, мен соны жасайын», – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: – Иə, бар, оларға игі дұға жаса, Алладан кешірім тіле, өсиетін орында, туыстығы бар кісілермен араластықты үзбе, достарын сыйлап тұр», – деп кеңес берген екен.
Құдайберді БАҒАШАР