Ісіңді жеңілдететін 3 өсиет

Ісіңді жеңілдететін 3 өсиет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Өмірлік емтихандарын «үздік» деген бағаға тапсырып, Қияметтегі ең керемет кітаптардың «авторы» болатын сахабалар бір-біріне мына үш нәрсені жиі өсиет ететін болған:

 1. Кімде-кім өзі мен Раббысы арасындағы қарым-қатынасын реттесе, Алла Тағала оның басқа адамдармен қарым қатынасын реттейді.

2. Кімде-кім Ақыретінің қамын жасаса, Алла Тағала оның бұл дүниедегі халін реттейді.

3. Кімде-кім ішкі дүниесін ретке келтірсе, Алла Тағала оның сыртқы келбетін сұлу етеді. 

Және жоғарыдағы оқиға кейіпкері сахаба Рабиа ибн Кааб (оған Алла разы болсын) мұны түсініп, амалына асыра алған абзал тұлға еді! Ол Алла мен Оның Елшісінің махаббатын көксеп еді, бұл дүниедегі мәселесі мәмілеге келді, уайымы өз шешімін тапты.

Алланың разылығын некемен іздеңдер!

Сайып келгенде, Раббысының разылығы мен Ақыретінің қамын ойлаған адамда ұтылыс жоқ. Неке де – Алланың разылығын іздеудің жолы. Себебі, неке зина деген зұлым күнәні тоқтатушы бірден-бір күш. Ал зинадан Алла разылығы үшін бас тарту, Алланың бұйрығын орындау, қорқу – тақуалық.  «Кім Алладан (Оның тыйғандарынан) қорқып сақтанса, Ол оған шығатын жол жасайды. Әрі Ол оған ойламаған жақтан ризық береді. Ал, кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші. Алла әрбір нәрсеге өлшем белгілеген». («Талақ» сүресі, 2-3-аяттар)

Ғұлама әс-Саади (оған Алланың рақымы болсын) келтірілген аятқа байланысты былай деген: «Алла тақуаларға тығырықтан шығудың жолын ғана жасап қоймай, ойламаған жерден ризық жібереді. Кім Аллаға тәуекел етсе, рухани және дүниелік істерде Алланың қамқорлығы жеткілікті. Сондықтан да, иман келтіруші үнемі Аллаға тәуекел етіп, Оның қолдауынан, зияннан сақтайтындығынан үміт етуі керек. Расында да, егер адам Аллаға тәуекел етсе, Ол оның барлық істерін ең жақсы жолмен жайғастырады. Басқаша қалай болсын, адам Алланы Өз құлына басқалардан ең Жақын, ең Бай, Қуатты, Күшті және Мейірімді Қамқоршы ретінде танымай ма?».

Неке – шашылудың емес, кедейліктен арылудың жолы

Сондай-ақ, жастар қауымының үйленуді кейінге қалдыруының басты себебі – ризық, қаржы-қаражат мәселесі (қалың мал, той, құдалық, баспана, күнделікті азық-түлікпен қаматамасыз ету т.б). Асылында, үйленуге ниеттенген адамға Алла Тағаланың көмегі жетеді. (Тирмизи). Неке – шашылудың емес, кедейліктен құтылудың бір жолы.  Бұл туралы бізге жеткен екі бірдей хадис бар: «Әйелдерге үйленіңдер, ақиқатында, олар сендерге мүліктерімен келеді» (Баззар, Хаким); «Некеден ризық күтіңдер» (Дәйләми). 

Бұл өсиеттерді сахабалардың сөздері толықтыра түспек: Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) айтады: «Мені некенің жеткіліктілігіне үміттенбейтін адам таңғалдырады. Алла Тағала: «Әрі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күндеріңнің түзулерің үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады. Алла – мейірімді Кең, бәрін Білуші» деп айтты емес пе?» («Нұр» сүресі, 32-аят).  Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) осы аятқа байланысты «некеден ризық-несібе күтіңіздер» деп үндеу тастайды.

Имам Қуртуби (оған Алланың рақымы болсын) жоғарыдағы аятқа байланысты: «Әйелдің немесе еркектің кедейлігіне байланысты үйленуді кейінге қалдырмаңыздар, егер олар кедей болса Алла өз ризығымен байытады. Бұл уәде – Алла разылығы үшін үйленгісі келетіндер мен оның тыйымдарынан бас тартатындар үшін» деген екен.
Келесі бір ислам ғұламалары: «Құдіретті Алла некенің кедейліктен арылтатын жол екендігін хабарлады» немесе «Алла Тағала некеге отырғандарды Өз рақымымен асырайтындығына уәде береді. Мұсылман үйлену немесе отбасын кеңейту материалдық жағдайды нашарлатады деп жансақ ойламауы тиіс. Өйткені, Алла Тағала шаңырақ көтеруге шақырып, қажеттіліктер мен кедейліктен арылтатындығына уәде берді. Оның көркем есімдерінің бірі – Кең және Білуші. Оның рақымы мен ізгілігінде шек жоқ. Ол кімге рухани және материалдық байлық керек екенін жақсы біледі. Және әрбірін Өзінің білімімен және даналығымен қамтамасыз етеді» деген.

Сөзсіз, Алла разылығы үшін үйленген жігітке әйелінің және бала-шағасының ризығы жетеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Орталарындағы әлсіздердің арқасында сендерге көмек көрсетіліп, қажеттіліктерің берілмей ме?» деген екен (Бұхари).

Демек, үйлену – мал-дүниеге береке әкеледі екен. Еркек жанұямды бағамын деп, әрекет жасап, жұмыс істеп, Аллаға тәуекел ете білсе, оның ісін Алла Өзі реттеп, мал-дүниесін молайтады. Тапқаны аз болса да мәні мен сәнін арттырады, рақатын көруді нәсіп етеді.

Тәуекел – иманның тазалығы мен күшін сипаттайтын жүрек амалдарының ең маңыздысы.Шынайы әрі ұлы үміттер ешқашан алданбайды. Алла ісін Өзіне тапсырғанды қорғауына алып, жақсылыққа жолын жеңілдетеді, қайғы мен мұңнан құтқарады. Ал дұға – кез келген тілегін қолына түсіруге мүмкіндік беретін мұсылманның қаруы.

Күллі әлем қазыналарының, жүректер мен тағдырлардың  Иесі Құдіретті Аллаға тәуекел еткеннің, арқа сүйегеннің нендей уайымы болсын?!

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: