Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз.
Мектепке дейінгі адамгершілік тәрбие – балалардың адами сана-сезімін, мінез-құлқын қалыптастыруды қамтиды. Дәлірек айтқанда, адалдық пен шыншылдық, адамгершілік пен кішіпейілдік, қарапайымдылық пен сыпайылық, үлкенді сыйлау мен ибалылық адамзат тәрбиесінің жүйелі сатылап қамтитын мәселелері.
Ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы балаға үлкен сабақ. Жас балалардың үлкендер не айтса, соны айтатыны, не істесе, соны істегісі келетіні белгілі. Баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені ол үшін адамгершілік тәрбиенің ең үлкені. Демек, жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның айналасындағыларға берер тәлімі мол болмақ.
Бүгінде көгілдір экранның, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының адамзат баласы үшін маңызы зор. Алайда аталмыш дүние адам психологиясына, тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жататыны жасырын емес. Өйткені, батыстан әкелініп жатқан айқай-шуға, қатігездікке толы, мағынасын түсініп болмайтын мультфильмдер бүлдіршіндердің санасына айтарлықтай әсер етуде. Шетелдің мультфильмдерінде балаларды қызықтыру аясы өте жақсы ойластырылған. Аталмыш дүниелер балалардың орнынан тапжылмай отырып көрулеріне арналғандай.
Мамандардың пікіріне сүйінсек, балалар мен жасөспірімдер теле-аудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экранның алдында өткізеді. Ол орта есеппен мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледидар алдында отырады екен.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демей ме? Мультфильм – жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Балаларымыз теледидардан не көрсе, соған еліктейді, жақсы мен жаманды да содан үйренеді. Ендеше жас буынның бойында туған тіл, мәдениет пен тарихқа деген қызығушылығын арттыру үшін, сондай-ақ, баланың ой-өрісін дамытуға, ұлттық рухтағы тәрбиесінің бекуіне жол салатын қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер көп шығарылу керек. Қазіргі ақпараттық заманда көгілдір экранның күшті насихат құралына айналғанын ескерсек, отандық телеарналарға балаға ұлттық тәрбие беретін қазақ тіліндегі мультфильмдер шығару кезек күттірмес мәселе екенін атап айтқым келеді.
Балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде ұлттық педагогика қашанда халық тәрбиесін үлгі тұтады. Халық педагогикасына нәрестенің сезімін ананың әуенімен оятатын бесік жырлары, даналыққа толы мақал-мәтелдер, жұмбақ-жаңылтпаштар, қиял-ғажайып ертегілері, ой-өрісті дамытатын ойындар, ұлттық тәрбие негіздері жатады. Міне, мұның барлығы адамгершілікке баулиды. Олай болса, тәрбие кілті – халық педагогикасында деуге толық негіз бар. Өйткені халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасы адамгершілікті, қайырымдылықты, мейірбандықты дәріптейді.
Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық сынды адамгершіліктің құнды қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен мұғалімдер шешуші рөл атқарады. Яғни рухани-адамгершілік тәрбие – екіжақты процесс.
Жас ұрпақты жастайынан тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Ешқандай жоғары білімсіз-ақ дана халқымыз тәрбиенің небір оңтайлы әдістерін бесіктен бастаған.
Әңгімелер, ертегілер баламен қатынасының ең нәтижелі құралы болып табылады. Атақты педагог Ы.Алтынсарин: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады», – деп атап айтқан. Ертегілерде жақсылық пен жамандық, батырлық, жауыздық, қорқы-ныш пен әділетсіздік бар екендігі белгілі. Сондай-ақ, олардың бір-біріне қарсылығы, ең бастысы, небір қиын-қыстау жағдайда қалай жеңіп шығу мүмкіндігі көрсетіледі.
Сонымен қатар, балалардың танымдық қабілетін дамытуда ойындардың да атқаратын маңызы зор. Ойын – мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына ықпал тигізетін басты құбылыс. Ойын – баланың бірінші әрекеті. Ол баланың қабылдау, ойлау, қиял, есте сақтау сияқты даму үрдістерінің жетілуіне көмектеседі. Баланың ақыл-ой белсенділігін қалыптастыратын, алған білімдерін тереңдететін де – ойын. Соның ішінде, ұлттық ойындардың орны ерекше. Қазақ халқының ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдықты, шапшаңдықты, логикалық ойлау қабілетін, ізденімпаздықты дамытады. Сонымен бірге, ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғары принциптеріне негізделген. Сондықтан болар, ойын үстінде бала өзін-өзі ұмытып, ортадағы іс-әрекетке ден қойып, өзгелермен еркін ынтымақтасып, бірге еңбек етуге құштар болатындығы байқалады.
Ұлттық ойын түрлері мен ауыз әдебиеті үлгілерін сабақта пайдаланудың арқасында жасөспірімнің салт-дәстүрге деген саналы көзқарасы кеңейіп, ана тіліне қызығушылығы мен ықылас-ынтасы артады. «Көкпар», «Алтын сақа», «Бәйге», «Тапқыр болсаң, талас жоқ», «Кім жылдам?» сынды түрлі зияткерлік ойындар бала қиялын дамытып, мүмкіндіктерін ашып, жаңалыққа, бәсекелестікке ұм-тылуға мүмкіндік береді.
М.Жұмабаев: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», – деген екен. Демек, халық педагогикасына сүйене отырып, баланы патриоттыққа тәрбиелеу, отансүйгіштік пен ұлттық намысын ояту – ең басты мәселелердің бірі. Бәсекеге қабілетті дамыған 50 елдің қатарына қосылу үшін де бұл мәселенің маңызы зор. Ендеше ұрпақ тәрбиесіне бүкіл халық болып жұмылғанымыз жөн. Сонда ғана көтерер жүгіміз жеңілдеп, көкжиегіміз кеңеймек.
Самал ТОҒЫМ