Туылғаннан омыраудан шыққанға дейінгі кезеңде бала тәрбиесі жоғарыда аталған қадамдармен басталады. Сонымен қатар, бұл кезеңде ең бастысы баланың жақсы тамақтанып, денесінің дұрыс өсуін қадағалау қажет. Дінімізде де көбінесе осы мәселелерге назар аударылған. Мысалы, ананың омырау сүті баланың бойында тұрақты қалыптасатын мінез-құлыққа үлкен әсер етеді. Қазақтың «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» деуінің мәнісі осында. Бір хадисте баяндалғандай «Нәрестеге берілген сүт адамның табиғаты мен мінез-құлқын қалыптастырады».Осы тұрғыда Ислам ғұламасы Имам Ғазали өз ойын былай білдіреді: «...Сол үшін алғашқы күндерден-ақ бала тәрбиесіне көңіл бөлу қажет. Егер басқа әйелдің сүтін еметін жағдай туса, тағамның халалдығына мән беретін діндар, салиқалы әйелді табу керек. Себебі, харам тағамнан пайда болған сүтте қайыр жоқ. Мұндай сүтпен қоректенген дене ластанып, жаман нәрселерге құмартып тұрады».
Адал несібемен асырау
Ата-ана міндеттерінің бірі – өз асының адалдығына, сондай-ақ бала-шағасына берер нәпақасының да адал болуына мән беруі керек. Мұсылман адам жанұясын хараммен асырайтын болса, ондай адамның үйленуі харам немесе мәкруһқа жақын болатындығын жоғарыда ескерткенбіз. Жанұямызды адал рызықпен асырап, бағуға міндеттіміз. Былайғы жұрт «басқалар да алып жатыр, көппен көрген ұлы той, неғылар дейсің», – деп, заман өзгерісі мен дәуір ығына жығылса да, біз ұрпағымызды харамға жақындатпау жағын сәт сайын қаперде ұстауымыз ләзім. Әсілі, харам жолмен тапқан табысымыз, сол табыспен қоректендірген ұрпағымыз тозақтың жиіркенішті заққумы (тозақтағы ағаштың аты) секілді бір күні міндетті түрде біздің жанымызды жараламай қоймайды. Әйтеуір бір опық жегізеді. Бала дүниеге келгенге дейінгі міндеттерімізді мінсіз орындасақ, онда сәбидің бақытты болатындығына үлкен үмітпен қарай аламыз. Алайда, ішкен-жегеніміз, киген киіміміз харам, өміріміз де хараммен былғанған болса, ұрпағымыздың болашақ бақытына өз қолымызбен балта шапқандығымыз. Алла тағала Құранның «Ағраф» сүресі 58-аятында былай дейді: «Топырағы құнарлы, жақсы жердің өсімдігі Раббыңның қалауымен көктейді, өседі. Ал тастақты, құнарсыз жерге өсімдік өнбейді, өскен күннің өзінде ол ештеңеге жарамайды». Осы аяттағы «жақсы жер» деген сөзді мұсылман ғұламасы Рағыб әл-Исфахани «балаларын адал аспен асыраған ата-аналар» деп тәпсірлейді. Бұндай ата- анадан туған бала-шаға, құнарлы жерде өскен өсімдік тәрізді жақсы тәрбиеленеді. Ал аяттағы «құнарсыз жер» деген сөз «балаларын харам сүт пен харам азықпен қоректендірген ата-ана» деп тәпсірленген. Ондай ата-анадан дүниеге келген балалар көбінесе бұзықтыққа салынып, қоғамның құтын қашырып жатады. Дегенмен, Ислам дінінде харам азықпен қоректенген балалардың да мінез-құлқын тәрбиелеуге келетіні айтылады.
Бір күні тақуа кісілердің біріне «Баламызды қалай тәрбиелесек болады?» деген сұрақ қойылыпты. Сонда әлгі кісі: «Адал тамақ беріп, сосын далаға шығарып жіберіңдер. Алла тағала оны өзі сақтайды» деп, адал рызықпен азықтанған баланың оңайлықпен жамандыққа бармайтынын айтқан. Алғашқы мұсылмандар адал азықтың бала тәрбиесіндегі рөліне баса назар аударған.
Фәйзул-Қадир, 4-т., 55-б.
Ғазали, Ихияу улумуд дин, 3-т., 165-б.
Ф. Гүлен. Чекирдектен чынара. Нил йайынлары. 2002. Б. 62-63.