Бір кісі далада жол жағалап келе жатып, жайылып жүрген бір топ түйеге ұшырайды. Өзіне жол ашпақ үшін қолындағы таяғын түйелерге таман лақтырып жібергені сол екен, таяғы құрғыр ұшып барып, бір түйенің көзін шығарады. Түйеші жолаушыдан түйенің көз құнын даулайды. Бұл бəледен құтылайын деп түйенің көзін ұрып шығарған адам тұра қашып, биік бір жардың кемеріне секіріп түседі. Сол уақытта жар астында көлеңкеде бір қарт кісі ұйықтап жатқан екен. Қашқын секіріп түскен салмағымен бейшара қартты басып өлтіреді. Мұны сол маңда жүрген қарттың баласы көріп қалады. Жолаушы қашады. Мұны түйеші мен қарттың баласы қуып келеді. Сорлы қашқын бір дарияның жиегіне келіп жетсе, қайықшы тұр екен. Сасқанынан қайықшыға «мені дарияның ар жағына шығарып сал, бір ширек ет берейін» дейді. Қайықшы қашқынды құрғаққа өткізеді. Бірақ қашқында қайықшыға беретін ет жоқ еді. Не қыларын білмей дағдарады. Қайықшы болса қашқынды жағасынан алып жібермейді. Сөйтіп тұрғанда кейінгі екі даугер келіп жетеді. Даугер енді үшеу болады: біреуі түйенің көзін, екіншісі атасының құнын, үшіншісі қайық пұлын сұрайды. Қашқын не қыларын білмей қатты сасады.
Қайықшы қашқынға: – Егер төлеуге етің болмаса, аяғыңның балтыр етін кесіп бересің! – деп дікеңдейді. Бұлар қанша дауласса да келісе алмайды. Ақырында сол маңдағы бір данышпан биге барып
жүгінуге тура келеді. Би алдымен түйешіге айтады:
– Əй, балам! Бір түйені мен анадай жерге тұрғызайын, сен қолыңа таяқ алып, сол түйенің көзіне дəл тигізсең, түйенің көзі түгіл, бүтін түйенің өзін үкім қылайын. Тигізе алмасаң, өзің жазалы боласың. Бұл сөздерді естіген соң, түйеші ойға қалып дауынан бас тартып кетіп қалады.
Би енді қарттың баласына айтады:
– Шырағым, мен осы адамды (қашқынды) жардың астына жатқызып қояйын. Сен жарға шығып, үстіне секіріп түс. Егер бар салмағыңмен қашқынды өлтірсең, өзім-ақ саған əкеңнің құнын төлейін. Бірақ өлтіре алмасаң, өзің өлесің. Бұл сөздерді естігенде қарттың ұлының зəресі ұшып, құн даулаудан қашады. Ал енді жалғыз-ақ қайықшы қалды. Данышпан қайықшыға айтады:
– Мынау адамның балтырынан бір ширек ет кесіп ал. Бірақ, бір ширектен бір мысқал артық та, кем де болмасын. Егер артық не кем болса, өз обалың өзіңе, басыңды аламын. Мұны естіп қайықшы да қашады.
Билер пара жемеңдер,
Жалғанды жолдас демеңдер.
Ақырет қамын іздеңдер,
Жалған бетті кезбеңдер.
Кісі ақысын алмаңдар,
Ауызға харам салмаңдар.
Дүние жиып өткен жоқ,
Бізден бұрынғы өткен пайғамбар.
Шортанбай Қанайұлы (1818-1881)