Үйдегі тыныштықтың, түсіністіктің ең негізгі қағидаларының бірі – сырттағы адамдармен қалай сыпайы және жақсы мәміледе болсақ, дәл сондай мәміленің жанұя ішінде де болуы! Сыйластық болған үйде бақ-береке де болады.
Ертеде бір жас жігіт отбасы ішінде қалай бақыт пен тыныштық орнатуға болатынын іздейді. Адамдар оған «Пәлен ауылда бір шал мен кемпір бар, білсе солар біледі бақытты тұрмыстың сырын, өйткені олардың ұрысқанын, бір-біріне дауыс көтергенін әлі ешкім көрген емес» дейді. Жас жігіт әлгі айтылған үйге барып, амандасып, хал-жағдай сұрасқаннан кейін үй иесіне келген себебін айтады. Қарт кісі дастархан басына қонақты жайғастырып отырғызады. Кемпірі дастарханға бір қауын әкеледі. Қарт кісі қауынға бір қарайды да, кемпіріне: «Ханым, бұл қауын онша піспегенге ұқсайды, ауыстырып әкелесің бе» дейді. Әйелі жарайды деп қауынды кері әкетіп, тағы бір қауын әкеледі.
Күйеуі «Бұл да болмады, тағы басқасын көрші» дейді. Әйелі жарайды деп, тағы алып кетеді. Қарт кісі келген қонаққа: «Әйелім онша таңдай алмаса керек, кеттік бірге барып таңдап келейік», деп екеуі бірге ас үйге кіреді. Ас үйге кіргенінде бір ғана қауын тұрғанын көреді. Қарт кісі қонаққа қарап: «Отбасы бақытының сырын түсіндің бе» деп сұрайды. Жас жігіт «түсінбедім» деп жауаптайды. «Балам, үйде бір ғана қауын бар еді. Мен білетінмін біреу ғана екенін, менің білетінімді әйелім де біледі. Мен қауынды алып кетіп басқасын әкел дегенімде, жарайды деп әкетіп дәл соны қайта әкелді. “Ей, шал, сен алжығанбысың, үйде бір ғана қауын бар, не айтып тұрсың” демеді. Мен бір нәрсе айтқанымда әйелім қарсы шықпайды, дереу айтқанымды орындайды. Ол да бір нәрсе айтқанында мен де оның көңілін қалдырмаймын. Сол себепті ұрыс-керіс те болмайды. Отбасы бақытының сыры осы» дейді.