Ақылың болса, арыңды сақта

Ақылың болса, арыңды сақта

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Арлылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Арлы кісі – ұят, иба, намыс, қанағат, әдеп, шүкіршілік секілді бірқатар игі қасиеттерді бойына жинақтай білген мол парасат егесі. Қазақ халқы – талайлы тағдырында сан түрлі қиындықтарды бастан кешсе де, арына дақ түсірмеген текті халық. Артық күлкі, артық ұйқы, артық тамақтың өзін арсыздыққа балаған ата-бабаларымыз ар тазалығына өткір сынмен қараған. Ел ішіне кең тараған «Мал сақтама, ар сақта», «Ердің құны бір ділдә, абыройы мың ділдә», «Ар – иманның жолдасы», «Ақылың болса, арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта», «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген нақыл сөздер соның белгісі.

Арлылық – тектілік пен көргендіктен, иман мен жігерден туатын қасиетті мінез. Арлы адам ең әуелі ұятын сақтайды, адамдық мінезден айнуды намыс көреді. Түлкімінез жарамсақтыққа, жағымпаздыққа, сатқындыққа, қорқаулыққа, аярлық пен арамдыққа бармайды. Тоғышарлық пен күнәдан бойын аулақ ұстап, дүниелік ұсақ-түйекке бола кісілік қадір-қасиетін төмендетпейді. Қандай жағдайда болмасын, өз тағдырына разылық танытып, тоқмейіл қалпын сақтайды. Кісіге қол жаймайды, ешкімнен ештеңе дәметпейді де. Арлы адам үшін кісіге масыл болудан артық қорлық болмақ емес. Табан ақы, маңдай терімен күн көріп, құдіретті Жаратушының алдында ғана бас иеді.

Бұндай асыл мінез турасында адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірінен көптеген өнегелі жайттарды кездестіреміз. Сүйікті елші өз өмірінде жоққа сабыр, барға қанағат етіп өте жұпыны ғана өмір сүрді. Не сұраса да, Ұлы Жаратушыға ғана қол жайды. Мұң-мұқтажын да пенделерге емес, ғаламның патшасы, өлшеусіз байлық егесі әл-Ғаниға арнады. Дұғаларында арлылықты тіледі. Жалқаулық пен қорқақтықтан құдіретті құдайға сыйынды. Ешкімді шылауында ұстамай, өз шаруасын өзі атқарғанды ұнатты. Үйдің ұсақ-түйек жұмыстарын өзі істеп, малға да өзі қарады. Базардан алып келе жатқан затын көтеріскісі келген сахабасына рұқсат етпей, «Әркімнің өз затын өзі көтергені жөн. Шамасы жетпесе ғана мұсылман бауыры көмектеседі»[1], – деп өсиет етті.

Хадистерінде мұсылмандарды қанша тарықса да алақан жаймауға, Жаратқаннан басқа ешкімге мұңын шақпауға, ашкөздік пен тоғышарлықтан аулақ болып, адал еңбекпен күн көруге шақырды.

Мына бір мысалдар соның айғағы. Бірде: «Уа, расулаллаһ, маған Аллаһқа да, халыққа да ұнайтын амал үйретіңізші», – деген бір сахабаға: «Дүниеге құмартпа, сонда Аллаһ сені сүйеді. Ешкімнің қолындағысына телмірме, сонда халық та сені жақсы көреді», – деген даналыққа толы жауап естіген[2].

«Сендердің ең қайырлыларың – ешкімнен еш нәрсе алмағандарың»[3], – деген Пайғамбарымыз тағы бірде қол жайып қайыр сұрап келген бір кісіні былайша жөнге салғаны бар. Одан үйінде пұл боларлық не барын сұрады. Әлгі кісінің жалғыз жамылғысы мен тостағаны бар екен. Пайғамбарымыз екеуін де алып келуін бұйырды. Заттарды мешіттегі кісілерге екі күміске сатты да, ақшасын иесіне ұстатып тұрып: «Бір күміске жейтін азығыңды ал, екіншісіне балта сатып әкел», – деді. Балтаны сатып әкелгенде, өзі балтаға сап дайындап қойып еді. Балтаны саптап беріп жатып: «Осы балтамен отын шауып базарға сат, екі аптадан соң келіп жолық», – деген еді. Екі аптадан соң әлгі сахабасы мәз-мейрам боп келді. Он бес күміс тапқан екен. Сонда Пайғамбарымыз: «Елге қол жайып тіленгеннен гөрі отын арқалап сатса да, әркімнің өз күнін өзі көруі әлдеқайда артық қой. Қайыр сұрау ауру, не кембағалдың ісі емес пе?» – деген еді[4].

Ауф ибн Мәлік (р.а.) әңгімелеген мына бір оқиға да расулаллаһтың сахабаларын арлылыққа баулығанын көрсетеді: «Біз жеті-сегіз кісі расулаллаһтың қасында отыр едік. Бір уақытта ол бізге: «Аллаһтың елшісіне серт бермейсіңдер ме?» – деді. Ал біз болсақ алдында ғана серт берген едік. Сол себепті: «Уа, Аллаһтың елшісі, жаңа ғана серт бермедік пе?» – дедік. Пайғамбарымыз: «Аллаһтың елшісіне серт бермейсіңдер ме?» – деді тағы да. Біз де қоймай: «Сізге аз ғана бұрын серт берген едік. Енді не үшін серт берейік?» – дедік. Сонда Пайғамбарымыз: «Аллаһқа құлшылық жасайтындарыңа, Оған серік қоспайтындарыңа, бес уақыт намаз оқып, толық мойынұсынатындарыңа, – сөйтті де даусын сәл бәсеңдетіп, – ешкімнен ештеңе тіленбеуге серт беріңдер», – деді. Ант етейін, сол жерде болған кейбір кісілер дәл сол күннен бастап қамшысы жерге түсіп кетсе де, ат үстінде тұрса да, ешкімді жұмсамай, өздері түсіп алатын болды»[5].

Рас, сахабалар арлылыққа қатты көңіл бөлді. Бір-бірін бауыр тұтып, қолындағы байлығын тең бөліскенде де бұл мінезден таймады. Меккедегі мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударғанда (һижрет) орын алған мына бір оқиға өте ғибратты. Сол көштен кейін Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұһажирлар мен ансарларды өзара бауыр етіп жариялайды. Бұны естігенде Сағыд ибн Рәби (р.а.) өзінің дәулетінің тең жартысын жаңадан келген діндес бауыры Абдуррахман ибн Ауфқа (р.а.) бөліп бермек болады. Сонда бұндай жомарт мінезге Абдуррахман ибн Ауф не деп жауап берді дейсіз ғой? Ол бар болғаны сыпайы ғана: «Аллаһ сіздің дәулетіңізге де, отбасыңызға да берекесін берсін. Сіз маған базардың жолын көрсетіп жіберсеңіз болғаны», – деген еді[6]. Ардақты сахабамыз дайын байлықты иеленгеннен гөрі өзі еңбектенгенді артық санаған. Әйгілі сахаба Әбу Хұрайраның да (р.а.) аштықтан көзі қарауытып құлап қалғанның өзінде ешкімнен ештеңе сұрамағаны айтылады.

Міне, нағыз арлылық!

Хадисте: «Кімде-кім тіленуден сақтанса, Аллаһ оны арлы қылады. Кімде-кім елге қол жаймаса, Аллаһ оның күнін ешкімге қаратпайды. Кім сабырлы болуға тырысса, Аллаһ оны сабырлы қылады. Адам баласына сабырдан үлкен, әрі қайырлы нәрсе берілмеген» делінгендіктен, сахабалар ешкімнен көмек сұрамай, қиындықтарға сабыр етіп, барынша арлы өмір сүруге тырысқан[7].

Ар мен абыройды сақтауда тарихта мұсылман ғалымдарының көрсеткен өнегесі өз алдына бір төбе. Олар қашан да ілімнің қадірін түсірмеуге жанын салған. Сол үшін бұйымтай айтып патша мен бай-бағланның есігін тоздырмаған. Атақ, мансап, шен-шекпенге құмартпай, тақуалық жолын мықтап ұстанған. «Ең жаман ғалым – патшаға жалынышты болып барған ғалым, ең жақсы патша – ғалымды өзі іздеп келген патша» деп қараған. Айталық, Аббаси әулетінің халифасы Харұн Рашид әйгілі ғалым Имам Мәліктен күн сайын ордаға келіп балаларын оқытуды талап етеді. Алайда ғалым оған мұның орынсыз екенін, қайта балалардың өзіне келіп сабақ алғаны дұрыс болатынын айтып, сонда ғана ілімнің қадірі жоғалмайтынын түсіндіреді. Қисынды уәжге тоқтап, кешірім сұраған халифа балаларын Имам Мәліктің үйіне жіберіп тұруға келіседі. Ұлық имам Әбу Ханифаның да адал саудамен айналысып, барынша жақсы киім киіп жүруі де осындай ізгі ниеттен туған. Ол ілім жолындағы шәкірттерінен қаражатын аямай, қажет кезінде өзі үйлендіріп, оларды өзгелерге мұқтаж етпеуге тырысқан. Яғни, басқаларға жалынып, тіленуіне жол бермеген.

«Сұм-сұғанақ ортасында ұялдым, күні-түні азап тарттым, құрыдым», - деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, қазақ халқы да өз тұрмысында ұятсыздық, тоғышарлық, ашқарақтық, жалқаулық секілді жағымсыз қылықтарды сынаған. «Мешкей деген жақсы ат емес», «Ашты тойғызарсың, ал ашкөзді қайтіп тойғызасың», «Сұқ семірмейді, ұры байымайды», «Жас ұялшақ келер, арсыз сұрамшақ келер» деген секілді сөздермен балаларын тәрбиелеген. Әсіресе, қыз баланың арлы, ибалы, әдепті болып өсуін қатты қадағалаған. «Қызға қырық үйден тыйым» жасап, оның абыройына ел болып жауапкершілікпен қарауға шақырған. «Арсыз болса, қызың жау» деп (Жетес шешен) қыздың арсыздығы тұтас елдің басына салық болады деп қараған.

Әбубәкір Кердері бабамыз (1861-1905) бір өлеңінде әдепті қыз бен әдепсіз қыздың мінезін былай деп суреттеген екен:

Қыз болуда не пайда?
Болмаса сабыр, салмағы.
Қыздарды көркем көрсеткен
Мінездің сынық болмағы.
Жігіттерді көргенде,
Жалтаң-жалтаң қараса
Кеткендей-ақ алмағы.
Оның аты қыз емес
Шайтанның ұшқан қаңбағы.
Ата-анадан асылы
Ұлықсатсыз жүрмеген.
Сұрамаған сөзді білмеген
Қыздардың осы саңлағы!
Қыздарды арлылыққа тәрбиелеуде әлі некелеспеген қыз бен жігітті оңаша қалдырмау, әйел затының ашық-шашық киінбеуі, ақ некені қадірлеу секілді Ислам дініндегі ұлағаттардың берері мол.

Бұған қоса, ата-бабаларымыз ар сақтауда нүктедей пайдаға бола үтірдей иілмеуге, болар-болмас дүниеге бола арын сатпауға, дүниеқоңызданып абырой төкпеуге, сақалын саудалап сүйкімін кетірмеуге, ешкімдің алдында төмендемеуге, шама келгенше кісіге қарыздар боп қалмауға, оның орнына не тілесе де Аллаһтан тілеуге шақырған.

Бұл турасында Ыбырай Алтынсариннің айтқан мына бір шумақ өлеңінде үлкен ғибрат жатыр:
Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,
Бір әділ қазынасы кең патшаңды ізде.
Қорексіз еш пендесін қалдырмайды,
Жаратқан бір Тәңіріңнен күдер үзбе!
Бұл бізге «Адамнан тілегеннің екі көзі, ал Аллаһдан тілегеннің екі бүйірі шығады» деген аталы сөзді еске салады.

Нұржан Наушабай да (1859-1919) бір өлеңінде осы ойды қостап, былай деген:

Пендеге пенде қылма жүз салдырып,
Телміртпе бір жаманға көз талдырып,
Мақұрым ете көрме, Раббым Қадыр,
Рахымет қазынаңнан құр қалдырып.
Бұл шумақтарда өзің сияқты пенделерге көз сүзгеннен гөрі қазынасы кең Жаратушыдан тілегеннің артықшылығы, Раббымыздың жомарттығы шексіз екені еске салынған. Расында да, Раббымыз жер бетіндегі сансыз тіршілік иелеріне күн сайын үзбей ризық беруші Раззақ, барлық нәрсеге құдіретті Қадыр. Оның рақым қазынасы ешқашан түгесілмейді. Құранда айтылғандай, адам баласы Аллаһқа мұқтаж, алайда Ол еш нәрсеге мұқтаж емес, әрі мақталуға лайық[8].

Иә, арлылық ең ізгі қасиет десек, арсыздық адамға ешқашанда жақсылық, опа әкелмейді. Арсыз адамның екі дүниесі де қараңғы. Ел де арсыз адамнан қашады. Өзінің қара сөзінде «Жарлы болсаң, арлы болма» деген мақалдың дұрыс еместігін сынаған Абай атамыз да «Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын!» демеп пе еді?!

Құдайберді БАҒАШАРОВ,
дінтанушы

[1] Хайсами, 5/122.
[2] Ибн Мажә, Зүһд, 1.
[3] Малик, Муатта, 2/998 (1814)
[4] Тирмизи, Зекет, 28.
[5] Мүслим, Зекет, 108.
[6] Бұхари, Буйу, 1.
[7] Бұхари, Зекет, 265/3.
[8] «Фатыр» сүресі, 15-аят.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (50)

Оқи отырыңыз: