Өлімді еске алудың артықшылығы

Өлімді еске алудың артықшылығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

“Мені” мен “менікінің” айрылғанын

“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.

©Абай Құнанбаев

Өмірді, дүние ләззатын құша сүйген адам көп жағдайда ақиқат болған өлімді еске алудан қашқақтайды, өлім жайлы айтылса, көңілі құлазып, жүрегі сыздайды. Сол сәтте Алла оның жанын әкететіндей тыпыршып, әңгіме сарынын басқаға ауыстырады. Алла тағала Құран кәрімде ондай адамдар жайында:

(قُلْ إِنَّ الْمَوْتَ الَّذِي تَفِرُّونَ مِنْهُ فَإِنَّهُ مُلَاقِيكُمْ ثُمَّ تُرَدُّونَ إِلَى عَالِمِ الْغَيْبِ وَالشَّهَادَةِ فَيُنَبِّئُكُم بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ)

Мұхаммед (ﷺ) оларға: «Расында сендер қашқан өлім; әрине ол, сендерге кездеседі. Сосын көместі, көрнеуді білуші Аллаға қайтарыласыңдар. Сонда сендерге істеген істеріңді түсіндіреді» де.[1]

Дүние ләззатына мас болған мұндай пенделер өлімді еске алса да күрсіне, дүниесін қимастықпен еске алады. Бұл еске алу оны Жаратушысы Алладан одан бетер алыстата түсіреді.

Екінші бір адамдардың бойында өлімге деген қорқыныш болғанымен оның бұл қорқынышы тәубасының қабыл бола ма? болмай ма? немесе салихалы амалдарым жеткіліксіз бола ма деген алаңдауынан туындайды. Ондай адамдар өлімнен қорқады. Бұл пайғамбарымыздың (ﷺ): «Кімде-кім Алламен қауышуды қаламаса, Алла да онымен қауышуды қаламайды»[2] хадисі шеңберінде кірмейді. Бұл адамның кейпі Раббысы оны разы болған күйде қарсы алғанын қалайтын адамның жағдайына ұқсайды. Өйткені ол Алламен қауышуды жек көрмейді, оның өлімнен қорқуындағы себеп — Алла алдына дайындықсыз бару.

Және адамдардың ішінде абзал болған бір топ өлімді бір сәт есінен шығармайды. Әрбір құбылыс ол үшін бұл өмірдің пәнилігін паш етіп тұрғандай көрінеді. Ол адамның күйі жақын арада мәңгі сапарға аттанатын адамның кейпіне ұқсайды. Дүние ләззаттарын жек көріп, тек ақыреттік азық дайындауды игі тұтады.

Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің мүбарак хадисінде:

«أكثروا من ذكر هاذم اللذات»

«Ләззәт атаулыдан үзетінді (өлімді) көбірек еске алыңдар»[3], деген. Хадистегі «ләззат атаулыны үзетін» деген сөз адамды рахатқа бөлейтін дүние мүлік пен іс-әрекет амалдар. Салихалар үшін намаз оқу, қайырлы амал жасаудан артық ләззат жоқ болса, күнәһарлар үшін күнәға одан бетер бата түсуден артық ләззат жоқ.

Пайғамбарымыз басқа бір хадисінде:

«لو تعلم البهائم من الموت ما يعلم ابن آدم ما أكلتم منها سمينا»

Егер жануарлар адам баласы білген нәрсені білсе, ішінде семізін кезіктірмес едіңдер, деген.[4]

Шын мәнінде өлімді жиі еске алу — дүниенің құлы болудан алыстатып, ақыретке дайындығын күшейтеді. Ал өлімді ұмыту болса, адамды дүние батпағына одан бетер батыра түсіреді. Адам баласы үшін бұл өмір Алланың тыйымдарынан алыстау, әмірлерін орындау арқылы өзінше бір қапас іспетті болса, кәпірлер үшін бұл өмір жәннат іспетті өйткені нәпсісінің қалауын беру үшін ешқандай кедергілер, тыйымдар жоқ. Бірақ істің ақиқаты ақыретте керісінше болмақ мұсылман үшін осы өмірдің сынақтарына, тыйымдарына шадап баққаны үшін жәннат нәсіп етілсе, бұл өмірде ешбір кедергісіз нәпсісін тояттаған пенделерге ақырет мәңгі қапас тозақ болмақ.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) бір хадисінде бір қауымның қасынан өтіп бара жатқан кезде олардың ойын сауыққа беріліп, күліп жатқанын көреді сол кезде:

شوّبوا مجلسكم بذكر مكدِّر اللذات». قالوا: وما مكدر اللذات؟ قال: «الموت

«Отырыстарыңда ләззатты тоқтататын амал жайында көбірек еске алыңдар», дейді. Сол кезде олар: «Ләззатты тоқтататын не?» дейді. Ол: «Өлім», деп жауап береді[5].

Басқа бір хадисте:

«اذكروا الموت، أما والذي نفسي بيده لو تعلمون ما أعلم لضحكتم قليلا ولبكيتم كثيرا» (رواه ابن أبي الدنيا رحمه الله).

«Өлімді еске алыңдар жаным құзырында болған Алламен ант етейін, егер сендер мен білген нәрсені білсеңдер аз күліп көп жылар едіңдер»[6] деді.

Сәләфтардар болған салихалылардың бірі өлім жайлы: «Бұл өміріңде өлімге қатты мән бер, дайындал ертең ақыреттік өмірге барған кезде оны (өлімді) қаласаң да оған қолың жетпейді» деді.

Атақты Омар ибн Абдул Азиздің кезінде кештерде өз құзырыны пақыр кедейлерді жинап алып, өлім, ақырет жайында уағыз айтатын, сол отырыстардан жаназадан шыққандай әсер алатынбыз.

Мұсылмандардың анасы Айшаға бір әйел келіп, өзінің жүрегінің қаттылығын айтып шағымданды сол кезде мұсылмандардың анасы: «Өлімді жиі еске ал» деді.

Өлімді еске алудың жолдары:

1- Өлімді еске алуда жүрегін босату. Өлімді еске алған кезде дүниенің кейбір күйбеңі мен сынақтары екінші сатыда қалуы тиіс. Бейне қауіпті ұзақ сапарға немесе ауыр жорыққа шықпақшы болған адам кейпінде болуы қажет. Бұл адамның есіл-дерті сол ұзақ сапардан аман есен оралу, жорықтан аман есен қайту. Өлімді еске алушы адам да өлімнен кейінгі жағдайын Алланың сынағынан қалай өтетініне қам жейді.

2- Алдыңғы өткен қауымдар жайында әңгіме қозғау. Ұлы тұлғалар пайғамбарлардан бастап, саңлақ сахабалар мен әулиелердің одан қала бере кешегі ел билеген хандарымыз бен атағы жер жарған батыр баһадүр бабаларымыз, тілінен бал тамған би-шешен, ақындарымыздың қазіргі уақытта ешқайсының ізі қалмай о дүниелік болғанын еске алу ол да өлімнің ақиқаттылығын сездіреді. Жыл өте арамыздағы адамдардың сейілуі адамға ой салары анық. Олардың артында қалған істері, жақын туыстары, жинаған дүние мүлкі ешбір пайда бермегенінен қалайша ғибрат алмасқа. Бұл турасында Әбу Дарда (Алла одан разы болсын) былай деп айтқан: «Өлген адамдарды еске алғанда өзіңді соладың бірімін деп сана».

3-Ауру адамдардың хал-жағдайын сұрау, қабірлерді зиярат ету. Ауруханаларды зиярат ету ондағы ауруларды, хал үстінде жатқан адамдарды көру, ол да өзіндік бір насихат, еріксіз өлімді еске алдыратын дүниенің уақытша бір серуен екенін сездіртетін тылсым күш. Пайғамбарымыздың (ﷺ) алғашқы дәуірінде тыйым салынып кейін рұқсат етілген қабірге барудың өзі адамдың ақыреттік ойға бастайтын жақсы әрекет.

Біз ешқашан қашып құтыла алмайтын құбылыс – өлім туралы көзқарасымызды анықтап алу біздің өміріміз үшін аса маңызды. Егер сіз ертең өлген соң мәңгі өшіп жоғаламын деп ойлайтын болсаңыз, онда бес күнгі уақытша тірлікте еш жауапкершілікті мойындамай, нәпсіңіз қалаған нәрсені жасауды басты ұстаным етіп аласыз. Ал өлімнен кейінгі өмірге сенетін адам, керісінше нәпсісін тиып, Жаратқанның алдында күналы болып, қиындыққа тап болмас үшін жақсы сауапты істер жасауға ынталы болмақ.

Сіз осы екі ұстанымның қайсыны ұстанасыз? Егер осы кезге дейін бұл жайында ойланбасаңыз, онда шындап ойланып, өз бағдарыңызды айқындап алыңыз.

Әділбеков Хамзат

[1] Жұма сүресі, 8-аят

[2] Бұхари, Мүслім хадистер жинағы

[3] Тирмизи, Насаи хадистер жинағы

[4] Байһақи хадистер жинағы

[5] Ибн әби Дуния

[6] Ибн әби Дуния

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: