Ежелден аттың жалында, түйенiң қомында көшпелi ғұмыр кешкен қазақ халқының өзiне тән жақсы қасиеттерi аз емес. Атап айтсақ, батырлық, батылдық, ойшылдық, шешендiк, намысшылдық, iзеттiлiк, кiшiпейiлдiлiк, қонақжайлылық сынды туа бiткен қасиеттерi жетерлiк.
Өкiнiшке орай, кемшін тұстарымыз да жоқ емес. Өсекке жақынбыз, бiр-бiрiмiздi көре алмаймыз, жамандаса қосылып жамандаймыз. Заман ағымына қарай, кейiннен ұлтымыздың бойынан бiршама жүре бiткен кемшiлiктер де табыла бастады. Солардың бiрi - атам қазақтың бойында болмаған, халқымызға жараспайтын, ер азаматтың абыройын төмендететiн жаман қасиет - ғайбат айту, бiреудiң сыртынан өсектеу. Жалпы ғайбат дегеніміз, біріншіден, қасыңда жоқ бауырыңды ол жақтыртпайтын деңгейде сөз ету.
Алла тағала ғайбат айтуды өлген бауырыңның етін жегенмен тең болатынын ескертіп былай деген: «Біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген бауырының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, жек көресіңдер» («Хұжырат» сүресі, 12-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» - дегенде, олар: «Алла мен Оның елшісі (с.ғ.с.) жақсырақ біледі», - деді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бауырыңды ол жақтыртпайтын сөздермен еске алуың»,- деген. Сонда біреуі: «Егер айтылып жатқан кемшіліктер оның бойында болса ше?» - деп сұрақ қойды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер оның бойында сенің айтып жатқаның болса, сен оны ғайбаттадың, ал егер ол кемшіліктер болмаса, онда оған жала жаптың», - деп жауап берген (хадисті жеткізген - Муслим).
Екіншіден, ғайбат айту - көбіне адам біреуді жек көргендіктен, оны сыртынан өсектеп, ашық арыз, не домалақ арыз, не ишара арқылы немесе жазу арқылы білдіреді.
Үшіншіден, ғайбаттың ең жаманы - өзін мақтау үшін біреуді кемсітуі немесе дұға жасағанда ғайбатты көздеуі. Мысалы: «Алла тағала біздің және пәленшенің тәубесін қабыл алғай, расында ол осындай-осындай жасап қойды», - деген тәрізді. Кейде барлық адамдарды ғайбаттағанда: «Мына отбасы осындай істерді істейді», - дейді.
Төртіншіден, ғайбатты естіп тұрушы ғайбаттаушы адамның күнәсіндей күнә алады. Өйткені, ол естіп-көргеннің бәрін қабылдады. Кері жағдайда күнәға ортақ болмас үшін төмендегіні орындау керек:
- Бауырына айтылып жатқан ғайбатты тілімен қайтару;
- Егер оған шамасы келмесе, сөзді басқа бағытқа бұру;
- Егер оған да шамасы келмесе, орнынан тұрып кетіп қалу;
- Ал егер оған да шамасы келмесе, жүрегімен жақтырмай іштей қайтару.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бауырын абыройына нұқсан келетін нәрселерден қайтарса, Алла тағала оны қияметте жүзін тозақтан қайтарады» - деген (хадисті жеткізген - Тирмизи Хасан).
Бесіншіден, біреу туралы жаман ойлау да - ғайбат.
Алла тағала Құранда: «Әй, мүмін мұсылмандар! Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнді нәрсенің кейбірі күнә», - дейді («Хұжырат» сүресі, 12-аят).
Ойлаудағы рұқсат етпейтін нәрсе - жүрекке түйіліп қалған іштарлық ойлар. Мысалы, онымен кездескенде, суықтық танытуы, іштей оны ұнатпау. Ал ойға келген әртүрлі пікірлер мен күмәндар, шариғат тыйым салған ойларға жатпайды. Ол кешіріледі. Өйткені, нәпсінің табиғатында бар нәрсе, ол іс жүзіне аспайды.
Ал, кейбір ойлар мүмкін емес нәрселерді әкелетін болса, оны ары қарай қазбалаудың қажеті жоқ. Ол біреуді аңдығанмен бірдей. Бұл әрекет Алла тағала Құранда айтқандай: «Сыр тексермеңдер» («Хұжырат» сүресі, 12-аят), - дегенге саяды.
Егер мұсылман бауырыңа байланысты жаман ойлар келіп жатса, дереу дұға жасау керек. Сол арқылы шайтанның азғыруынан сақтануға болады. Тіпті, ол адам туралы шыншыл, сенімді деген көздерден хабарлар келіп жетсе де, күмәнға жол бермеу керек. Өз ішіңізден: «Бұл жолы сенім көздері қателескен шығар, әйтпесе сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ емес пе, мүмкін сол істі істеуге бір себеп болған шығар, не ісіне өкініп, тәубеге келген болар», - деп жақсылыққа жорыған жөн.
Ал, егер бауырыңның бойында, шын мәнінде, бір қателіктердің бар екеніне көзің жетсе, ибн Масғуд (р.а.) айтқандай: «Біз бір-бірімізді аңдуға тыйым салушы едік, ал егер бір олқылықты байқасақ, бірден жеке өзіне көркем түрде жәннатпен қызықтырып, тозақпен ескерту арқылы ақыл-кеңесімізді айтатын едік және бұл ісіміз оның тура жолға қайтуына себепші болатын».
Ғайбат айтуға рұқсат етілетін жағдайлар
Біріншіден, зұлымдық шегуші:
Зұлымдық шегуші ақысын алу үшін залым-жәбірлеуші туралы айтып берсе.
Екіншіден, пәтуә (шариғат негізінде үкім) сұраушы:
Пәтуә беретін адамнан: «Пәленше осындай іс істеді, оның үкімі не?» деп сұраса. Мұндай жағдайда кемшіліктерді нақты көрсетуге рұқсат. Һинд бинту Ғутба риуаят еткен хадисте ол пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Әбу Суфиян өте сараң адам, балам мен өзіме жететін нәрсенің өзін жарытып бермейді. Енді қақымды ол білмейтіндей жағдайда алу керек пе?» - дейді. Ал пайғамбармыз (с.ғ.с.): «Көркем түрде өзіңе және балаңа жеткілікті етіп ал», - деген (келісілген хадис).
Осы жерде ол кісі пайғамбарымызға (с.ғ.с.) күйеуінің сараң екенін ашық айтқанда, ол пәтуә беру мақсаты көзделгендіктен, бұл ісін қайтармаған.
Әлбетте, мұндай жағдайда: «Осындай-осындай істеген адамның үкімі не болады екен?» - деп атын атамай үшінші жақта сөйлеген абзалырақ.
Үшіншіден, ескерту үшін.
Мысалы, үйлену мақсатында ақылдасқан кезде, болашақ күйеу не болашақ келін немесе ол екеуінің жақын ағайын туыстары туралы мағлұмат білгілері келсе, үлгі-насихат ниетімен оң-терісі айтылса болады.
Төртіншіден, теріс қылықты өзгерту үшін көмек сұраса.
Мысалы, біреу досына: «Менімен жүрші пәленше (атын атап) жасап жүрген мынадай-мынадай ісін тыю үшін, үгіт-насихат айтайық. Өйткені, сен маған қарағанда көркем сөйлейсің ғой, сені тыңдап, қабылдайды», - деп жақсы ниетпен айтса, рұқсат етіледі. Ал егер біреуді масқаралау ниетімен болса, ол нағыз харам етілген ғайбат. Бұған дәлел ретінде Омар ибн Хаттабқа (р.а.) Әбу Джәнбәлдің Шам еліне барғанда, арақ ішіп қойғаны жайлы хабар жетеді. Сонда оған былай деп жазады: «Ха, мим ұғымын Алла тағала біледі. Кітаптың түсірілуі, өте үстем, аса білуші Алла тарапынан. Күнәні жарылқаушы, тәубені қабыл етуші, азабы да қатты және кеңшілік иесі. Одан басқа ешбір Тәңір жоқ. Әрі қайтар орын ол жақ» («Ғафир» сүресі, 1-3-аяттар). Осыдан кейін Әбу Джәнбал істеген ісіне өкініп, тәубе етеді. Ол Омардың (р.а.) бұл хабарын ғайбат деп санамады. Өйткені, оның бар ниеті насихат еді.
Бесіншіден, көркем лақап ат қою.
Мысалы, «соқыр» немесе «ақсақ» деп атаса. Егер ол адам сол лақап атпен танылған болса және оған ол ренжімесе, онда ол күнәға жатпайды. Ал егер ол атты көркемдеп, басқаша айтса, ол сауабырақ әрі абзалырақ болар еді. Мәселен, Ақсақ Темір, Балуан Шолақ дегендей...
Алтыншыдан, бұзықтығын жариялау.
Егер бір адам өзінің жасап жүрген күнә ісін жұртқа жариялап, мақтаныш еткен болса, онда оның күнәсін айтып тілге тиек етуге болады. Оған күнә жоқ. Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Қылмыскердің айыбын айту харам емес», - деген. Ал, егер пасық адам өзінің кейбір күнәсін жасырған болса, онда оны әшкерелеуге болмайды, кері жағдайда күнәһар болуы ғажап емес.
Ғайбаттың кәфараты (өтеуі)
Біріншіден, тәубе ету.
Істеген ғайбат амалдарына жарылқау тілеу, біржола арылу, істеген қылығына өкіну және оған қайтып бармауға шешім қабылдау. Бұл Алланың кақысына байланысты.
Екіншіден, кешірім сұрау. Міне, бұл пенделердің қақысына байланысты. Мұны міндетті түрде істеу керек. Әйтпесе, тәубесі толық болмай, қиямет күні сұраққа тартылады.
- Егер ғайбат, ғайбатталушыға жеткен болса, оның алдынан өтіп, өзінен жеке кешірім сұрау керек;
- Егер ғайбат түрлі себептермен ғайбатталушыға әлі жетпеген болса, пиғылының дұрыс бола беруі үшін жетпегені жақсы. Бұл жағдайда оған қанша ғайбаттаса, сонша Алладан жарылқау тілеп, жақсылығын арттыру қажет.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бауырының абыройына немесе мал-дәулетіне зұлымдық келтірген болса, динар да, дирхам да пайда бермейтін әрі ол күні оның бар жасаған сауап-жақсылықтары алынып, егер таусылса, оның күнәларынан алып, күнәсына күнә қосылатын Күн (Қиямет) келместен бұрын, дүниеде оған барып кешірім сұрасын», - деген (келісілген хадис).
Ғайбатты емдеу
Кез келген жүрек ауруларының емдеу жолдары - білім және амал.
Біріншіден, білім.
Ғайбаттаушы ғайбат айтудың Алланың алдында зор ашуға душар қылатынын және ғайбаттаған сайын сауабы кемитінін, ал егер сауабы бітсе, оның күнәларын ала бастайтынын білу керек. Сондай-ақ, біреудің кемшілігін айту арқылы өз кемшілігінің бар екенін көрсетеді. Сол үшін өзгеге қарағанда өз кемшіліктерін жөндегені абзал.
Екіншіден, амал.
Әрбір адам сөзінде жақсылықты көздемесе, тілін барлық сөзден тыйғаны қайырлы. Ал, егер сөйлеу және сөйлемеу еркіндігі туса, рұқсат сөздің харамға немесе макрүһқа айналмауын қадағалап, сөйлемегені жақсы. Алла тағала: «Құлдарыма айт! Ең сыпайы түрде сөйлесін» («Исра» сүресі, 53-аят), - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім маған екі сақалының арасындағы мен екі аяғының арасындағыға кепілдік берсе, мен оған жәннатты кепілдік етемін», - деген өсиетін қалдырған (келісілген хадис). Екі сақалының арасындағы ол - тілі, ал екі аяғының арасындағысы жыныс мүшесі.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұғаз ибн Джәбәлға (р.а.): «Мынаны тый», - деген. Ол: «Ей, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Сонда біз сөйлемеуіміз керек пе?» - дегенде, Аланың Елшісі (с.ғ.с.) «Ей, Мұғаз адамдар тозаққа жүздерімен құлайды, соның бәрі тілдерінің себебінен» - деді (хадисті жеткізген - Тирмизи).
Ибн Масғуд (р.а): «Түрмеде ең ұзақ мерзімде ұстайтын нәрсе - тіл», - деген.
Ғайбатты кетіру үшін алдымен оның себептерін емдеу керек. Мысалы, егерде біреуді қызғанғандықтан ғайбаттаса, онда ол тілейтін дұғасында оған ісіне береке тілеп, жұмысына көмектесуі қажет. Ал егер ғайбаттау себебі ашу-ыза болса, Аллаға сыйынып, ашуын ұстап, жәрдем тілеуі керек, т.б.
Барша мұсылмандарға өзiнiң дана-лығымен, ақылдылығымен, өз өмiрiнен, кейбiр қателiктерiнен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздерiне сүйене отырып, көптеген өсиет қалдырған Айша (р.а.) анамыз бір күні пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құзырында отырғанда ұзын бойлы бiр әйел өтедi. Сонда Айша (р.а.) анамыз: «Ана ұзын әйелдi қара, иә, Расулулла (с.ғ.с.), бойы неге сонша ұзын екен», - дегенде, Алла Елшiсi (с.ғ.с.): «Түкiр аузыңдағы еттi», - дейдi. Айша (р.а.) анамыз түкiргенде аузынан қан аралас ет түстi. Ал, бiздiң заманымызда бiз ол қанды еттi көрмей, күнделiктi өмiрiмiзде жеп, жан дүниемiздi арамдықпен ластап жүрмiз. Яғни, өсек, ғайбат айту арқылы өлiктiң шiрiген етiн бойымызға жинаудамыз. Бұл жерде Айша (р.а.) анамыздың айтайын дегенi Алланың жаратқан адамы ұзын ба, қысқа ма, көрiктi ме, көрiксiз бе, сымбатты ма, сымбатсыз ба бәрiбiр сыртынан ғайбаттауға болмайтындығы едi. Бұл, әсiресе, қазiргi кезде әйелдер қауымына өте қажет кеңес.
Қазiргi кезде, Аллаға шүкір, елiмiз дамып, өркендеп, тәуелсіз мемлекет болды. Бiрақ кейбір азаматтар осы еркіндікті, сөз бостандығын «аузыңа не келсе, соны айту» деп түсінеді. Бiр адамның атын атап, өзi жоқ жерде тiл тигiзу, оның атына жағымсыз пiкiрлер айту, мысқылдау, кемшiлiгiн көрсету ең жаман қасиет. Ғайбаттаушы адам шын айтты ма, өтiрiк айтты ма, бәрiбiр ғайбат болып табылады.
Кiмде-кiм бiреудiң жақсылығын асырып, жамандығын жасырып, абыройын асқақтатып жүрсе, Алла ризашылығына бөленедi. Туысының, бауырының абыройына көмек берген адамға Алла қияметте көмек бередi. Сол себептi, құрметтi ағайын, мұсылман қауым, намазымыздың, құлшылығымыздың, оразамыздың, қажылығымыздың сауаптары сақталуы үшiн ғайбат айтудан аулақ болайық. Елiмiзде қаншама ұлт, қаншама дiн өкiлдерi бар. Егер өзiмiз өзiмiздi қаралап, табаласақ, олардың бiзге деген пікірі қандай болмақ?! Оларға қандай өнеге көрсетемiз. «Бiз мұсылманбыз», - деп қалай мақтанамыз?! Бiреудiң айыбын көрсек, жалпақ жұртқа жария етпей, ол адамға жеке жерде түсiндiрiп, қателiгiн көрсетейiк. Дұрыс жолға салайық. Егер сiз бiреудiң абыройын қорласаңыз, қияметте Алла сiздi азаптап қорлайды. Егер аман-сау кезiмiзде қателiгiмiздi түсiнiп, кешiрiм сұрасақ, Алла тағала мейiрiмдi және кешiрiмдi. Сондықтан осы өмiрде жер басып жүрген кезiмiзде, кеш қалмай, бiлiп, бiлмей жасаған қателiктерiмiз үшiн Алла тағаладан кешiрiм сұрайық, тәубемізге келейiк! Алла разы болсын!
Асан ТІЛЕУБЕРДИЕВ