Бірде көшеде келе жатқан бір адам асыл алқа тауып алады. Ол алқаға қызығып, өзі алғысы келеді. Сол кезде: “Кім алқаны тауып берсе, сүйіншіміз пәлен динар” – деген дауыс шығады. Ал асыл алқаның бағасына пәлен динар өте аз екен. Бірақ әлгі адам Алладан қорыққандықтан алқаны өзінің иесіне қайтарып береді.
Ол бір күні сапарға шығады. Жолда керуені қарақшылардың шабуылына ұшырап, өзі әрең құтылады. Сөйтіп, жүріп бір аралға тап болады. Жат жерге жақсылық жеткізуге тырысады. Аралдағы адамдарға дін үйретеді. Олардың жүрегіне ізгілік дәні себіледі. Ал тұрғындар өздеріне осындай пайдалы ілім үйреткен ұстаздарын қатты құрметтейді.
Жергілікті тұрғындар ұстаздарына ай десе аузы, күн десе көзі бар бір қыздарын беріп, үйлендіреді. Үйленіп, үй-жай болған ұстаз өзінің жарын көрсе, оның мойнында баяғыдағы асыл алқа көрік беріп тұр екен. Сонда әлгі ұстаз: “Алқаны иесіне Алладан қорқып қайтарып едім, ақыры адал жолмен қайтадан өзімді тапты-ау! Аллаға шүкір! – деген екен.