«Мұхаммед (с.а.с.) Алланың елшісі».

«Мұхаммед (с.а.с.) Алланың елшісі».

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Расында Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Періштелер салауат айтады. Әй мүміндер! Оған салауат және сәлем келтіріңдер».  (Ахзаб сүресі. 56).

Пайғамбарлар тізбегінің соңғы алқасы, бұл дүние мен ақыреттің мырзасы, адамдар мен жындардың Расулі, екі Харамның имамы, жаратылыстың абзалы, бүкіл әлемге Рахмет (мейірімді)  етіп  жіберілген хазреті Мұхаммед Мұстафа (Алланың игілі мен сәлемі болсын).

Бүкіл жаратылыстың жаратылуына Хазреті Мұхаммедтің нұры себеп болғандықтан,  Пайғамбарды (с.а.у.) және Алла Тағаланың оны Хабибім (сүйіктім) деп атағандай оның ерекше өмірін толық түсіндіру мүмкін емес. Сонда да оны түсініп, басқаларға түсіндіру үшін шама-шарқымызша әрекет етуімізде айтарлықтай пайдалар бар. Алла елшісінің (с.а.у.) үлгі боларлық тұлғасынан аз да болса нәр алып, мінез-құлығымызды оның әдебімен безендіру біз үшін үлкен мәртебе.

Алла елшісінің (с.а.у.) Алла Тағаланың алдындағы мәртебесі өте ұлы болғандықтан Алла Тағала Хабибіне мойынсұнуды өзіне мойынсұну деп есептеген. Оған құрметсіздік жасау амалдардың жойылуына себеп болады деген. Оған тағзым  көрсетіп, құрметтеуді тақуалықтың белгісі деген. Елшісіне (с.а.у.) дөрекілікпен үн қатуды надандықтың белгісі деп санаған. Пайғамбарға (с.а.у.) әрдайым салауат айтып, сәлем беріп, оны еш уақытта ақылымыз бен жадымыздан шығармау керектігін білдірген.

Қасиетті Құранда: «Әй иман келтіргендер! Аллаға бойұсыныңдар әрі Пайғамбарға бағыныңдар. Сондай-ақ амалдарыңды бұзбаңдар» (Мұхаммед сүресі, 33), - деп  Алла Тағала өзіне иман келтіргендердің, Елшісіне (с.а.у.) бойұсынуы амалдардың қабыл болуына да септігін тигізетіндігін білдіруде.

 

Алла елшісінің (с.а.у.) өмірі сарқылмас дариядай. Деректер бойынша ол өзінен бұрын келген 124 мыңнан астам пайғамбарлардың көрінетін яки көрінбейтін барлық ерекше қасиеттерінен де жоғары дәрежеге ие, көркем мінез бен ерекше қасиеттердің биік шыңына жеткен. Ол өз дәуіріне дейінгі  бүкіл адамзаттың пікір мен іс-әрекетке қол жеткізген жетістіктерімен қоса адамзаттың қияметке дейін туындайтын мұқтаждықтарына жауап бере алатын үлгі өнеге тұлға ретінде: «Ақырзаман Пайғамбары» етіп жіберілді. Ол - пайғамбарлардың соңғысы.

 

 Алла Тағала өз елшісін (с.а.у.)  «жетімдіктен» бастап өмірдің барлық сатыларынан өткізіп, құдірет пен билік тұрғысынан ең жоғары мәртебе, яғни Пайғамбарлыққа дейін көтерді.  Пайғамбарымыздың сүрген бүкіл өмір кезеңдері адамзат өміріндегі кездесетін әр түрлі жағдайларға шешім боларлық үлгілер ұсынады. Сол себептен оның өмірі қандай жағдайда, әрі қандай дәрежеде болсын барлық адамзатқа өнеге болған. Яғни  Ислам барлық  дәрежедегі адамдардың қиындықсыз түсіне алуы үшін Алла елшісінің (с. а. с.) өмірінде көрініс тапқан.

 

Пайғамбардың (с.а.у.)  біздер үшін өнеге,  әрі жолбасшы екенін біліп қана қоймай, оны үлгі етудің қаншалықты дәрежеде болатынын да білу өте қажетті әрі маңызды. Себебі оның іс-әрекеттері екіге бөлінеді:


1. Тек өзіне қатысты іс-әрекеттері.  Өзіне тән іс-әрекеттері, анда-санда емес, үнемі аяқтары ісіп кеткенге дейін түнін намаз оқумен өткізуі, ауыз ашпастан оразасын жалғастыруы. Ухуд тауындай алтыны болатын болса барлығын тегіс Алла жолында жұмсауы, артында мұра қалдырмауы, өзі және отбасы үшін қияметке дейін зекет пен садақа алуға тиым салуы және т.б.  Хадисте:  «Мен сендердің қайсібірің сияқты емеспін,  маған Алла ішіп-жегізеді», - деген  (Әл-Бұхари, Сахих-Муслим).

 

2. Жалпыға қатысты іс-әрекеттерінде өмір бойы оған еріп және үлгі етіп оның нұрлы жолымен жүруге міндеттіміз әрі бұдан жауаптымыз. Демек Алла елшісі (с.а.у.)  қоғамның барлық сатысындағы адамдар үшін өте тамаша өнеге. Қасиетті Құранда: «Ескертушілерден болуың үшін жүрегіңе қондырды. Оны (Құранды) сенімді Рух (Жебрейіл (а.с.)) келтірді. Ап-ашық бір арап тілінде» (Шұғара сүресі, 193-195) делінген. Сондай-ақ Құран Кәрім Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жиырма үш жылдық пайғамбарлық өмірімен іс жүзінде керемет түрде тәпсір етілген. Сондықтан бір мұсылманның ардақты Пайғамбарымыздың хадис шәріптері мен өмірін жақсылап үйренбейінше Құран Кәрімді  дұрыс түсінуі мүмкін емес.

 

Мұсылман кісінің Ислам мәдениетіне бет алуы үшін Алла елшісінің (с.а.у.)  жиырма үш жылдық  пайғамбарлық өмірінен нәр ала отырып өмір сүруі, мұның  нәтижесінде кәміл рухани сезімге жетуі  тиіс. Ішкі рухани әлем Алла елшісінен келген рухани энергияға толу арқылы кәмілдікке жетеді.  Себебі, Ислам принциптері мен үкімдерін ең нәзік тұстарына дейін іске асырған жалғыз жанды мысалы сүйікті  Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  мүбарак өмірі.

 

Адамдарды  Исламның бейбіт әрі бақытты өмір жүйесіне шақыратын ұстаз, дін ілімін ішкі рухани дүниесіне сіңіріп, орнықтара алмауы мүмкін емес. Себебі Алла елшісі (с.а.у.) тәлім-тәрбие беруде және үгіт насихат айтуда бірден-бір өнегелі тұлға.

 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  қасиетті үлгі өнерге толы хадистері екі дүниеде де бақытқа жеткізудің берік тұтқасы істетпес. Алла Тағаланың дінін, қасиетті сөзі Құранды адамзатқа жеткізуде сүннет деп аталатын сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  сара жолы, берік устанымы,  өмір сүру салты, біздердей пенделердің адаспас бақытымыз бен екі дүниелік игілігіміз екені сөзсіз.

 

Хазіреті Әли (р.а.) Жұма күні сүйікті Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтудың маңыздылығы жайында: «Кімде-кім жұма күні Алла елшісіне (с.а.у) жүз рет салауат айтса, ол қиямет күні махшар алаңында жүзі сұлу әрі  нұрлы болып келеді. Адамдар оған қызыға әрі қызғана қарап, «бұл кісі қандай амал жасаған екен?» деп бір-бірінен сұрайтын болады», - деп  салауаттың екі дүниедегі қасиетін білдірген. (Байхақи).

 

Қағыб бин Ужра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.у.) бір күні бізге «Мінберге қарай жақындаңдар!» - деді. Біз де жақындадық. Пайғамбар (с.а.у.) мінбердің бірінші баспалдағына шығып «Әмин!» деді, сосын екінші баспалдағына шығып, тағыда «Әмин!» деді, үшінші баспалдаққа шығып тағы да «Әмин!» деді. Мінберден түскен соң: «Уа, Алланың елшісі! Бүгін сізден осы уақытқа дейін естімеген сөздер естідік. Бұл сөздердің хикметі не?», - деп сұрадық. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жебрейіл (а.с.) маған көрінді де, бірінші баспалдаққа шыққанымда:  «Рамазан айына кіріп тұрып, күнәлары кешірілмеген адам Алланың рахымынан ұзақ болсын!» деді. Мен де «Әмин!» дедім. Екінші баспалдаққа шыққанымда: «Сенің есімің айтылғанда саған салауат айтпаған адам Алланың рахымынан ұзақ болсын!» деді. Мен де «Әмин!» дедім. Үшінші баспалдаққа шыққанымда: «Ата-анасы немесе екеуінің біреуі қартайғанда қолында болып, (разылығын ала алмай) жәннәтқа кіре алмаған адам Алланың рахымынан ұзақ болсын!» деді. Мен де «Әмин!» дедім»  (Хаким, Тирмизи), -  деп Алла елшісіне салауат айтудың көп хикметі бар екенін бідірген.


Тағы бір хадисте: «Адам сүйгенімін бірге», - деген (Әл-Бұхари). Сондықтан да, біз «Сүйген кісі сүйіктісінің барлық нәрсесін жақсы көреді» дегендей, Алла елшісін (с.а.у.) әрбір халімізде, әрбір іс-әрекетімізде үлгі-өнеге  тұтуымыз қажет. Алланы зікір ету мен Пайғамбарға салауат айту - рухани болмысымыздың  азығы, мәңгілік бақытымыздың кепілі, шынайы таза жүрек екені сөзсіз.

 

../pic/img/салауат.jpg 

Еркін Күзембаев 

«Бақалы» мешітінің имамы.
Жуалы ауданы, Жамбыл облысы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: