Ғайбат пен өсек.

Ғайбат пен өсек.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ғайбаттың сөздік мағнасына - біреудің сыртынан жағымсыз, жарамсыз сөз айу. Демек, бір адамның бойындағы кемшіліктердің басқа біреуге оның сыртынан   айтылуы «ғайбат» делінеді.
Ғайбат айту - үлкен күнәлардың бірі.

 

Мұсылман ғайбат сөз бен нақақ айтылған өсектен аулақ, өйткені ол ислам дінінің  құндылықтары мен қағидалары негізінде тәрбиеленіп, қалыптасқан. Соның  арқасында ол мұндай түкке тұрғысыз нәрселерден бойын аулақ салып, өміріндегі ең маңызды істерге ден қояды.


Ал олар әрине тыйым салынған нәрседен аулақ. Қасиетті Құранда: «Ей мүміндер. Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өткені, күмәннің кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Аллаһ тәубаны тым қабыл етуші, ерекше мейірімді» делінген. 
Аллаһ тағаланың бұл сөздерінен нұрланған оның жүрегі енді былапыт сөзге жақын келмейтін болады, өйткені ол осылай сөйлеу өзінің марқұм болған бауырының етін жегенмен бірдей екенін сезінеді әрі мұндайды көз алдына елестетсе болды, кешірім сұрап, жалбарынуға асығады. Бұл туралы жоғарыда келтірілген аяттың соңында ескертілген, сондықтан кімде-кім ғайбат сөз айтып, күнәһар болса, уақыт өткізбей тез арада кешірім сұрап жалбарынғаны ләзім.

 

Қасындағы адамдарды өзі де ренжітпей өзгеге де ренжіттірмейді. Әрі мұсылман бауырлары туралы біреулер ретсіз сөз айтатын болса оны ғайбаттан қорғау керек. Пайғамбарымыздың  хадисінде «Кімде-кім өзінің бауырын ғайбат сөзден қорғайтын болса, онда Аллаһ міндетті түрде оны оттан құтқарады» деген. Сонымен бірге шынайы мұсылман ешқашан өсек айтпайды, өйткені ол өсек айту арқылы өзгелер арасында араздық тудыруды, достар арасындағы іріткі салады. Адамдар арасына от тастайтын өсекшілерді бұл дүниеде бақытсыздық күтіп тұрса, ал о дүниеде қандай жазаға ұшырайтыны белгілі.  Хадисте «Өсекші жұмаққа кірмейді» деген.
Сол себепті мұсылманға ғайбат сөз айтпау уәжіп болған. Пайғамбарымыз  Мұхаммед  (с.ғ.с.) Миғражқа көтерілгенде тозақтың ішінде тілдері желкесінен шығып   азапталып жатқан бір топ қауымды көріп Жәбірейілден (ғ.с.) бұлардың  кімдер  екенін  сұрағанда, Жәбірейіл: «Бұлар өсек, өтірік, ғайбат айтқандар», - деді.

 

Үлкен күнәнің бірі - адамдар арасына сөз тасу. Мұсылманға ғайбат айту сияқты сөз тасып, адамдардың арасына от жағып, араздастырудан сақтау уәжіп болып есептеледі. Пайғамбарымыздың  хадисінде «Біреуге қолымен немесе тілімен зәрердей зиянын тигізбеген адам - нағыз  мұсылман», - дейді. Бұл хадисте баян етілгендей Алла тағаланың алдында нағыз мұсылман болу үшін  тек намаз оқып, ораза тұтып, садақа беріп қана шынайы мұсылман бола алмайды екенбіз. Ол үшін ең бастысы адам өзінің тіліне ие болуы керек екені ашық айтылып тұр.

 

Бір күні бір адам Мұхаммед Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Я, Расулла, бір дәулетті әйел күнде  садақа береді, бес уақыт намазын оқиды, көп  жақсылық жасайды. Бірақ тіліне ие бомайды. Күнде біреуді тілдеп, балағаттайды. Ал енді басқа бір әйел бар, ол кедей тұрады. Ешқандай садақа бере алмайды, қайырымдылық істей алмайды. Бес уақыт намаз оқиды. Бірақ тіліне ие болып, ешкімді балағатап, тілдемейді. Я Расулулла, осы екі әйелдің қайысысына сауап жазылады», - деп сұрады. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Бай әйел көп қайыр-садақа бергенімен тіліне ие боламаса, оның  жақсылығының сауаптарын айтқан ғайбаты мен балағаттаған тілі жойып отырады. Ал  екінші әйелдің қолы қысқа болып қайыр-садақа бере алмаса да, ол әйел тіліне ие болады, ешкімді тілдеп, ғайбаттаған жоқ, оның барар  жері - жәннат», - деді.

 

Яғни намаз оқып, ораза тұтып, бірақ  басқа адамға тіл тигізіп, өсек, ғайбат айтқан адам бұл әдетін қоймаса, оның ғибадатының сауабы болмайды. Адам баласының тілі кіші болғанымен оның адамға тигізер пайдасы да, зияны да өте көп. Мысалы,  имандылық пен имансыздықтың және мұсылман мен кәпірдің арасын айыратын да осы тіл.

 

Кейбір ғалымдар ғайбатты үш түрге бөледі:
1. Ғайбат жасап тұрып «мен ғайбат жасап тұрған жоқпын, оның бойындағы мінді айтып тұрмын» деп айтуы, харам екені белгілі нәрсені халал деу, бұл- күпірлік.
2. Ғайбаттаушының айтқандары ғайбатталған адамның құлағына жететін болса, ол  кісіден кешірім сұрамайынша тәубесі толық болмайды. Керісінше, оның құқығына қол  сұғып, құл ақысын жеген болады.


3. Ғайбаттаушының сөздері ғайбатталғаның құлағына жету ықтималы жоқ болса, өзі үшін әрі ғайбаттаған адамы үшін кешірім тілеп тәубе ету арқылы кешіріледі. Кейбір ғалымдар  міндетті  түрде  ғайбатталған кісінің өзінең кешірім алынуы керек  десе, кейбіреулері Аллаһқа тәубе етіп кешірім тілеу жеткілікті  деген.

 

Ғайбатқа қатысты мына нәрселерді білгеніміз жөн. Ауыздан шыққан әрбір сөзді жазып алатын періштелер бар. Аллаһ тағаланың құзырына барғанда бұл сөздер кітап болып оның алдына әкелінетіндіктен айтылған сөздерінен ұялуы тиіс. «Кім Аллаға, қиямет күніне сенсе, сөйлесе жақсы сөз сөйлесін, жақсы сөз сөйлемесе тыныш отырсын», - деген хадис бекер айтылмаса керек. Қазақта басқа бәле тілден деген.

 

Момын кісі - тек жүрер,
Залымдарда кек жүрер.
Тек жүрмеген  кісінің,
Еңбегі  зая  жүрер.

 

Ісің Құдай салмасын,
Жетесі жоқ жаманға.
Ұстап берер табанда,
Итере  салар  арланға.

 

Бақылға  берген бақ,  дәулет,
Итке  теңге  таққандай.
Жаманнаң  шығар шірік сөз,
Шәк  ұрып шаян шыққандай.

 

Жақсымен  болған үлпәтің
Машырықтан таң атқандай,
Білмеген сөзді білдірер
Сауалдап сауат  ашқандай.

 

Алымдарға ілессең.
Ұғарсың адал-арманды.
Залымдарға ілессең,
Көрерсің ақыр залалды, - дейді  Майлықожа өзінің нақыл сөздерінде.

 

Ғайбаттан тілді сақтау - иман, ерік - жігерді қажет етеді. Ғайбаттың  діні әрі қоғамдық зиянын терең түсінген шынайы мұсылман, тілін ауыр азапқа душар ететін індеттен сақтауы керек. Құран мен хадистің ескертулерін ескермей, қазіргі таңда мұсылмандардың діни, ұлттық және қоғамдық тұрғыдан соншама зияндығына қарамастан, ғайбатқа, оның таудай  ауыр салдарына мән бермеуі өкінішті жағдай.

 

Ғайбат мәселесінде абай болуды қажет ететін тағы бір кілтипан мынау. Кейбіреулер ғайбаттан сақтанған боп көрінуі үшін «Одан да бетер нәрселері бар. Бәрін  айта берейін десем, ғайбат болады ма деп қорқамын» деп жұмбақтап сөйлеуі - ашық  айтылған ғайбаттан да ауыр күнә. Ғайбат пен өсек-аяң адамның нәпсісін семіртеді. Олар өздері  ғайбаттаған адамдарының күнәларын істемейміз деп ойлайды. Осылайша, өзін  басқалардан жоғары санайды. Алайда, арада көп уақыт өтпей-ақ сол күнәні өздері де жасағанын байқамай қалады. Адамдар ақирет күні барша амалдарына, аузынан шыққан әрбір сөзіне, істеген  күнәсі мен істемеген ізгі амалдарының есебін береді. Осы ауыр азап күні келмей тұрып, әрбір істегендерін есептеп - таразылауы керек.  «Есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар» деген хадис те бекер айтылмағаны сөзсіз. Сол бір машақаты мен қайғысы мол күнді еске ала отырып, амал дәптеріміздің беттерін адамдардан кешірім сұрап, тазалап алғанымыз жөн. Адам баласының күнә  жасауға бейім жаратылғандығын  ескере отырып, бауырына жаманшылық ойламай оған дұға ету. Өйткені мұысылман бауырының жасап  қойған  күнәсі үшін  артынан сөз қылып жамандап, дүйім жұртқа жар салмай, қайта оған  жаны ашып, күнәсінен арылуы үшін Аллаһтан кешірім тілейді.    

Ғұлама Мәулананың: «Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл-есіңді жина да, үндемей жүруді әдетке айналдыр» - деген сөзі қандай орынды айтылған...


 

Ғайырфулла Қуанышбекұлы,
      Жамбыл ауданының бас имамы.                                                           

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (9)

Оқи отырыңыз: