Ата-ана қадірі.

Ата-ана қадірі.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құрметті  мұсылман бауырлар! Алла тағала Құран Кәрімде: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: "Түһ" деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: "Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәхаметіңе бөлей көр!",-де», - деп жазылған. («Исра» сүресі, 23-24 аяттар).

 

Ата-анаға  құрмет   көрсету  парыз  әрі    шексіз   сауап.    Сондай-ақ,   ата-ананы  бұл  дүниеде  құрметтеп қана  өткен соң  да,  оларды еске  түсіріп, айтқан  өсиеттерін  бұлжытпай  орындау  керек. Олар үшін Аллаһ тағаладан  кешірім тілеп,  артынан дұға жасап тұру перзенттік борышымыз.

 

Хадисте «Аллаһтың ризалығы ата-ананың ризалығында, Аллаһтың  ашуы ата-ананың ашуында», - деген. Сондықтан, ізгілік  атаулының ең биігі - ата-ананың разылығын алу. Ата-ана бізді мәпелеп, өсіріп, ер жеткізіп, азамат болуымыз үшін қолынан  келген  барлық  мүмкіншілігін жасап тәрбиеледі. Сондықтан, біз де ата-анамызға  құрмет көрсетіп, қартайған шағында олардың  көңілін қалдырмай соңғы  деміне  дейін аялап  қарауымыз керек.

 

Хадисте «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды тұмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» деген. Жалпы, бала дүниеге  келген кезде пәк, Ислам болмысы негізінде  туылады. Содан  кейін ата-анаға  аманат  етіледі. Ата-ана бұл аманатты тиісінше өз дәрежесінде орындауы тиіс. Бұл  ретте, бала тәрбиесінде  келешекте оның қай бағытты таңдайтындығына  ата-ананың  рөлі  өте маңызды.  Отбасы  тұлға  шынығып, шыңдалып, қалыптасатын орын. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Міне, жанұя  жағдайында баланың тұлғалық  қасиеттері  бірте-бірте  қаланады. Содан  кейін  осы қаланған  қасиеттер  әдетте ешқандай өзгерістерге  ұшырамайды да мызғымас тұлғалық  тұтастыққа  айналады. Ата-анаға қарсы шығу - ең үлкен күнәлардың қатарында. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «- Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба?» - дегенде, сахабалары: «Иә, айтыңыз!», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһқа серік  қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақ адам өлтіру, өтірік айту»,- деп жауап берді.

 

Ислам діні бойынша ата-ана балаларына жас кезінен бастап жақсы-жаман және күнә-сауап нәрселерді үйрету, түсіндіру, әрбір іс-әрекетін қадағалау керек. Сондықтан да, бала тәрбиесі ата-ананың өздерін-өздері тәрбиелеуден басталады. Өз заманында Мөңке би бабамыз:

 

Құрамалы қорғанды үйің болады,
Айнымалы төкпелі биің  болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосатын  жиын болады.

 

Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген  ұлың болады.
Ақыл айтсаң  ауырып қалатын,
Бедрей деген қызын болады.

 

Алдынаң кес-кестеп  өтетін,
Кекрей деген келінің болады.
Ішкенің сарысу болады,
Берсең итте ішпейді.

 

Жас баладан биің болады.
Жас балшықтан  үйін болар,
Ат жақсысы арбада болар,
Жігіт жақсысы саудада болар, - деген екен.

 

Баланың жарқын болашағы мен бақыты үшін тыным таппай шарқ ұрған ата-ананың балаға деген мейірімі мен өмірде тартқан тауқыметінің қандай болатынын айту өте қиын. Жастардын өзінің де бір күні ақ шашты, кемпір-шал болатынын ойлануы керек. Егер,  қартайған  кезде құрмет  көргісі келсе,  әке-шешесіне  солай қызмет етуі қажет. Егер  ақыретте  бақытты  болуын қаласақ, әке-шешені риза етуге ұмтылу  керек. Әрі мына жалған дүниеде оларға қамқорлық  танытсақ, өміріміз берекелі болады. Ол - құнсыз  қазына. Пайғамбарымыз  бір хадисінде: « Әке -шешесі  қолында  қартайып,  жаннатқа   кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті», - деді. Негізінде, Аллаһ тағала  бізді жаннатқа лайық қылу  үшін  дүниеде  шексіз  мүмкіндіктер  сыйлаған. Бұл Аллаһтың мейірімділігін танытады. Солардың бірі - әке-шешеге  құрмет.


 
          
Өмір атты есіктен кіріп біздің жанымыз,
Кешің батып бір күні, атар бір күн таңымыз.
Жоғалса да байлық, мал, жиған-терген дүние,
Жоғалмасын кеудеде иман, ұят, арымыз.

 

Оңбай қалар ібіліспен оң жағымен кезіккен,
Бөленгеннен шырылдап әлдилеген бесіктен.
Еріншектік танытпай білім ізде, бауырым,
Рухың шығып кеткенше өлім атты есіктен.

 

Пайғамбарға тән мінез ата-ананы қадірлеу,
Үлкен күнә, әрине, ол жандарды жәбірлеу.
Жан-тәніңмен оларды құрметтесең, бауырым,
Қолымыздан келеді жәннаттан орын әзірлеу.

 

Ата-анаңа  қалай  құрмет  көрсетсең, өз балаңнан да солай құрмет көрерсің. Өз балаңыздан  қандай  жақсылық  күтсеңіз, ата-анаңызға сондай жақсылық істеңіз. Себебі не берсеңіз, соны аларсыз, не ексеңіз, соны орарсыз. Жақсылық қылсаң да өзіңе, жамандық қылсаң да өзіңе емес пе?!  «Ата-ана не қылсаң, алдыңа сол келер» деген. Ақ жаулықты, ақ шашты өз  аналарымыз  бен  данагөй   қарияларымызды  ардақтайық, көңілдеріне қаяу, жүректеріне  қайғы салмайық, ағайын!
                       
                                                  
                                                                      
Ғайырфулла Қуанышбекұлы,
Жамбыл ауданының бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: