Халқымызбен біте қайнасқан жарқын мереке.

Халқымызбен біте қайнасқан жарқын мереке.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Түркі тектес халықтардың басым бөлігі табиғатпен тең өскен. Оған олардың жартылай көшпелі тұрмыстары себеп болса керек. Аттың жалында, түйенің қомында, малдың соңында жүріп, табиғат құбылыстарын жете меңгеруі заңды еді. Табиғаттағы үйлесімді бір өлшем күннің мүлтіксіз есеппен шығып, батуы, айдың үркермен тоғысуы, ауа-райына әсері және т.б толып жатқан тылсым сырлар олар үшін таңсық емес еді.

 

«Табиғат» араб тілінен аударғанда «мөр, із» дегенді білдіреді. Яғни ол Алланың құдіретін көрсететін белгі, ұлылығын білдіріп, оған ғана құлшылық етуге үгіттейтін ишарат.

 

Алла Тағала Құран Кәрімде табиғи құбылыстарға көп үңілуді бұйырады. Көктің ұшан қиырлығы, күннің, айдың мүлтіксіз есеппен қозғалуы, таудың тірек болып тұруы, жердің бесікше тербетілуі сөзсіз Алланың ұлылығын білдіреді.

 

Күн мен түннің ауысуы сондай-ақ жыл мезгілдерінің бірінен біріне алмасуы оның құлдарына қамқорлығы, сондай-ақ тынымсыз үйретіп жатқан үгіті деп түсіндіріледі. Құранда адам өмірін жыл мезгілдеріне теңейді. Жаздыгүні жайқалған тіршілік күздің күні қурап, қыстың күні мүлгіген табиғат көктемде түк болмағандай қайта тіріледі. Табиғат бейне бір: «Ей, адам баласы, сен жассың, мен де жасылмын, сен қартаясың, мен де сарғаямын. Мен топанға, сен топыраққа  айналасың. Мен қурап, түгім қалмаса да, көктемде қайта тірілемін, сол сияқты сен де қурап, шіріндіге ұқсап қалсаң да, қабірде тұрасың, өзіңе ақыл берген Иеңнің алдында жауап бересің»  деп тұрғандай.

 

Құранның уағыздау тәсілі көзге көпе-көрінеу көрініп тұрған табиғи құбылыстарға көп байланысты. Кезінде табиғатпен тел өскен түркі елдеріне бұл насихат қатты әсер еткені анық. Сол себептен олар Исламды өз еркімен қабылдап, көп ұзамай ажырамас ділі мен салт ұғымына айналдырды. Бүкіл тіршілікті өлі күйге айналдырған қыстың ызғары таусылып, күн жылынып, тірлікке нәр берер көктемнің күні де жақындап қалды. Күн мен түн теңесіп тіршілік қайта басталғандай.

 

Табиғатпен тел өскен Тұран мен Иран халқының дәстүрінде 21-22 наурыз, яғни, күн мен түннің теңескенін жаңа күн, жаңа жыл деп есептеген. Жыл санау тұрғысында бұл дәстүр үйлеспегенмен, жалпы астарлас мағынасында Исламмен бүтіндес дүние. Көктем - жаңаруды, жарылқауды  білдіреді. Өйткені көктем күндері малдың аузы көкке, адам ауыз аққа тиеді. Тіршілік біткен Алланың мейірімін сезінеді. Адамдар қыстан қысылмай, аман-есен шыққаны үшін Аллаға шүкіршілік айта бастайды.

 

Наурыз айында салт-ұғымымызда бастау-бұлақтардың көзі ашылып, айнала төңірек тазартылады. Бұлақтарға май құйып, су мол болсын, өсімдіктерге ақ бүркіп, олар тез өсіп-өнсін деп ырымдаған, ағаштар егілген. Ұлыстың ұлы күнінде әншілер ән айтып, ақындар айтысып, палуандар белдесіп, тәлімді мәні бар той думанға ұласады. Ең бастысы, бұл күні әр адам өзінің арының алдында есеп береді. Ел басшылары, қария ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен ел,  руларды,  дос-жарандарды, ағайын-туғандарды татуластырады, ажырасқан отбасылардың басын қосады,жалғыз-жарым жетімдерді асар ғылып,отауын тұрғызып,қолғабыс етеді. Жұтағандарға жылу жинап, кембағалдарға қарайласуды туған-туыс болып міндетіне алады. Жаман әдетке үйір болғандарды көптің талқысына салып түзейді.

 

Ұлыстың ұлы күні адам атаулының арасында хан, қара, әйел, бала демей толық теңдік орнайды. Ол күні тіптен құлға да теңдік, еркіндік берген деседі. Салт-дәстүрімізге сәйкес, сол күні құл-құтан, жетім-жесір, хан, қара, ер, әйел демей барлығы теңдей түзеліп, бір қазаннан, бір табақтан наурыз көже ішеді.

 

Наурыз мерекесі осындай құндылықтарымен исламмен біте қайнасады, яғни теңдік, әділдік, қамқорлық, жақсылық жасау, Аллаға тәубе айтумен, шүкір айтумен Исламның бүтін бір дүниесіне айналды. Біз бүгінгі күні бұл мерекеге қаншалықты мән береміз. Санаға сіңісті болып қалған жаңа жылды қыстың қақаған қақ ортасында қарсы аламыз. Ол мереке не табиғатпен үйлесім таппаған,  не дәстүрге де, ақылға да сай келмейді. Ол аз дегендей бұл күні арақ ішіп, бауырымызды күйдіріп, аспанға от шашу атып, адал ақшамызды шашып, не өзіңе не өзгеге пайдасы жоқ тірлік жасаймыз. Бұл күні төтенше оқиғалар жиілеп, адам өлімі де көбейе түседі. Арақ ішіп алып, біреу біреудің тұмсығын бұзады, біреу біреудің ішін жарады немесе жол апатына ұшырайды. Айрандай ұйып отырған отбасылардың да шырқы бұзылып, ажырасу көбейеді. Ал оған қарама-қарсы дәстүріміздегі жаңа жыл наурыз мерекесін алайық. Адамның  өзіне де өзгеге де, дүниесіне де ахиретіне де пайдалы істерге толы емес пе?

 

Ата-бабаларымыз сияқты табиғатты Алланың ісі, тіршілікті Алланың аманаты деп түсінгеніміз жөн. Сонда есік алдындағы күл-қоқысты тазалап, табиғатты ластаудан бұрын оның әрбір талын тасын аялар едік. Өкпе-ренішімізді ұмытып, бір-бірімізді Алла разылығы үшін кешірер едік. Тәубеге келіп, бар-жиған тергенімізді бір қазанға салып елмен бөлісіп ішер едік. Өлі нәрсе көктем шуағымен жаңарғаны сияқты иманымыз түлеп, жасымызға жас, ақылымызға бір ғибрат  қосылып, рухани бір жаңғырар едік. Ұлыстың ұлы күніндегі табар сауабымыз, баға жетпес байлығымыз емес пе?

 

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, жамағат!


А.Кенжемолдаев,
Жуалы ауданының бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: