Қажылыққа дайынсыз ба?

Қажылыққа дайынсыз ба?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Тәзкиратүл-Әулия» - атты еңбекте мынадай бір оқиға риуаят етіледі: «Табиғиндардан шыққан үлкен ғұлама ғалым Абдоллаһ ибн Мүбәрак қажылық міндетін орындаған соң, көз шырымын алайын деп жантая кетеді. Бірақ, біразға дейін көзі ілінбей арлы-берлі дөңбекшіп, ұйқылы-ояу жатқанда екі періштенің даусы құлағына шалынады. Бірі екіншісіне: «Бұл жылы алты жүз мың кісі қажылық жасады. Барлығының жасаған қажылығы Шамда тұратын аяқ киім ұстасы Әли ибн Муаффақ деген кісінің ізгі амалының құрметіне қабыл болды. Ол қажылыққа баруға ниет еткен, бірақ келе алмай қалды. Оның істеген тек бір ізгі амалының құрметіне осыншама адамның қажылығы қабыл болды»,- дейді. Мұны естіген ғалым орынынан тұрып, көп ойланбастан, дереу Шамға қарай бет алады. Алла нәсіп етіп, іздеген адамын тез арада тауып алады. Әли ибн Муаффақ Абдоллаһ ибн Мүбәрак сияқты есімі күллі мұсылман әлеміне мәшһүр кісінің өзін іздеп келгенін көргенде қатты сасады. Қобалжығаны соншалық есінен танып қалады. Біраздан соң есін жиып, болған мән-жайды былайша баяндайды:

«Мен отыз жыл бойы қажылыққа баруды армандадым. Көп жыл еңбектеніп, үш жүз дирхам жинадым. Сол ақшамен қажылыққа баруға ниет етіп жүргенмін. Бір күні жұмыстан үйге келсем аяғы ауыр келіншегім: «Көршінің үйінен шыққан еттің иісі мұрнымды жарып барады. Сол етке жерік сияқтымын. Маған бір кесегін сұрап әкеліп берші», - деген соң, оның көңілін қимай көршімнің үйіне қарай беттедім. Менің қандай шаруамен келгенімді түсінген көршім жылап қоя берді:

«Балаларымның нәр татпағанына бір жеті болып, әбден ашыққан соң, амалсыздан көшеде жатқан бір өлексенің санын кесіп үйге әкелген едім. Қазір соны қайнатып жатырмын. Егер ет піскенше ештеңе таба алмасам, лажсыз соны оларға жегіземін. Қаласаңыз, сізге де берейін. Бірақ, бұл балаларым үшін адал болғанымен, сізге арам ғой»,- деді. Көршімнің мына сөзі маған қатты әсер еткені соншалық, қажылыққа деп жинап жүрген үш жүз дирхамды оның қолына ұстаттым да: «Уа, Раббым! Ниетімді қабыл еткейсің!», - деп, Жаратушыға мінәжат еттім. Мұны естіген Абдоллаһ ибн Мүбәрак:

«Раббым маған түсімде ақиқатты естіртіпті!», - деді іштей күбірлеп.

Жоғарыда айтылған қиссалардан көңілге не түйдік? Меніңше, қажылық сапарға шықпастан бұрын төмендегі екі қағидаға амал етуге тиіспіз:

Салих жандарды зиярат ету

Адам қажылық сапарға қажетті қаржыны жиюмен қатар, рухани да дайындық жасауы керек. Ел-жұрттың құрметіне бөленген салих жандардың батасын алсын. Өсиетін тыңдап, насихатына құлақ түрсін!

Инфәқ ( Дүние-мүлкіңді Алла разылығы үшін жұмсау).

Нәпсіңді тәрбиелеп шығару үшін мүмкіндігінше мұқтаж жандарға көмектесу қажет. Алла разылығы үшін дүние-мүлкіңнің бір бөлігін оларға беріп, қуанышқа бөле. Бұл жөнінде Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Ей, иман келтіргендер! Пайғамбармен оңаша сөйлеспек болсаңдар, алдымен (жоқ-жітікке) садақа беріңдер. Бұл сендер үшін қайырлы әрі әділдік болып есептеледі. Егер, садақа беретін ешнәрсе таба алмасаңдар оның оқасы жоқ (садақа бермей-ақ қойыңдар) Күмәнсіз Алла тым кешірімшіл, аса рахымды» («Мужадала» сүресі, 12-аят).

Ал, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Садақа беруге асығыңдар! Өйткені, садақа бәле-жаланы қайтарады»,- деген. Садақаға байланысты басқа хадисте мынадай бір оқиға риуаят етіледі:

«Бір күні Иса (ғ.с.) пайғамбар отын арқалап қасынан өтіп бара жатқан бір топ кісіні қолымен нұсқап: «Алла қаласа, олардың ішіндегі біреуі бүгін өледі!» - деді. Қасындағылар бұл сөздің мәнін ұғынғысы келіп, кешқұрым әлгілердің барлығын хазреті Исаның (ғ.с.) қасына қайта жинайды. Иса (ғ.с.) пайғамбар олардың арасындағы бір отыншыға қарап:

«Отынның бауын шеш!» - деп бұйырады. Ол Пайғамбардың (ғ.с.) айтқанына мойынсұнып, отынның бауын шеше бергені сол еді, бір қара жылан арасынан шыға келді. Жиналған жұрт таңырқап тұрғанда хазреті Иса (ғ.с.): «Бүгін қандай жақсы амал істедің?»,- деп сұрады әлгі адамнан. Ол: «Көзге көрінетіндей ештеңе де істеген жоқпын»,- дегенде Иса (ғ.с.): «Жақсылап ойланып көрші»,- деп өтінеді.

- Бүгін талғажау етемін деген бір үзім наным бар еді. Соны жейін деп қолыма ала бергенімде жаныма бір міскін келіп нан сұраған соң, жартысын соған бердім» - деді. Мұны естіген Иса (ғ.с.) пайғамбар: «Осы амалың үшін сені жылан шаға алмапты»,- деді. Түсінген адамға бұл да бір үлкен сабақ.

Сондай-ақ, адамдарға материалдық тұрғыдан ғана көмектесіп қоймай, жылы сөйлеп олардың көңілдерінен шығып жатса нұр үстіне нұр. Ол үшін әрине жүректі емдеу қажет. Біреудің көңілін табу оңай шаруа емес. Көңіл өзінше бір әлем. Оған терең бойлаған ғана өз мақсатына жетпек. Көңілді қасиетті Қағбаға теңестіріп жатады. Бұл жайында ибн Омардың (р.а.) айтқаны назар аударарлық:

«(Ей, Қағба!) Сен қандай ұлысың! Сенің даңқың қандай асқақ. Алайда шынайы мүміннің Алла жанындағы дәрежесі сенен де жоғары».

Ал, хазреті Әбділқадыр Гейлани мұндай ұлы дәрежеге жетудің шарттарын былайша түсіндіреді:

«Көңіл - тек нәпсіқұмарлықтан арылып, пәк күйінде Алла тағалаға мойынсұнғандар үшін Қағба болмақ».

Енді мақаланы аяқтар тұста мынаны ескерте кетейін. Әрине, жоғарыда айтылғандарды мүмкіндігінше орындап, рухани кемелденіп қажылыққа барса құба-құп. Алайда, «ондай дәрежеге жетпедім екен» деп қажылықтан бас тартуға әсте болмайды. Өйткені, қажылық жағдайы бар кісілер үшін парыз. Парыз өтелмейінше, мойныңдағы қарыз күйінше қала бермек. Егер мүмкіндігі бола тұра қажылық парызын өтемей, кейін жағдайы қиындап кедей болып қалса да, ол қарызынан құтылмақ емес. Тіпті, бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп ескертеді:

«Кімде-кім ішіп-жем мен көлік шығындарын өтей алатындай қаражатқа ие болып, Алланың үйіне баруға шамасы келе тұра қажылық жасамаса, оның иаһуди, не христиан болып өлуіне ешқандай кедергі жоқ!»

Алла Елшісі (с.ғ.с.) осы хадисі арқылы қажылықтың мән-маңызын дәл түсіндіріп тұрған жоқ па? Яғни, қажылық міндетін бір жаққа ысырып қойып, оған немқұрайлы қарау мүлде дұрыс емес.

Тағы бір айтар жайт, нәпіл намаз, нәпіл ораза болғаны сияқты қажылықтың да нәпілі бар. Нәпіл қажылық жайында айтылған негізсіз сындар бір ұшы күпірлікке барып тіреледі. Алла ондайдан сақтасын! Бұл - ешқандай негізі жоқ надандықтан туындаған деп айтуымызға болады. Сондай-ақ, құлшылықтың ләззатынан мақрұм қалған пенделердің қараңғы сөздері. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманынан бері нәпіл ғибадаттар иман құлшынысының ерекше бір көрінісі ретінде бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Шынайы ықыласпен жасалған нәпіл ғибадаттар құлды Аллаға жақындатып, рухын көтереді. Осылайша, адамның бойында мейірімділік, жомарттық сезімдер пайда бола бастамақ. Алла тағала нәпіл ғибадаттар арқылы құлының дәрежесін көтереді. Мәзһабымыздың негізін салушы имам Ағзам Әбу Ханифаның елу бес рет қажылық жасағаны мұның ең айқын мысалы емес пе?!

Ұлы Раббымыз көңілімізді Қағбаға айналдыратындай илләһи тәрбиесін нәсіп еткей! Өз құзырына өзгеге жұбаныш бола білген көңілмен баруды және қажылықтарымыздың мәбрур болуын баршамызға нәсіп етсін! Әмин!..

Осман Нұри Топбаш

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: