Зинақорлық - нағыз арсыздық

Зинақорлық - нағыз арсыздық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

1. Ер кісінің әйеліне байланысты үшінші міндеті - онымен әрдайым мейірімді және сыпайы мәміле жасау.

Қазақта «әйелді - бастан, баланы - жастан» деген сөз бар. Осы сөзді басшылыққа алып әйел табалдырық аттағаннан қатаң ұстау мақсатымен әйелін ашса - алақанда, жұмса - жұдырықта болуы керек деп ұғынатындар бар. Бұл - қате! Өйткені, әйел - сенің ең жақының, өмір серігің, терезесі тең досың. Сондықтан да күйеу әр мәселеде әйеліне ілтипатты, сезімтал, сүйе-ніш көретін бірден-бір жақыны, сенімді досы бола білуі қажет. Осыған қатысты Алла тағала «Ниса» сүресінің 19-шы аятында былай деген:

"يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ يَحِلُّ لَكُمْ أَنْ تَرِثُوا النِّسَاءَ كَرْهًا وَلاَ

تَعْضُلُوهُنَّ لِتَذْهَبُوا بِبَعْضِ مَا آتَيْتُمُوهُنَّ إِلاَّ أَنْ يَأْتِينَ بِفَاحِشَةٍ مُبَيِّنَةٍ وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ فَإِنْ كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَى أَنْ تَكْرَهُوا شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللَّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا"

«Әй, мүміндер! Сендерге әйелдерге зорлық жасау және оларды мұра ретінде біреуден біреуге ауысып тұратын зат ретінде пайдалану жараспайды. Егер олар ашықтан-ашық опасыздық жасамаса, оларға төлеген қалың малдың бір бөлігін қайтарып алайық деп, сыныққа сылтау іздемеңдер, олармен жақсы шығысыңдар. Тіпті оларды жақтырмаған күннің өзінде сабыр сақтаңдар, өйткені сендердің жақтырмайтын нәрселеріңде Алла тағаланың қайырлы нәтижелері болуы мүмкін».

2. Ислам әйелді ана, ұрпақты жалғастырушы деп оны сыйлауға бұйырады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады:

"خَيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لأَهْلِهِ"

«Сендердің жақсыларың отбасына жақсы болғандарың!»

Хадисті Имам Табарони риуаят етті.

Бұл айтылғаннан ер адамның дене күші басым болғандықтан, әйелге көмектесуі, оған қамқорлық жасауы көзделеді.

Әрбір қыз бала бойжетіп, әке-шешенің аялы алақанында өткізген бал дәуренін артқа қалдырып, басқа бір елге келін болып, келіншек атанады. Өз шаңырағын көтеріп, үй мен шаруаға иелік етіп, түтін түтетеді, ана болып, өмірге перзент әкеледі. Осы жағдайда әйел кісінің өз үйінде атқаратын міндеттері ауыр да ардақты. Үй шаруасына икемділік, іскерлік, жүріс-тұрыс сыпайылығы мен ширақтылығы, жинақтылық пен тазалық, күйеуіне ілтипат пен қамқорлық, елге ізет, жұртпен татулық, сыйластық. Исламда осының барлығы әдеп-инабаттылық талаптарын құрайды.

Әйелдің күйеуі алдындағы әдептілік міндеттері

Күйеуін отбасының иесі деп тану.

Себебі, Алла тағала «Ниса» сүресінің 34-ші аятында:

"الرِّجَالُ قَوَّامُونَ عَلَى النِّسَاءِ بِمَا فَضَّلَ اللَّهُ بَعْضَهُمْ عَلَى بَعْضٍ وَبِمَا أَنفَقُوا مِنْ أَمْوَالِهِمْ فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللَّهُ"

«Еркектер - әйелдерді билеуші. Өйткені, Алла тағала еркек пен әйелді бір-бірінен артық етті. Еркектер әйелдерге нәпақа беріп, малдарынан пайдаландырады. Әйелдердің жақсысы - ерлеріне бойұсынғандар және Алла тағала жасыруға бұйырған абыройларын қорғаушылар»,-десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

"لَوْ كُنْتُ آمِرًا أَحَد أَنْ يَسْجُدَ لأَمَرْتُ الْمَرْأَةَ أَنْ تَسْجُدَ لِزَوْجِهَا"

-Мен адамдарға сәжде етуді бұйырар болсам, ең алдымен әйеліне күйеуіне сәжде етуге бұйырар едім»,-деген.

Хадисті Тирмизи риуаят етті.

Қазақ халқының әдептілік көзінің бірі - Ислам діні. Тарихи мағлұматтарға қарағанда халқымыз Ислам дініне ешқандай да зорлық-зомбылықсыз, өз еріктерімен ағынан жарылып кірген. Мұның бірден-бір себебі - исламдық көзқарас пен қазақы тіршіліктің бір-біріне өте сай болуында.

Ислам дініне бет бұрған отбасылардың өзгерген өмірлерін көргенде еріксіз қайран қаласың! Өйткені, кеше ғана ішкілік, жанжалдан құты қашқан шаңырақтың Алла тағала жолына түсуі арқылы отбасында береке-бірлік орнағанын көргенде қалай сүйсінбессің? Демек, әңгіме Алла тағаланы мойындап, Оның талаптарына сай ғұмыр кешуде екен.

Ислам дінінің ұстанған негізгі насихаты - имандылық, адамгершілік, адалдық, тазалық. Көздейтін мақсаты - елдің тыныштығы, халықтың ынтымақ-бірлігі, бақытты тіршілігі. Бұл - мұсылманшылық жолы. Ал, мұндай жолдың адам баласын азғындықтан қайтаратыны анық.

3. Отбасының тәртіп-тізгінін жөнге салып, балаларының денсаулығына, тәрбиесіне және білім алуларына ерекше көңіл аудару.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтады:

"وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ عَلَى بَيْتِ زَوْجِهَا وَوَلَدِهِ"

«Әйел - күйеуінің үйі және бала-шағасы үшін жауапкер».

Хадисті Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.

Мұсылман әйелдің ең басты қасиеті - ер-азаматына сүйеу бола білу.

Киім тігу, дәмді тамақ пісіру, түйме қадап, жыртықты жамай білу, онсыз отбасының тіршілігі толыққанды бола алмайтын басқа да осы сипаттас істер - әйелдің қадірін асырады. Бұларды ұсақ-түйекке санаған адам қатты қателеседі. Өйткені, отбасылық өмірдің сәнін кіргізіп, жылуын, қызығын молайтатын, ері мен әйелінің бір-біріне ризашылығын, сүйіспеншілігін нығайтатын нақ осылар.

Ана өз өмірінің жалғасын өмірге әкеліп қана қоймай, ертеңгі елді құрайтын және соған ие болатын ұрпақтың тәрбиешісі. Бұған қатысты: «Жігітті тәрбиелеген - әскерді тәрбиелейді, қызды тәрбиелеген - ұлтты тәрбиелейді»,- деген ғой дана халқымыз.

Әйел адам балаға әкенің қадірін білдіріп, қасиетін түсіндіріп отырады. Шешенің балаға «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» деген ақылдары баланың әкеге сүйіспеншілігін арттыра түседі және отбасында ажырамас махаббат орнайды.

Дін, имандылық, ұлттық тіл, дәстүр, тарих, әдебиет пен мәдениет бала бойына ана сүтімен дариды. Сондықтан әйел баласы өз бойын күтуді, нәрестелі болудың барысын білуі, туған күннен бастап нәрестені бағуды, киіндіру-ішіндіруді, жұбатуды, шомылдыруды, ем-дом қолдануды, ойнатуды, сөйлесуді, еркелетуді, бір сөзбен айтқанда, тәрбиелеуді үйреніп, білуі тиіс. Ол өз діні, халқының озық тәрбие-дәстүрі, өткен-кеткен тарихы, өмір салты жайында жақсы біліп, айтып бере алатын болса, нұр үстіне нұр!

4. Үй ішінде және түзде күйеуінің намысы мен мәртебесін қорғау.

Отағасының жақсысын асырып, жаманын жасырып, оны сырт көзге сұлу торы аттай ешбір мінсіз етіп көрсете білу - тәрбие көрген жақсы әйелге тән нәрсе.

Алла тағала айтады:

"الرِّجَالُ قَوَّامُونَ عَلَى النِّسَاءِ بِمَا فَضَّلَ اللَّهُ بَعْضَهُمْ عَلَى بَعْضٍ وَبِمَا أَنفَقُوا مِنْ أَمْوَالِهِمْ فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللَّهُ"

«Еркектер - әйелдерді билеуші. Өйткені, Алла тағала еркек пен әйелді бір-бірінен артық етті. Еркектер әйелдерге нәпақа беріп, малдарынан пайдаландырады. Әйелдердің жақсысы - ерлеріне бойұсынғандар және Алла тағала жасыруға бұйырған абыройларын қорғаушылар».

«Ниса» сүресі, 34 аят.

"وَقُلْ لِلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ"

«Мұхаммед (с.ғ.с. )! мүмін әйелдерге: «Бөгде ерлерден көздерін сақтап, ұятты жерлерін көрсетпесін»,-де».

«Нұр» сүресі, 31 аят.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с. ) былай деген:

"خَيْرٌ النِّسَاءِ الَّتِي إِذَا نَظَرْتَ إِلَيْهَا سرَّتْكَ، وَإِذَا أَمَرْتَهَا أَطَاعَتْكَ، وَإِذَا غَبْتَ عَنْهَا حَفِظَتْكَ فِي نَفْسِهَا وَمَالكَ"

«Әйелдердің жақсысы - көзің түскенде қуандырып, бұйырғаныңа мойынсұнғаны. Үйіңде болмағаныңда сенің ар-намысың мен малыңды сақтағаны."

Хадисті Имам Табарони риуаят етті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «көзің түскенде қуандырып" дегені - әйелдің әуретін жауып, тек ері көруге болатын жерлерін бөгде кісілерден жасыр-ғаны. Ерінің ар-намысын қорғағаны осы болар. Керісінше, мұсылмандық ұят-әдеп жоралғыларын белден басып өте беретін, отырғанда, тұрғанда, өзінің әйелдік жаратылысын ескермейтін қыз-келіншекке жарасатын қымсыну, тартыну, имену деген ойына кіріп шықпайтын әйел кісі өзіне ғана емес, ата-ана, күйеу, бауыр туғандарына сөз келтіріп, жерге қаратады.

Қазақ халқы Ислам дінімен біте қайнасты. Ата-бабаларымыз осы діннің ұстанымымен тіршілік етіп, өмірлеріне байлам етті. Ал, дін дегеніміз тек бес уақыт намаз оқып, бес парызды жаттанды түрде білу ғана емес. Бұл өте тар түсінік. Дін дегеніміз ең алдымен тазалықтың, мәдениеттің қайнар көзі. Ақиқатына келер болсақ, Ислам ешкімді қараңғылық пен мәдениетсіздікке итермелемейді. Исламның бар мақсаты - әрбір пенденің жаратылыс табиғатына сай ұят, ар, намыс құқығын қорғау. Дін парасаттылық, имандылыққа үндеп, әділдікті зұлымдыққа, жақсылықты жамандыққа қарсы қойып, адамзатты ақ және адал іске бастайды. Олай болса, мәдениеттілігіміз дінге де байланысты.

Алла тағала айтады:

"فَاسْتَبِقُوا الْخَيْرَاتِ"

«Жақсылықта (Алла тағалаға итағатта болып, Оның әмірін орындауда) жарысыңдар!»

(«Бақара» сүресі, 148 аят).

"وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِنْ رَبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ"

«Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар (Алла тағалаға итағатта болып, Оның әміріне қарсы келмегендер) үшін әзірленген кеңдігі жер мен көктей жәннатқа асығыңдар!»

(«Әли-Имран» сүресі, 133 аят).

"وَلاَ تَقْرَبُوا الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلاً"

«Зинаға жоламаңдар! Өйткені, ол нағыз арсыз және жаман жол»

(«Исра» сүресі, 32 аят).

Қоғамды қалыптастыратын отбасы. Ал, оның негізін аманатшылдық құрайды. Аманат негізінде адалдық сезімі жатқаны сөзсіз. Бойында шын адамгершілік сезімі болған адам ғана өзіне аманатқа қиянат етпеуді парызға санап, адамдық, имандылық ісі деп біледі. Халқымыз қашанда аманатшылдықты адамның инабаттылығы, ары және имандылық көрсеткіші ретінде бағалаған. Жетесіз, жігерсіз кейбіреулер болмаса, саналы күйеу мен әйел өз махаббаттарына адал бола отырып, аманатты ант-су ішпей-ақ Құдай, ар-намыс, өмірлік жар-жолдасы алдындағы міндет ретінде мүлтіксіз орындайды, отбасылық міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, бір-бірлерімен кіршіксіз қарым-қатынаста болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтады:

"اكْفُلُوا لِي بِسِتٍّ أَكْفُلُ لَكُمْ بِالْجَنَّةِ إِذَا حَدَثَ أَحُدُكُمْ فَلاَ يَكْذِبْ وَإِذَا أؤتَمَنَ فَلاَ يَخُنْ وَإِذَا وَعَدَ فَلاَ يَخْلُفْ وَغُضُّوا أَبْصَارَكُمْ وَكفُّوا أَيْدِيَكُمْ وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ"

«Сендер алты нәрсені жауапкершіліктеріңе алсаңдар, Мен сендердің жәннатқа кірулеріңе кепіл боламын. Ол:

- Жалған сөйлемеу;

- Аманатқа қиянат етпеу;

- Уәдеде тұру;

- Тыйым салынған нәрсеге қараудан көзді сақтау;

- Қолды сақтау;

- Ұятты жерді зинадан сақтау».

Ар, намысы жоқ, тән құмарлығына берілген адамның бойында шынайы махаббат сезімі болмайды. Мұндайлар хаиуан тәрізді. Қоғамды іштей ірітіп, әсіресе халықтың болашағы жастарды бұзатын осылар. Көзіне дүние бітіп, жүрегін нәпсі билеген бөрілер дүние табу, опасыз ниеттерін жүзеге асыру мақсатында «мәдениет», «өркениет» аттарын жамылып, түрлі айла қолдануда. Бұған дәлел жыныстық қатынасты көрсететін «көркем фильмдер», алды-артын жабуды айып көретіндердің суреттерімен әшекейленген газет-журналдар, кафе, бар, мейрамхана, түнгі клуб және тәулік бойы істейтін сауналар. Бұл елімізде күрделі мәселе бола тұрып, үкімет, ата-ана, түрлі билік басындағылардың назарына ілікпейтіні қалай?

Адам абыройы ақша, мал-дүниемен өлшеуге келмейтін құндылық. Бойында адами қасиеттердің арқауы болған ар, ұят, намысы болмаған кісінің ой, пікір, тіршілігі табиғи заңдылыққа жат, халық тұрмысына қайшы, діни сенімге кереғар, адамдық болмысқа жатпайтыны анық. Осындай ер немесе әйел үшін абырой құндылығы жойылып, ол бар болғаны тән түйсігін қанағат-тандырумен шектеледі.

Бұрынғы КСРО шаңырағының астында ғұмыр кешкен жылдарда халқымыздың әдеп-инабат дәстүрі көз түрткі болып, атам заманнан келе жатқан имандылық, адалдық, намыс, абырой, ұлтшылдық «ескілік сарқыншағы» ретінде күстаналанып, әдетімізден шығып қалды. Негізінде бұл халқымыздың салт-дәстүрі емес, Ислам діні болды. Ал мұның нәтижесі, айналып келгенде, адамдардың дөрекілігіне, екіжүзділігіне, бір-біріне ілтипатсыз, мейірімсіздігіне әкеп соқты. Құдайдан қорқу, адамнан ұялу сезімі санаға кіруден қалды. Мұны тек қоғамдық құлықтың бұзылуымен ғана түсіндіру дұрыс емес. Бұл жалпы қазақ халқының рухани бастау көздерінің негізі болған мұсылманшылық сенімі күйреп, адамгершілік құндылығын құраған игі мұраларымыздың құнсыздануына әкеп соқты. Ислам дінін арқау еткен ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа сан ғасыр аманат етіп сақтап келе жатқан қастерлі әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі аяқ асты болды. Осының салдарынан айрандай ұйыған халқымыздың рухани сапасы көп әлсіреді.

Қазіргі таңда «мен мұсылманмын» деген әрбір адамның санасы оянар, жүректері, көздері ашылар кез келді. Рухани тазалық пен саналы тіршілікке бүгін бет бұрмасақ, ертең кеш қалып, ұйыққа батамыз. Халқымыздың, әсіресе жастарымыздың рухани азғындығына, олардың тіршілігі, болашағы үшін еш мәні қалмаған идеяларға еріп кетуіне көз жұмып, қарап отыра берудің арты неге соғады? Өз мүддемізді, дінімізді, ұлттық рухымызды қорғай алмасақ, несіне «Тәуелсіз елміз!» деп желпінеміз!

Абдусамад МАҚАТ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: