Араб тілінде зекет - көбею, өсу, берекеттену, тазалық сияқты мағыналарды білдіреді. Ал зекеттің шариғаттағы терминдік мағынасы: Нисап (зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері) көлеміне жететін байлыққа ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла Тағаланың ризалығы үшін Құранда белгіленген адамдарға иелендіруі.
Бұл ғибадаттың зекет деп аталуы - қалған байлықтың көбеюіне, берекеттенуіне әрі берушісінің күнәларынан тазаруына себеп болғандығынан.
Зекеттің пайдалары мен хикметтері:
1. Алла Тағала Құранда өзінің әмірлерін орындап, тыйған тыйымдарын жасамаған құлдарын ақыретте сый-сыяпатқа кенелтіп, өзінің мейіріміне бөлейтіндігі турасында сөз беріп, уәде еткен. Зекет те Алла Тағаланың бұйырған әмірлерінің біреуі, сондықтан орындаушысы уәде етілген сый-сыяпатқа кенеліп, Алланың ризашылығына шомары сөзсіз. Сонымен қоса6 зекет - «Тәубе» сүресінің 103-аятында білдірілгендей күнәлардың кешірілуіне себеп. «Олардың малдары көбейіп және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал».
2. Жалпы адам баласының бойында дүние-мүлік, байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық және байлығымен басқаларға тәкаппарлану, паңдану сияқты жаман сипаттар бар. Зекет ғибадаты адамды осы өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық, тәкаппарлық сияқты жиіркенішті қылықтардан сақтап, кішіпейілдік, жомарттық және кеңпейілдік сияқты жақсы сипаттарға тәрбиелеп, баулиды. Байлығының бір бөлігін тек қана Алла ризашылығы үшін пақыр отандастары мен діндестеріне тегін беретіндей көңілге ие болған мұсылман баласы әрқашан елін, халқын, отанын ойлайтын азаматқа айналары сөзсіз.
3. Зекет - қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа тәрбиелейді. Мәселен, кедейлерге мейірімділік танытып, жағдайларына қарасқандықтан кедей де байларға құрметпен қарап, олардың дүние-мүліктеріне сұқ көзденбейді. Қызғанып, қастандық ойламайды. Осылайша қоғам бақытты, сенімді ғұмыр кешеді.
4. Зекет - қоғамдағы кедей-кепшіктердің орташа өмір сүрулеріне ықпал жасап, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды.
5. Зекет - капиталдың тек қана байлардың арасында айналып тұратын күш болуына бөгет жасайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Зекет-Исламның көпірі» (Һайсәйми, Мажма'уз-зәуайд, 3/62) - деп, әлеуметтік өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің зекет арқылы бір дастарқан басына жиналатындығын ишарат етуде. Өйткені, зекет - бай мен кедейді жақындастыратын маңызды ғибадат.
Ислам діні «Өзім тоқ болсам болды, өзгенің өмірем қапқанында шаруам жоқ» немесе «қиындығын сен көр, қызығын мен көрейін» - деген сияқты қара басын ғана ойлайтын өзімшілдікке қарсы шығу арқылы бай-кедей арасындағы қайшылықтардың алдын алады.
Алла бұл дүниені адамдардың барлығына толық жететіндей нығметтерімен безендірген. Сол нығметтерді әділ бөліске салмаған мына дүниеде көптеген қиыншылықтар кездесуде. Соның кесірінен ат төбеліндей ғана топ рахат өмір сүріп, жай халықтың көбі қиыншылық пен жоқшылықтан көз ашпауда. Міне, зекет - кірістің таратылуындағы осы теңсіздікті жойып, әділеттікті орнататын, байларға жүктелген сауабы мол, мәні зор ғибадат. Қысқасы, зекет - хадисте айтылғандай, байдың мейірімділігін, кедейдің құрметін тудыратын, оларды өзара дәнекерлейтін иләһи көпір.
6. Зекет ғибадаты - Алла Тағала берген байлыққа деген шүкіршілік. Зекет беруші мұсылман қолындағы байлықтың Алла Тағала берген жақсылық екенін ұғынады. Өзінен де зерек, қабілетті, денсаулығы мықты талай адамдардың бұл нығметтен мақрұм екендігін түсініп, сол нығметтерді өзіне нәсіп еткен Алла Тағалаға шүкір етеді. Әр нығмет өзіне сай шүкір талап етеді. Ілімнің шүкірі оны басқаға үйретумен, дене мүшеміздің шүкірі ораза ұстап, намаз оқу тәрізді ғибадаттармен орындалатыны сияқты, байлық нығметінің де шүкірі мұқтаждарға көмектесіп, зекет беру арқылы жүзеге асады. Яғни, байлық нығметінің шүкірі аузымызбен айтылатын «Аллаға шүкір» деген сөзбен ғана шектелмейді.
7. Зекет пәле-жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтайды. Байлықтың құрып кетуіне тосқауыл жасайды. Пайғамбарымыз: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерге дайындалыңдар» - деп түсіндіреді. (Кашфул-хафаа, 1/361)
8. Зекет - қоғамдағы ұрлық-қарлық, алдап-сулау, адам тонау, кісі өлтіру сияқты жаман әдеттердің кеңінен жайылуына бөгет қояды. Мұқтаж адамдардың өмір сүрулеріне керекті материалды көмек зекет сияқты заңды жолмен қамтамасыз етілгендіктен, қоғамдағы аталмыш болымсыз кереғар көріністер өздігінен тоқтайды.
9. Барлық мүшесімен бірге қоғам бүтін саналады. Әркім өзіне кіріс кіргізу барысында қоғамның басқа мүшелерінен тікелей немесе жанама түрде пайдаланады. Байдың байлығының пайда болуында қоғамның да ықпалы бар екеніне кім дауласар? Қоғамнан тыс жапан далада жеке басы өмір сүргенде қолындағы байлығы пайда болар ма еді? Сондықтан байдың байлығында кедейдің де есесі бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Беретін зекетіміз - өмір сүріп жатқан қоғамымызға деген рақметіміз бен бізге сол байлық нығметін нәсіп еткен Ұлы Жаратушымызға шүкіріміздің белгісі.
10. Шайтан адамды «Зекет берсең, аш - жалаңаш, кедей болып қаласың» - деп, қорқытып, шайтан адамды барынша азғырады. Шындығында зекет малымыздың азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп. Құранда бұл шындық былай баяндалады: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытып, жаманшылық жасауды бұйырады. Ал Алла сендерге өз тарапынан кешірімі мен кеңшілігін уәде етеді...» (Бақара сүресі, 268-аят), «Алла өсімнің берекетін кетіріп жояды, ал садақасы берілген малды берекеттендіріп арттырады» (Бақара сүресі, 276-аят)
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде берілген садақаның байлықты азайтпайтынын айтады: «Садақа малдан ештеңе азайтпайды» (Муслим, бирр/69).
11. Зекет берген адамның жан жүрегін, ішкі сезімін керемет қуаныш билеп, ерекше ләззат құшағына кіргендей күй кешеді. Өмірдің қысымынан, дүние-мүліктің ауыртпалығынан, жүректің қаттылығынан арылады. Батыс елдерінде материалдық өмірмен етене байланысып кеткендіктен рухани тоқырауға ұшырағандарға психологтар жаңа емнің түрі ретінде мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді ұсынуы кісі ойлантарлық. Хақ Тағала әр жақсылықтың есебін қолма-қол жүрекке рухани рахат құю арқылы сездіреді. Бұны ешбір материалдық рахаттан алу мүмкін емес.
Зекеттің мұсылмандарды жалқаулыққа, масылдыққа, жатып ішерлікке тәрбиелеп дағдыландырмайтындығын айта кеткеніміз жөн болар. Өйткені, Пайғамбарымыз:
{ألْيَدُالْعُلْيَا خَيْرٌ مِنَ الْيَدِالسُّفْلَي}
«Берген қол - алған қолдан қайырлы» - деп мұсылмандарды әрқашан тер төгіп, еңбек етуге шақырады. (Ислам Ғылымхалынан)