Хақ достарының көркем ахлағынан

Хақ достарының көркем ахлағынан

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қаншама ғапыл жандар нәпсісінің жетегінде өмірдің дауылдары мен топан суларына тап болып, селмен сүйретілген бөренедей қамсыз жүр. Ол ол ма кейбіреулер сол қамсыздығы мен надандығын бақыт деп санап жүр. Қайысқандар қайысқандығын, майысқандар майысқандығын білмегендіктері үшін түзелуге, түрегелуге әрекет жасауды қажет деп санамай жүр.

Иман кәмілдігінің ең басты шарты Алланы шынпейілділікпен жақсы көру және Ол жақсы көретін нәрселерді ұнату,сондай-ақ Оның жақсы көрмейтін нәрселерінен аулақ жүру. Яғни ақиқатқа және жақсылыққа деген сүйіспеншілігіміз арқылы зұлымдық пен жамандыққа дұшпан бола алмасақ бұл иманымыздың әлсіздігі және кемшілігі болмақ.

Пайғамбарымыз былай деген болатын:

«Кімде-кім Алла үшін жақсы көріп, Алла үшін дұшпан болса, Алла үшін беріп, Алла үшін бас тартса иманын кәмілдікке жеткізгені» (Тирмизи, Сыфатул-Қияма 60).

Сондықтан да кәміл мүмин барлық пікірлері мен ой-сезімдерін Алланың қалауына сай тізгіндейді. Жақсы көрсе Алла үшін жақсы көріп, жек көрсе Алла үшін жек көреді. Кәміл мүминнің жан дүниесінде барлық істің өлшемі «Алланың ризашылығы» болады.

Абдуллаһ ибн Аббас ғасырлар бұрын былай деп күйзелген екен:

«Жақсы көрер болсаң Алла үшін жақсы көр. Тастар болсаң Алла үшін таста. Біліп қой, Алланың ризалығына осылайша қол жеткізуге болады. Әйтпесе адам ораза тұтсын, намаз оқысын, қажыға барсын… Бұлардан оған пайда келмейді. Бүгінде адамдар өкінішке орай дүниеқұмар болып алды. Махаббаттары да, дұшпандықтары да дүние пайдасы үшін…»

Иман сезімталдығы жоғалса…

Махаббат пен дұшпандық мәселесінде Алланың ризалығын алу жоғалар болса, адам – нәпсісінің құлына айнала бастайды. Иман сезімталдығының орнына ол кезде дүниеқұмарлық бірінші орынға шығады. Міне, сол кезде «ақкөңілділік» атын жамылып біреудің күнәларына жеңіл қарай бастаймыз. «Ренжіп қалар, дұрыс түсінбей қалар, достығымыз бен қарым-қатынасымыз жаман боп кетпесін» деген сияқты ойлармен күнәларға көз жұма бастаймыз. Бұл болса оған істелген жақсылық емес, оған істелген ең үлкен жамандықтардың бірі.

Бұл жөнінде Суфиян Сәури деген ойшыл былай дейді:

«Бір кісі теріс қылық істесе, ал бауыры оған жұмсақ тілмен ескертпесе, біліп қойсын оның достығы Алла үшін емес. Егер Алла үшін болғанында Алла ұнатпайтын қылықты істеген адамды жұмсақ тілмен ескертер еді».

Біреудің жаман қылығын түзетуге бата алмау ақкөңілділікке жатпайды. Бұл қайта қоғам ішінде күнәның жайылып таралуына және түбінде лапылдаған жалынға айналуына себепкер болады. Исраилұлдарының бұзылуы да дүние пайдасы үшін яғни күнәларға көз жұмудан басталған еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұны былай баян етеді:

«(Исраилұлдары) алғашында жамандық істеген адамды көргенде:

– Абай бол бауырым! Алладан қорықпайсың ба? Мына қылығыңды түзет! Бұл істеп жатқандарың дұрыс емес», деп ескертетін еді. Кейін дәл сол адамның сол жамандығын көргенде онымен аралары бұзылып кетпесін деген қорқынышпен екінші рет ескертпеуге тырысатын. Сондықтан Алла Тағала олардың жүректерін бір-біріне ұқсатты».

Пайғамбарымыз (с.а.у.) артына жантайып сөйлеп жатқан еді. Кенет басын көтеріп сөзін былай тәмамдады:

«Сендер де бір-біріңе жақсылықты насихаттамасаңдар, жамандықтан тыймасаңдар, залымның зұлымдығына кедергі болмасаңдар Алла сендердің де жүректеріңді бір-біріңе ұқсатады. Исраилұлдарына келген лағынет сендерге де келеді». (Әбу Дәуіт, Мәлахим 17/4336)

Қия алмаушылықтың зияндары

Дүниелік пайдаларды Алла үшін қия алмау иманды қатты әлсірететін факторлардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда дін және дүние істерін Құран және Сүннет таразысына салмастан иманын қатерге тігіп жатқан қаншама жан бар. Одан да жаманы бұл сергелдеңнің ішінде қаншама жандар селмен сүйретілген бөренедей қамсыз жүр және сол қамсыздығы мен рухани уайымсыздығын бақыт деп санап жүр. Қайысқандар қайысқандығын, майысқандар майысқандығын білмегендіктері үшін түзелуге, түрегелуге әрекет жасауды қажет деп санамай жүр.

Қоғамымызды жахандық мәдениеттің басып кетуінің себебінен болып жатқан жұмсақтықтар өкінішке орай Исламға қайшы кейбір істерді жеңіл қарауға апарып жатқаны шындық. Тіпті өміріміздің ең маңызды сәттерінде де Исламға жат істер істелініп, шайтан ісімізге ортақтасып жатқандай. Ұлы Раббымыздың өз жанынан қуғанда шайтанға айтқан мына сөздері адам баласы үшін қандай маңызды ғибрат:

«Олардан шамаң келгенін дауысыңмен әуліктір және оларға атты, жаяу түрде келіп байбаламдап, дүрліктір. Сондай-ақ олардың малдарына, балаларына ортақтас. Оларға жалған уәде бер…» Негізінде шайтан оларға алдаудан басқа уәде бере алмайды» (Исра сүресі 64-аят).

Шынында да қаншама мұсылмандар үйлену той, сүндет той және жаназа шығару рәсімдері сияқты өмірдің ең маңызды сәттерінде де дінді ұмытып жатқан жайы бар. Ал негізінде мұндай кездерде бірінші сөз діндікі болуы керек, барлығы діннің әмірлеріне сәйкес орындалуы қажет. Дін өзіңе қажет кезде еске алынып, басқа кезде ұмытыла салатын нәрсе емес. Өміріміздің әр сәтінде онымен санасуымыз керек. Әрине өміріміздің әр сәтінде Исламның жарығымен жолымызды тауып жүруіміз қажет. Алайда өмірдің ең маңызды сәттерінде Алланы ескермегендер өзге уақыттарда ескереді дегенге сену қиындау болса керек.

Той-жиын дегендерің бұрын барша қауымға ашық алаңда жасалып, мынау бай, мынау кедей демей барлық ауылдастар шақырылушы еді. Күндізгі шуақ астында, далада, қырда күнәлі істерден аулақ түрде өткізілуші еді. Әсіресе жағдайы жоқтарды шақырып бір тойғызып, солардың батасын алуға тырысушы еді халық. «Байлар шақырылып, пақырлар шақырылмаған жиын-той қандай жаман жиын-той» (Бұхари, Никах 72) деген пайғамбарымыздың (с.а.у.) ескертуі ұмытылмаушы еді.

Ал бүгін қарап отырсақ кішкене жағдайын түзегендердің көбісі ысрапқа ұмтылып, басқаларға жағдайының қандай екендігін көрсету үшін жиын-тойды дүркіретіп ресторандарда, қонақ үйлерде өткізуге құмар. Кәдімгі кедейлер келмесін дегендей олар жүрмейтін қымбат жерлерде жасайтын секілді.

Ең бір өкініштісі үзілді-кесілді харам етілген арақ-шарапты кейбіреулер тойда ішуге арнайы рұқсат алған кісіше судай сіміруде. Қаншама дінді білетін, намазхан, аузы оразалы, тіпті қажыға барған жандардың ішімдік ортасында селтеңдеп билеп жүргеніне куә болған кездеріміз де болды.

Бүгіндері қара шаңырақтан жат жұртқа кетіп бара жатқан келіндерге айтылатын тәрбиелі өсиеттердің мәтіні де біраз өзгергендей. Бұрын:

«Қызым, үйімізден ақ киіммен шығып бара жатырсың, қосағыңмен қоса ағарып жұбайыңның үйінен ақ кепенмен ғана шыққайсың…» деген сияқты адамгершілік пен ар-намысты тәрбиелейтін өсиеттер айтылып, келінді баратын жеріне жақсылықпен дайындап аттандырушы еді. Сондай тәрбиемен кеткен келіндер аузы қанаса да «Қызыл сорпа ішкен едім», деп қана сабырлылық көрсетуші еді.

Ал бүгін өкінішке орай:

«Қызым, өзіңді басындырма. Ә десе, мә де» деген өсиеттермен келіннің миын ашытып, дұшпандық сезімдермен аттандырылатын боп бара жатыр. Әрине дәл осы сияқты үгіттер күйеулерге де жасалатынын іштеріңіз біліп отырған да шығар.

Бүгінгі таңда белең алып жатқан ажырасу, ұрыс-керіс деген сияқты келеңсіз оқиғалардың себебін де осындай рухани сезімталдықтың жоғалуынан іздеу керек сияқты. Өйткені әрбір сыртқы себептің артында көзге көрінбейтін ішкі себептер бар екендігін ұмытпаған жөн.

Сондай-ақ өміріміздегі ең салмақты сәттердің бірі жаназа шығару рәсімдерінде де мәйіттің қамынан гөрі өзінің абырой-беделін ойлау, мақтанға салыну артып барады. Мәртебелі меймандардың жаназаға қатысуы мақтан етілсе, кейбір жанұялар тіпті жаназасына қатысқан мәртебелі адамдардың есімін газетке беріп, алғыс жариялап жатады. Мұның бәрі рухани жоқтықтың, рухани жалаңаштықтың белгісі емей немене?

Ол ол ма, мәйіттің қамы үшін садақалар беріліп, халықтың батасы мен дұғасын сұраудың орнына неше түрлі церемония, ырымдардан көз аша алмай отырмыз.

Ал жаназа дегенің негізі Алла ризалығын сұрау үшін, мәйітке дұға жасау, қайтыс болған кісіге соңғы рет құрмет көрсету, жақындарына көңіл айтып, соңғы сапарға шығарып салу мақсатымен жасалуы керек емес пе? Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Бүгін бір жаназаға қатысқандарың бар ма?» деп сұрай отырып, асхабының бір-бірінің дертіне ортақтасуын насихаттаған.

Алайда бүгін көп адам жаназаларға мәйіттің туыстары ренжіп қалмасын деп қана баратын болып бара жатқандай. Әсіресе дәулетті, мансапты адамдардың жаназасын мүлт жібермей, қарым-қатынастары жақсарсын, немесе бұзылып кетпесін деген ниетпен қатысатыны да өтірік емес.

Қандай өкінішті, бүгінде дүниеге алданған көпшілік барлық нәрсені дүниелік пайдалармен өлшеуден арыла алмай жүр.

Сенбесеңіз той, жиын, жаназаларды бір бақылап көріңіз, көз жеткізесіз.

Расында халықты түсіну қиын өзі. Ертеңін ойлаған адамды ақылды дейді де, оның арғы жағын да ойлаған адамды ақымақ дей салады. Бүгінінің қамымен көңіл көтерген көпшілік, селтең қағып, мақтанып жан-жағына қарамай, кімді мазалап, кімнің намысына тиіп, кімнің ақысын жеп жатқанымен жұмысы жоқ. Жапа шегіп жатқан адамдарды, төсек тартып жатқан науқастарды, ұйықтап жатқан нәрестелерді ақылының ұшымен де ойламастан музыканы бар даусына қойып көңіл көтерген адамдар, аспанға атылған мылтық дыбысы (кейбір ұлттарда тойда аспанға мылтық атып көңіл көтереді), атылған бомбочкалар, салют және т.б. Мұның бәрі бізге жат жабайы мәдениеттің үмметімізді былғап жатқан дүниесі. Ал Исламды терең түсінген адамдарды қараңызшы. Османлы халифалығы кезінде науқасы бар үйдің терезесіне қызыл гүл қойылып, ол жерден өткен сатушылар үнін өшіріп, балалар алыстау жерге барып ойнайды екен.

Иман тебінісі

Мүминдердің сипаттарының бірі жақсылыққа кілт, жамандыққа құлып болу. Яғни Алла жолында хақ пен жақсылықтың артуына ат салысып, шайтани істер мен жамандықтарға қарсы тұру, кедергі болу да иманның белгісі болмақ.

Мәселен, Алла тыйым салған нәрсе ашықтан ашық істеліп жатқан жерге қонаққа шақырылған мүмин, шақырған кім болса ол болсын Алла үшін қарсылық білдіруі керек. Себебі Раббымыздың әмірі айқын:

«Ол мүминдер бос және пайдасыз істерден аулақ тұрады» (Муминун сүресі 3-аят).

Яғни мүминдердің бос және пайдасыз істерден дағы алыс болуы керек болса, Алланың ашуын шақыратын істерден төрт аяқтап безуі керек деген сөз. Ондай іске ортақтасу ақылға қонымсыз болуы тиіс. Мұндай жағдайда қалған мүмин дұрыс және жұмсақ сөзбен ескерту борышын орындауы керек. Егер ескерту алған адам ескертуге құлақ аспаса оның шақыруынан бас тартып Алла шақырған жаққа қарай кеткен жөн. Себебі мүминдер әрқашанда Алланың куәгерлері, куәлендірушісі:

«Міне осылайша сендер адамзатқа куәгер болсын деп, Расулім сендерге куәгер болсын деп сендерді теңдік ұстағыш ұлт қылдық» (Бақара сүресі 143-аят).

Сондай-ақ сауда-саттық мәселелерінде де мұқиятты болып, мысалға, бар жамандықтың атасы арақ сатылатын дүкеннен сауда жасамаған абзал. Ол дүкеннің иесі де арақ-шарап сатқандығы үшін алушыларынан айрылып жатқанын көріп, ойлануы керек. Дәл осындай мәмілені иманымыздың айнасы ретінде басқа жерлерде де жасауымыз керек.

Себебі, жамандыққа деген дұшпандығымызды басқаларға сездірсек, бұл сол жамандықты істеп жүргендердің көңілінде кішкентай болса да із қалдырады. Сол іздер ұлғайған сайын ол адамдар ойланып, жақсылыққа бет бұрулары мүмкін. Өйтпесек ол жамандықтарға бір күні өзіміздің де бойымыз үйреніп кетпеуіне кім кепіл?

Алланың тыйымдарының аяққа тапталуына үнсіз тұру, түбінде оны қолпаштауға апарып, нәтижеде соған қарай көңілі ауған ғапылдар мен күнәхарларға тәтті әуендей жағымды бола бастайды.

Бес-он тиындық құны бар дүниелік пайдалары үшін көшеде аштық жарияланып, протест митингілері ұйымдастырылып жатқанда, дін және Алла жолында принцип ұстанып, өз сеніміміздің артында тұра алмау иман әлсіздігін білдіреді.

Еліктеу науқасы

Иманды қатерге итермелейтін жайттардың тағы бірі имансыздардың әлпетіне, іс-әрекетіне еліктеушілік. Бір нәрсеге еліктеу сол нәрсені шын көңілмен жақсы көру деген сөз. Адам еліктей еліктей бір күні елден көргенін істемесе тұра алмайтын халге келіп қалады. Көріністе ұқсау, көңілмен ұқсауға, көңілмен ұқсау жүрекпен ұқсауға алып барары сөзсіз. Сондықтан да пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде:

«Кім бір қауымға ұқсауға тырысса, ол солардың бірі» деп ескерткен. (Әбу Дәуіт, Либәс 4/4031) Бұл хадисте негізінен діни рәміздер жайында айтылып тұрғанымен, өзге жағынан да имансыздарға ұқсауға тырысу қатерлі екендігі басым.

Еліктеу негізінде әр адамның табиғатында болатын қасиет. Бірақ жақсыға еліктеу бір бөлек, жаманға еліктеу бір бөлек. Бүгінгі күнде Ислам ахлағы тұрғысынан қоғамымызда бұзықтық жайлап бара жатқандығын көрудеміз. Жаман үлгілер санының жақсы үлгілер санына қарағанда әлдеқайда көп болуы бізді қатты ойландыруы керек және еліктеу қасиетін дұрыс түрде пайдалануға ұмтылуымыз қажет. Миллиондаған адам жай ғана еліктеушілік салдарынан саясат, спорт жайындағы бағдарламаларға ең бағалы уақыттарын ысрап етіп жатқаны бір жақта.

Екінші жақта мысалы, кеуделеріне шет тілінде жазылған жарнама жазуы немесе ыңғайсыз суреттері бар киім киіп алып мешіттерге келген жастарға ақыл айтып, ескертетін адамдар табылып жатады. Мүминдер өздерінің «жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын» үммет екендіктерін ұмытып кеткен тәрізді. Алайда жамандық көргенде жиіркеніп, дұрыс түрде түзетуге асығу әр мұсылманға қуатты парыз. Түзетудің де жөні бар:

«… Оларға үгіт айт және оларға өздері жайында әсерлі сөз айт» (Ниса сүресі 63-аят) деген аяттағы әмірге сәйкес әңгір таяқтан гөрі әсерлі сөз айтуымыз қажет. Имансыздарға ұқсамау Ислам рухын сақтаудың ең маңызды нүктелерінің бірі болғандықтан пайғамбарымыз (с.а.у.) құлшылықтарымызда да оларға ұқсамауымызды меңзеп мухаррамның оны күні яһудилерден ерекшеленіп бір күн қосып ораза ұстайтын. Мұнда жеке бір дұшпандығымыз жоқ. Тек қана Алла үшін дұшпан болып, Алла үшін жақсы көруіміз қажет. Жүрегімізде осы мұқияттылық жоғалар болса еліктеу нәтижесінде қадым-қадым имансыздарға жақындап, солардан айырмашылығымыз қалмағанын сезбей қалуымыз да ғажап емес. Ақыр аяғы мұсылман деген бос қаңқамыз ғана қалады.

Тағы бір айта кетуді қажет ететін жайт бөтен мәдениеттің модасы желдей есіп, қоғамымызда жазылмаған заңдай қадағалана бастапты. Модамен жүру шарт, модаға сәйкес жүрмесек кәдімгі бір қылмыс немесе күнә істегендей сөгіс еститін халге душар болып отырған жайымыз бар. Көзім ашық, көкірегім ояу деген мұсылмандар осыған қарсы қалқан болып, мұсылмандық рухын моданың аяғы астына таптатпай алып жүрсе игі еді. Біздің киіну мәдениетіміз, үйіміз бен тіршілік нақышымыз Ислами реңде және салмақты болуы керек. Хазіреті Омар (р.а.) Әзербайжан және Дағыстанға әскер жолдап тұрып, ондағы пұтқа табынатындардың киім, тамақ, салт-дәстүрлеріне еліктемеуді қатаң ескерте отырып сол сезімталдықтың үлгісін паш еткен болатын.

Мұсылман еместермен диалог

Бүгінгі таңда көптеп айтылып жүрген «адамдық қарым-қатынас» және «диалог» сөздерінің шын мағынасын түсіне білу үшін алдымен «Исламның адамға деген көзқарасы» жөнінде біліп алу керек. Ислам мұсылманға да, басқаға да Жаратушының мейірім сипатымен қарауды үгіттейді. Ислам барлық адамдардың құқығына құрмет көрсетеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Мәдина қаласында яһудилермен жасасқан келісімі мұның керемет үлгісі болып табылады. Демек діни тұрғыдан кері адым шегінбей-ақ басқа дін өкілдерімен құқықтық немесе мемлекеттік келісім жасасудың жолдары бар болғаны.

Исламда барлық адамға мейіріммен және түсіністікпен қарау керек екендігін сахаба Яғлә бин Мурраның (р.а.) мына риуаяты керемет мысал болады: «Пайғамбарымыздың қасында көп жүрдім, онымен жолдас болдым. Алланың елшісі жолда жатқан қандай да бір мәйіт көрсе, оның дереу көмілуін бұйыратын. Мұсылман ба, емес пе деп сұрамайтын» (Хаким І, 526/1374).

Тағы бірде яһудилердің бір қарты өтіп бара жатыр еді. Расулұллаһ (с.а.у.): «Бұл адам кезінде қауымының ақсақалы еді, оған көңіл бөліңдер», деп бұйырды.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай бұйырады:

«Араларындағы залымдардың тысындағы басқа кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Біздің және сендердің тәңірлерің бір ғана Тәңір. Біз Оған мойынсұнғанбыз», деп айтыңдар». (Ғанкәбут сүресі 46-аят)

Мұсылман халифаларының бірі Фатих Сұлтан Мехмед өз мемлекетінде христианның бір сәулетшісімен соттасып, сотты христиан жеңіп шыққан еді. Әділдіктің ең шыңына шыға білген осындай патша тұлғаларды бүгінде табу мүмкін емес сияқты.

Мұсылман еместермен диалог құрудағы маңызды тұстар

Бүкіл әлем Исламның дағуат алаңына кіреді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз заманында бірқатар өлкенің патшаларына елшілер және хаттар арқылы тәблиғ (дінге шақыру) диалогын құрған, сахабалар да жан аямай тәблиғ құштарлығымен Қытайға, Самарқандқа дейін барған болатын.

Қарым-қатынастар оңайлап, қашықтық кедергісі барынша азайған бүгінгі шарттарда Исламның нағыз бейнесін таныту, Исламға жабылған түрлі жалалардың негізсіз екендігін түсіндіру, яғни Исламның нағыз адалдық пен әділдік жаршысы екендігін баршаға насихаттап жеткізу үлкен борышқа айналып отыр.

Алайда диалог барысында ықласты болып, мұсылмандық қасиетімізді жоғалтып алмауымыз қажет. Әсіресе мына нүктелерді есте сақтауымыз керек:

1. Алланың құзырында жалғыз хақ дін Ислам діні. Христиан және яһуди діндері түбірінде хақ болғанымен бұрмаланып, бұзылған. Христиандар үштік сенімге бұрмаланып, яһудилер антропоморфистік сипатқа ие болған. Ал Ислам таухидті сақтап қалған. Сондықтан да басқа діндер мен Исламның бір арнаға қосылуы мүмкін емес.

2. Ықыласты сақтау. Құран Кәрімде бұған Мұса пайғамбардың (а.с.) Перғауынмен құрған диалогы мысал болады.

Мұса (а.с.) Перғауынға тәблиғ жасауға барып, жұмсақ тілмен түсіндіреді. Алайда диалог барысында өз сенімінен бір адым да кері шегінбейді. Осы ықыласының нәтижесінде Перғауынның әмірімен Мұсамен күш сынасуға келген сиқыршылар иманға келіп, сол имандарының жолында жандарын береді.

3. Ислам адал мақсатқа тек адал жолмен ғана баруды бұйырады. Арам жолмен адал мақсатқа жетем деушілік қателескендік болып табылады. Бұл да Исламның негізгі қағидаларының бірі.

Мұның ең керемет үлгісі пайғамбарымыз (с.а.у.) 23 жылдық пайғамбарлық өмірі бойынша еш уақытта Алла Тағала тыйым салған әдістерге жүгінуге тырыспаған. Бәдір соғысынан бір мысал берейік:

Бәрімізге белгілі Бәдір соғысында мұсылмандардың саны мүшриктердің үште біріндей ғана болатын. Пайғамбарымыз, хазіреті Али және Әбу Лубәбә үшеуі бір түйені кезектесіп мініп бара жатқан болатын. Мәдиналық екі мүшрик әскерді қуып жетіп мұсылмандардың қатарында соғысқылары келетінін айтады. Алланың елшісі (с.а.у.) олардан:

«Сендер бізбен бармақсыңдар ма?», деп сұрайды.

Хубәйб атты мүшрик: «Жоқ, сен біздің туысқанымызсың әрі көршімізсің. Біз олжа үшін жорыққа шықтық!» деп жауап береді.

Пайғамбарымыз одан: «Сен Аллаға және Расуліне иман келтіріп пе едің?» деп сұрайды. Хубәйб:

«Жоқ» - деп жауап береді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.)

«Олай болса кері қайт! Мүшриктің көмегіне мұқтаж емеспіз!..» деп, олардың көмегінен бас тартады. Хубәйб қоймай:

«Ел жұрт менің соғыста ержүрек екенімді және дұшпандарды шыдатпайтын айбатты екенімді біледі. Мұсылман болмасам да ғанимет үшін сенің қасыңда соғыссам болмай ма?» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Жоқ, алдымен мұсылман бол, сонда соғысуыңа болады» деді де, кете барды.

Біраздан соң Хубәйб тағы да ұсыныс жасап көрді. Пайғамбарымыздың жауабы өзгермеді. Өздерінен әлдеқайда көп мүшрик әскеріне аз әскермен бара жатса дағы Расулұллаһтың мұндай ұстанымы Хубәйбқа қатты әсер етеді. Соңында шын көңілден мұсылман болғысы келетіндігін айтып хабар береді. Бұған қатты қуанған пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Міне, енді қалағаныңды істе!» - деп бұйырды. (Мүслим, Жиһад 150)

Олай болса өзге дін өкілдерімен қарым-қатынаста Алланың үкімдерінен, Расулұллаһтың сүннетінен және тәблиғ жасаудағы мұқияттылығынан бір қарыш та айнымауымыз керек. Кішкене ғана шегіну біздің иманымызды жаралайтынын ұмытпауымыз керек. Алла Тағала бұйырады:

«Ей, иман келтіргендер! Алланың және елшісінің алдына шықпаңдар. Алладан қорқыңдар» (Хұжұрат сүресі 1-аят).

Бір жағынан өзге дін өкілдерімен диалог құру барысында кері адымға барып жатқандар болса оны сол адамдардың жеке қатесі деп бағалаған жөн. Себебі, Исламның бұл мәселедегі ұстанымын жоғарыда қарастырып өттік. Сондықтан жеке адамдардың қатесін Исламға тиістіруден мұқиятпен сақтануымыз қажет.

Алла Тағалам мұқияттылығымызды жүрегімізден алмасын!

Уа, Раббым! Бізге иманды сүйдіріп, жүрегімізді иман сүйіспеншілігімен безендіре гөр. Күпірлікті, пасықтықты жек көріп, олардан сақтануды нәсіп еткейсің! Жақсылықтың кілті, жамандықтың құлпы болған салих құлдарыңның қатарына бізді де қоса гөр!

Әмин!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: