Экономиканы басқарудағы исламдық жол

Экономиканы басқарудағы исламдық жол

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Діннің, жалпы адамзаттың рухани болмысының өркениеттік дамуға, атап айтқанда - өнеркәсіптің, ғылым мен техниканың, кәсіпкерлік пен шығармашылық бастамагерліктің өркендеуіне әсері түрлі ғылымдар мен білім салалары тарапынан, соның ішінде, экономикалық (иқтисадтық) ілімдер тұрғысынан да жан-жақты зерттеледі. Дін (жеке тұлғаның Абсолютке - Алла тағалаға қарым-қатынасы) және экономика (адамның еңбегі арқылы жасалатын игіліктер) адамзат тіршілігінің, адамның мақсат-мүддесінің асыл арналары болып табылады. Экономика таза дүнияуй тыныс-тіршілік нормаларын іс жүзіне асырып отырса, дін өмірге деген көзқарастың әмбебап ұстанымдарын орнықтыруға ұмтылады. Дегенмен, инсан әлемінің сырт көзге бір-бірінен алшақ сезілетін осынау өзекті өрістерінің табиғаты бір. Дін мен экономика біртұтас тарихи субьекті іс-әрекетінің көрінісі болып табылады.

Экономикалық қызметтің сипаты мен басым бағыттары адамдардың ойлау ерекшеліктеріне, экономикалық құбылыстарды қандай құндылық көзқарастар тұрғысынан танып-білетіндігіне тәуелді болмақ. Адамзаттың қасиетті кітаптары (Таурат, Інжіл, Құран) рухани, этикалық, сондай-ақ шаруашылық өмірге қатысты ұстанымдар жиынтығы саналады. Діни дүниетаным саласындағы өзгерістер мен бетбұрыстар аса көрнекті әлеуметтанушы Макс Вебер еңбектері жарыққа шыққаннан бастап экономикалық қызметке, атап айтқанда, капиталистік кәсіпкерлікке әсер ететін факторлар ретінде қарастырыла бастады. Әдетте протестанттық, католиктік, православиелік, исламдық, конфуциандық және буддалық экономикалық этика деп бөлеміз, бұл орайда, нарықтық экономика идеялары түрлі елдерде әрқилы топыраққа түсіп, әрқилы өнім беретіндігін атап өту керек. Шаруашылық жүргізудің тарихи әралуандығы, міне, осылайша өмірге келеді.

Экономикалық өркендеуге мұрындық болатын ең басты себеп экономика саласында емес, этикалық өрісте жатыр, ал этика дегеніміз моральдік (ақлақтық) құндылықтармен, яғни наным-сеніммен, өмірге деген көзқараспен, бағыт-бағдармен тығыз байланысты. Макс Вебер өзінің әйгілі «Протестанттық этика және капитализм рухы» атты еңбегінде протестанттардың бизнестегі табысына ірге қалаған лютерандық пен кальвинизмнің ерекшеліктерін ашып көрсетеді. Ғалым келтірген статистикалық деректерде капитал иелері мен кәсіпкерлер, жоғары білікті жұмысшылар, ірі кәсіпорындар басшылары арасындағы протестанттар үлесі зор екендігі көрінеді.

Макс Вебер қазіргі заманғы капитализм өзегінде протестанттық еңбек этикасы жатқандығын атап көрсетеді. М.Вебердің көзқарасы Латын Америкасындағы қазіргі протестанттық қауымдарға жасалған талдау барысында расталып отыр (мұнда соңғы 20 жыл беделінде миллиондаған жұрт католицизмнен протестантизмге өткен). Зерттеу көрсеткеніндей, дінін өзгерткен жарлы-жақыбайлар өз ұстанымында қалған католиктерге қарағанда тұрмыс-тіршілік деңгейлерін бірден жақсартқан. Вебер «протестант өмір сүру үшін шоқынса, православ шоқыну үшін өмір сүреді» деген мәтелдің ақиқаттығын нақты мысалдармен дәлелдейді. Күні бүгінге дейін православие елдерінің әлеуметтік-экономикалық деңгейі төмен дәрежеде. Келтіріліп отырған кестеден протестанттар мен дәстүрлі жұрттың ерекше сипаттарын байқауға болады.

Дәстүрлі жұрт

Протестант

Өмір сүру үшін жұмыс істейді.

Жұмыс істеу үшін өмір сүреді.

Кәсіп, еңбек-иықтағы ауыр жүк.

Кәсіп пен еңбек - өмір сүру формасы

Стратегия: тұрақты табысты сақтай отырып, жұмыс көлемін барынша кеміту.

Стратегия: тер төге еңбек ету жолымен болса да, табысты еселей түсуге тырысу.

Сауда-саттық принципі: «Алдамасаң - сата алмайсың»

Сауда-саттық принципі: «Адалдық - ең сенімді кепіл»

Бүгінгі таңда «нарықтың көрінбес қолы» экономикалық өмірді ұтымды ұйымдастыру үшін жеткіліксіз екендігі айқын сезіле бастады. Шаруашылық жүргізуде этикалық бастауларға қайта оралу қажеттігі жөніндегі мәселе жиі көтерілуде. Бұл орайда экономика негізі капитал екендігіне ешкім дау айтпайды. Сондықтан да, капитал типі экономика түрін айқындамақ. Экономикалық дамудың бүкіл тарихы әрбір тарихи кезең үшін капиталдың айырықша типі тән екендігін көрсетіп отыр, ал тарихи кезең өз кезегінде қандай да болсын мәдени-діни дәстүрмен тікелей байланыста болады. Мәселен, сауданы дамытуға қаржы операцияларының қажет болуы себепті және ақша пайдаланғаны үшін өзге дін өкілдерінен пайыз алуға рұқсат берген иудей этикасы нәтижесінде иудей пайыздық этикасын өмірге келді.

Индустриалдық дәуір капиталдың жаңа типін талап етті. Ал, протестанттық этика болса осы типке белгілі бір діни негіздемелер берді. Нәтижесінде, өнеркәсіптік протестанттық капитал пайда болды. Бұл орайда капиталдың жаңа түрі алдыңғы капиталды үзілді-кесілді теріске шығармай, оны жетілдіріп, банк институтының көмегімен индустриялық экономиканың көшіне қоса білді.

Бүгінде біз постиндустриализмнің жаңа капиталының пайда болуына куә болып отырмыз, ол индустриялық капиталдан формасы бойынша да, мазмұны бойынша да өзгеше болуға тиіс. Бұл жерде «жаңа капиталдың өзегін не құрауы тиіс?» деген сауал көлденең тартылады. Яғни, ол мәдени-діни дәстүр бола ма немесе коммунизм құрылысшысы этикасын ұсынған коммунизм сияқты идеология болып шыға ма? Батыста өркендеп отырған этикалық экономика жақтастары экономикаға христиан этикасы, атап айтқанда, протестантизм этикасы қайта оралуы тиіс деп санайды. Ал, ислам өкілдері болса капиталды пайдаланудың жаңа тәсілдерінің негізіне исламның діни қағидалары алынуы тиіс деген пікірде.

Дүниауи жетістіктерге бағыт ұстанатын дін есебінде ислам өз заманындағы протестантизм сияқты халықтың елеулі бөлігін дәурені өткен иудей және протестанттық капитал түрлеріне қарсы қаржылық-экономикалық күреске алып шыға алады. Діндар мұсылмандар дәстүрлі батыс банкісіне ақша сала алмайды, себебі Құран пайызбен қарыз беруге қарсы. Бұл тыйымның тиісті теориялық негізі де бар. (Мәселен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ақырғы хұтбасында былай делінеді: «Уа, сахабаларым! Қолдарыңда әлдебіреудің аманаты болса, қылдай қиянат жасамай, басы бүтін иесіне табыстасын. Пайыздық өсімнің барлық түріне тыйым салынды. Тек нақты қарызды қайтарған жағдайда басқаға зұлымдық жасамайсыңдар, әрі өздерің де зұлымдық көрмейсіңдер. Алланың әмірімен бұдан былай өсіммен пайда табуға тыйым салынды. Надандық жайлаған қараңғы кезеңінен қалған бұл әдет бұдан былай жойылуға тиіс. Алғашқы болып өзімнің көкем Аббастың өсімінің жойылғанын мәлім етем»).

Алайда, ислам капиталдың қимылсыз, бос тұруына да теріс көзқараста. Қолдағы байлықты көзін тауып пайдаланып, ортақ игілікке жұмсау қажет. Міне, сондықтан да, ислам банктері батыс ұғымындағы қаржылық операцияларға емес, бизнеске үлестік қатысуға ден қояды.

Бизнесті ұйымдастырудың исламдық түрі бірлескен әріптестікке, айталық, банк пен кәсіпкердің ынтымағына негізделеді. Бұл ретте банктің түбінде пайда алу-алмауы беймәлім, ол өз кезегінде банктің менеджерлік атқарымдарды қалай орындап шығатынына байланысты. Банк қаржысына деген осындай көзқарас банк мекемесін экономиканың нақты секторына баруға итермелейді, осы сектордың жобаларын қаржыландыруға, басқаруға мәжбүрлейді.

Сондай-ақ, ислам нақты секторда ешқандай қайтарым бермейтін, қоғам байлығына еш үлес қоспайтын операциялар ретінде қор алып-сатуларына, яғни құнды қағаздар саудасына тыйым салады. Мұсылманның акцияларға салым салуы қаржы құралдарына қатысу емес, бизнеске бірлесе араласу тұрғысынан қарастырылады. Міне, сондықтан да ислам алыпсатарлық ойынның негізгі әдісі ретінде қысқа мерзімді саудаға тыйым салады. Мұсылман дүниесінің экономист ғалымдары ислам саяси экономикалық жүйесінің басты мақсатын әлеуметтік әділеттілікке жету деп сипаттайды, оны олар игілікті бөлісудегі теңдік деп түсінеді. Өз теорияларының негізі ретінде Құраннан алынған екі тұжырымды - жарлы-жақыбайлар пайдасына жұмсалатын «зекет» салығы мен пайыздық операцияларға тыйым салуды немесе «рибаны» алға тартады.

Қазіргі заманғы жаһандық экономикада шаруашылықты жүргізудің исламдық тәсілдерін ұстанатын мемлекеттер басымдыққа ие бола бастады. Бұл ең алдымен ислам елдерінде салынатын салықтың тым төмендігімен байланысты, мәселен, негізгі салық түрі-«зекет» 5%-дан аспайды. Әлемнің ірі бизнесмендерінің көпшілігі тұрғылықты елдерін, өз компаниялары тіркелген мемлекеттерді салықтың тым көптігіне байланысты осы елдерге ауыстыра бастады.

Қазіргі таңда батыстық экономика моделі ислам елдері ұсынып отырған төменгі салықпен бәсекеге төтеп бере алмайтындығы түсінікті болып отыр. Исламның ақша жүйесі алтынға немесе күміске негізделеді, осыған орай ештеңемен қамтамасыз етілмеген «көбік» ақшаның және инфляцияның туындауына бөгесін қойылады. Ислам, сондай-ақ, ақшаның ақша жасамуы (банк операциялары жолымен) тиіс деп санайды, қор нарықтары мен кәсіпорындардың үлестеріне (акцияларына) тыйым салады. Мұның өзі тұрақты экономиканың дамуына жағдай жасайды. Осылайша ислам моделі қоғамның өмір сүруінің өзгеше бір жүйесін ұсынады. Егер бұл жүйе өзінің өміршеңдігін дәлелдеп жатса, ең тиімді әлеуметтік бағытталған экономикалардың біріне айнала алады.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

экономика ғылымдарының кандидаты.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: