Нығметке шүкір ету – имандылық белгісі

Нығметке шүкір ету – имандылық белгісі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаратушы Иеміз Өзінің нығметтеріне, ырзық-несібесіне қанағат етіп жүретін шүкіршіл құлдарын жақсы көреді. Өйткені Жаратқанның берген ырзығына шүкірлік ету иманның ажырамас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ, Алла тағала Өзіне күпірлік қылмауға, шүкірлік етуге бұйырған. Бұл жөнінде «Бақара» сүресінің 152-аятында: «Мені естеріңе алыңдар, сонда Мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер, күпірлік етпеңдер», – делінген. Ендеше, Жаратқанның берген өміріне, денсаулығына, материалдық және рухани байлықтарына алғыс білдіріп, лайықты түрде шүкірлік қылу әрбір пенденің міндеті.

Ақиқатында, Раббымыз құл-дарының шүкірлігіне мұқтаж емес. Бұл Құран Кәрімде: «Кім шүкірлік етсе, расында ол өзі үшін шүкірлік етеді. Ал кім шүкірсіздік қылса, расында Раббым Бай һәм Жомарт» («Нәміл» сүресі, 40-аят), – деп анық айтылған.

Ал «Зумәр» сүресінің 7-аятында Алла Тағала: «Егер де сендер (уа, адамзат) күпірлік етсеңдер, онда Алла сендерге мұқтаж емес, әрі Ол Өз құлдары үшін кәпір болуын ұнатпайды. Ал егер шүкір етсеңдер, Ол (Алла) оны (шүкірлікті) сендер үшін қабыл көреді», – дейді. Сондықтан, адам баласы өзін Жаратушының аса ұлық кейіпте, күллі жаратылғандардан артық етіп жаратқандығын әрдайым еске алып, шүкір еткені ләзім.

Құранда: «Алла ештеңе білмейтін кездеріңде сендерді аналарыңның құрсақтарынан шығарып, сендерге құлақ, көз, жүрек берді. Бәлкім, шүкір етерсіңдер» («Нахыл» сүресі, 78-аят), – делінген. Бұл аят арқылы өмірімізден бастап, дене мүшеміз-дің барлығы Алланың нығметі екенін ұғамыз. Алайда, адамзаттың бәрі бірдей Жаратушының нығ-меттеріне, жер бетінде берген мүмкіншіліктеріне шүкіршіл емес.

Кім шүкіршіл болса, Алла тағала оның несібесін кеңейтеді. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Сонда Раббыларың: «Егер шүкір етсеңдер, Мен сендерге еселей түсемін. Ал шүкірсіздік қылсаңдар, расында Менің азабым қатты», – деп білдірген еді». («Ибраһим» сүресі, 7-аят), – деп көрсетілген.

Енді осы тақырыпқа қатысты хадистерге назар аударайық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз үмметіне нығметке шүкір етудің сырларын түсіндіріп өткен. Суһайыбтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Мүміннің ісі неткен ғажап! Шындығында оның барлық ісі қайырлы. Бұл мүміннен басқаға жазылмаған. Егер оның басында қуаныш болса, Аллаға шүкір етеді – сонысына сауап-сый алады. Егер оған бір жамандық төнсе, оған сабыр етеді – онысына да сауап алады. Алланың мұсылманға жазған әрбір тағдыры қайырлы» (Мүслім риуаят еткен).

Шариғат пайымында шүкіршіл жүрек ең үлкен байлықтардың бірі. Оған Сәубан (р.а.) жеткізген мына хадис дәлел: «Алтын мен күмісті жинап, оларды Алла жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле» («Тәубе» сүресі, 34-аят), – деген аят түскенде пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге сапарда жүр едік. Аят түскен соң сахабалардың бірі: «Алтын мен күміс жайында түсті ғой. Енді қандай малды жиғанымыз дұрыс екендігін білгіміз келеді», – деді. Сонда расулулла (с.ғ.с.): «Ең жақсысы: зікір етуден талмайтын тіл, шүкір етуден талмайтын жүрек, иманына тірек болатын мүмін жұбай» (Ахмет, Термези, Ибн Мәже риуаят еткен).

Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі шүкір етуде үмбетіне үлкен үлгі. Ол (с.ғ.с.) түні бойы Раббысына құлшылық қылып, табаны жарылып кеткенше намаз оқитын еді. Сонда оған жұбайларының бірі: «Уа, Алланың елшісі! Неге олай етесіз? Сіздің бұрынғы да, кейінгі де күнәларыңыз кешірілген жоқ па?» – дегенде, адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с.): «Олай болса, шүкір етуші пенде болуым керек емес пе?» – деп жауап береді» (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).

Тіршіліктің түрлі кезеңдерінде бастағы бақтың қадірін біліп, шүкір ету нағыз иманды пенденің белгісі. Бірде пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларының (р.а.) алдына шы-ғып: «Уа, сахабаларым! Қалай тұрдыңдар?», – деп сұрапты. Сонда сахабалар (р.а.): «Аллаға мүмін болып тұрдық, уа, Расулалла!», – деп жауап беріпті. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Имандарыңның белгісі қандай?», – деп сұрапты. Сахабалар (р.а.): «Бәле-жалаға сабыр, жағдайға шүкірлік, тағдыр-қазаға разылық білдіреміз», – депті. Сонда Расулалла (с.ғ.с.): «Олай болса, Қағбаның Иесімен ант етейін, сендер нағыз мүмінсіңдер», – деген.

Пайғамбар (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Сорлылықтың белгісі төртеу. Олар:

1. Алланың алдында сақтаулы тұрған өткен күнәларын ұмыту;

2. Қабыл болғанын білмей бұрынғы жақсылықтарын айту;

3. Дүниеде өзінен жоғары тұрғанға қарап өкіну;

4. Діни жағынан өзінен төменге қарап шүкірлік ету.

Сонда Алла тағала: «Мен оны қалап едім, бірақ ол мені қаламады, сондықтан оны тәрк еттім» дейді.

Ал бақыттылықтың белгісі төртеу:

1. Өткен күнәларды еске алып тұру;

2. Жасаған жақсылықтарын ұмыту;

3. Өзін діни тұрғыдан өзінен жоғары адаммен салыстыру;

4. Дүниелік халін өзінен төмен адаммен салыстырып, шүкірлік ету».

Сондай-ақ, Әбубәкір Сыддық-тың (р.а.) мына бір сөзі де көпке ой салары анық. Ол (р.а.): «Сегіз нәрсе сегіз нәрсенің әшекейі. Кедейліктің әшекейі – тілемсектіктен бойын тарту, нығметтің әшекейі – шүкірлік ету, бәле-қазаның әшекейі – оған сабыр ету, білімнің әшекейі – салмақтылық, шәкірттің әшекейі – өзін төмен ұстауы, Алладан қорқудың әшекейі – көп жылау, басқаға жақсылық жасаудың әшекейі – міндетсінбеу, намаздың әшекейі – қорқынышпен оқу», – деген екен.

Расында, Алла тағаланың адамзат үшін көк пен жерден төгіп жатқан нығметтердің саны шексіз. Бұл жөнінде: «Сондай-ақ, Ол сендерге сұрағандарыңның бәрін берді. Егер Алланың нығметтерін есептейтін болсаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында, адам өте әділетсіз, әрі шүкірсіз», – деп «Ибраһим» сүресінің 34-аятында айтылған.

Сол нығметтердің бірі денсаулық пен бос уақыт. Оның қадірін біліп, Раббының разылығы үшін мүлтіксіз пайдаланып жатқан пенде кемде-кем. Сондықтан пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамдардың көбі екі нығметтің қадірін дұрыс білмейді. Олар – денсаулық пен бос уақыт», – деп, осы айтылған екі нығметтің әрдайым назардан тыс қалатындығын үмметіне ескерткен (Хадисті Бұхари, Термези, Ибн Мәже риуаят еткен).

Мұсылман пенде нығметке қуанып, белгілі бір табысқа жеткенде, Аллаға шүкіршілік етіп, мадақтап, ұлықтауы керек. Ол үшін «Әлхамдулилләһ» деп айту жеткілікті.

Шүкіршілік туралы «Кәһф» сүресінде баяндалған оқиғаның тәпсіріне назар аударайық:

Ертеде Бәни Исраил қауымында Алла тағала мол ризық беріп байытқан ағайынды екі жігіт болатын. Оларға әкелерінен мұраға мол байлық қалған екен. Ағайындылардың біріншісі кедей-кепшіктерге көп қарасып, оларға жақсы қарым-қатынас жасайтын. Жомарт байдың үйіне келіп, садақа сұраушылардың сабы үзілмейтін. Ризық-несібесін молайтып, артықшылық берген Аллаға мақтау-мадақ айтып, асып-таспай қанағатпен күн кешкен ол Жаратушыға шүкірлік ететін.

Ал, екіншісі Қатрус бауырына керісінше тіршілік етті. Ол байлығының бір бөлігін игілікке жұмсаудан, Алла жолындағы қайырлы іс істеуден мүлде бас тартты.

Қатрус қараса көз тоймайтын бақшалардың иесі болатын. Сондай-ақ, үйінде өрімдей ұл-қыздары да барды. Ол әркімге беріле бермейтін осындай нығметтер үшін Аллаға шүкір етудің орнына шалқақтап, тәкаппарланып, алшаң басып жүретінді шығарды.

Бірде оған туысқан бауыры келді. Екеуі оның құлпырған жүзім бағының ішінде жүріп әңгімелесті. Бауырымен әңгімелесіп келе жатып, айналадағы бағының көркемдігіне масаттанған Қатрус оған: «Көрдің бе?! Менің бағым сенікінен үлкен, әрі бала-шағам да көп!» – деп қарқылдап күлді. Бауырынан мұндай астамшылықты күтпеген оның көңілі түсіп қалса да сабырлылық сақтап, жанашырлықпен: «Уа, Қатрус! Мұның не астамшылық сөз? Бұл нығметтің Алланың саған берген сыйы, әрі сынағы екендігін есіңнен шығардың ба? Ендеше, Алланың берген артықшылығына асып-тасып, масаттанғанның орнына, бақшаңа кіргенде шүкірлік етіп: «Машалла! Лә қууата иллә биллә!» (Бұл Алланың қалағаны! Алладан басқа күш-қуат жоқ!) десең, болмай ма? Егер менің бақшам мен бала-шағам сенікінен аз болса, оны сенікінен артық етуге Раббымның күші де, қуаты да жетеді. Немесе бақшаңа бір пәле жіберіп, сені тақырға қалдыруға да Құдіретті. Одан кейін ештеңе де істей алмай, сорлап қалуың мүмкін. Сондықтан да, бұлай асып-тасуыңның жөні жоқ», – деп насихат айтты.

Бірақ, Қатрус бауырының сөзін түсінгісі де келмеді. Басын кекжитіп, жан-жағындағы әдемі көрініске қарады. «Менің ойымша, бұл бақша ешқашан да құрымайды. Мұның бәрі менің иелігім! Мен үшін Қиямет те болмайтын сияқты. Қайдан білесің, тіпті, о дүниелік болып, Раббыма қайтқан соң бұдан да үлкен ырысқа кенеліп, пейіштік болармын?» – деп өзеурей түсті.

Қатрустың мына сөзін естіген бауыры оның әбден адасқанын түсінді. Сондықтан оны райынан қайтаруға тырысып: «Сен не деп тұрсың, бауырым? Сені топырақтан жаратып, адамға айналдырған, байлыққа кенелтіп, нығметіне бөлеген Иең – Аллаға қарсы шыққаның ба, бұл? Алла қалағанына байлық беріп, қалағанын кедей етеді. Өзіңнің малыңнан менің малымның аз екендігін айтып мақтанба! Алла қаласа, малымды да, жанымды да көбейтіп, өзімді жәннаттық етер. Ол жәннаттың бақшасы дүние бақшасынан әлдеқайда артық. Бауырым, Қартус! Шектен шығып, асып-таспа! Бұл сөзің үшін Алла тағаланың бақшаңа бір бәле жіберіп, жоқ етіп жіберуінен сақтан!», – дейді.

Әйтсе де, бауырының бұл сөзін тыңдауға Қатрустың мүлде құлқы жоқ еді. Бойын мақтаныш пен есірік кернеген ол теріс бұрылып кете барды.

Сол күні кеш түсіп, қараңғылық басып, бүкіл ауыл ұйқыға кеткен уақытта Қатрустың бақшасына Құдайдың зауалы төнді. Аяқ астынан ауылдың шетінен құйын көтеріліп, Қатрустың бақшасына бағыт алды. Ақырында кең алқапты қамтыған құтты бақша әп-сәтте қираған үйінділерге айналып шыға келді.

Ертесіне Қатрус күнделікті әдетінше үйінен шығып жан-жағына қарағанда гүл жайнаған бағын көре алмады. Оның орнындағы ойранды көріп есінен тана жаздады. Содан кейін барып бір апаттың болғанын түсінді. Өзінің кеше асыра сөйлегеніне өкініп, қос жұдырығымен басын тоқпақтай берді.

Раббысының нығметін мойындамай, асып-тасқан надан бай Қатрус өзінің терістігін осылайша кеш түсініп: «Сорым-ау! Раббыма серік қоспай, шүкірлік етсемші?!» – деп ойбайлаумен болды. Оны Алланың алапатынан құтқаратын ешбір жан болмады.

Даңқ пен абыройдан бір сәтте айырылған сорлы пенде сән-сал-танатты тіршіліктің көзден бір-ақ ұшқанын білді. Сосын бауырының насихат сөздерін есіне түсірді. Оның тілін алмағынына өкініп: «Мен тақыр кедейге айналдым! Балаларымның көптігі де еш пайда бермеді. Асыра сөз сөйлеп, Алланың ашу-ызасына қалдым. Уа, Раббым! Уа, Рахымдылардың Рахымдысы! Енді өзіңнен басқа құтқарушы жоқ», – деп қайғырумен болды.

Міне, Құранда баян етілген бұл оқиға шүкірсіздіктің соңы сор екенін ескертуде.

Пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген екен: «Алла тағала кімге бес нәрсені берсе, үстеме ретінде тағы да бес нәрсе береді:

1. Кімге шүкіршілік қасиет берсе, оның ризығын үстемелейді;

2. Кімге дұғагөйлік қасиет берсе, оның дұғасын қабыл етеді;

3. Кімге истиғфар – жарылқану тіленетін қасиет берсе, оған кешірім жасайды;

4. Кімге тәубешілік қасиет берсе, оның тәубесін қабыл алады;

5. Кімге садақа берушілік қасиет берсе, оның садақасын қабыл етеді».

Ендеше, Алла тағала бізді нығметтеріне шүкір ететін шүкіршіл пенделерінен етсін! Шүкірсіздіктен, күпірліктен сақтасын! Жасаған амалдарымызды, ғибадаттарымызды қабыл алсын! Әмин!

Тыныштықбай ЯХИЯҰЛЫ,

«Ислам және өркениет» газетінен

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: